Тараздық журналист Нұрадин Рақай екі апта тергеліп, соққыға жығылған (ВИДЕО)

6741
Adyrna.kz Telegram
Тараздық журналист Нұрадин Рақай тәртіпсіздік кезінде халықты сабырға шақырғаны үшін екі апта тергелген деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Ол туралы журналист фейсбуктегі парақшасында  былай деп жазды:

"Екі апта "айдауда" болған ғазиз басым әзер "ақталып" шықты. Жарты ай тергеліп, террорист емес екеніме тергегендер зорға көздері жетті. Тергелу тәсілінің несін айтайын? Кәдімгі орыстың криминальный киносындағы көрініс қой. Қуат брат айтып қойыпты. Қосып аларым жоқ. Еш өкінбеймін. Ел аузында "түсініксіз трагедия" аталып кеткен бұл оқиғаның тергелуін ортасынан көрдім қайта. Үрей, үркітуді менсіз- ақ мінсіз атқарып жатыр ғой...
Сәл қызығын айтайын. Менімен бірге телефоным да "тұтқындалды". Содан қызық... Әр чат, әр группа, әр сөзіңді ашып тексермей ма? Менде не болсын, ол жағынан уайым болған жоқ. Өйткені, ешкімді шақырғаным жоқ, қайта жан-жақтан уламай-шуламай, диалогқа келейік, уәжімізді хатқа түсіріп айтайық дегеніме жазықты болдым...".

Бұдан бөлек журналист жергілікті билік өкілдері оның соңына түскенін, соның салдарынан осындай жағдайға тап болғанын атап өтті.

"Жаппай қамау кезінде ырқына көнбеген, айдауына ермеген белсенділерді қаматудың, тұқыртудың тамаша сәтін тапқандай. Тергеу анықталмай жатып облыс әкімінің орынбасары әріптестерге енді Нұрадин көресіні көреді деп сәлемдеме жеткізгенін қалай түсінем? Ғимараты өртенген партия басшысы мені мысал етіп тілшілерді үрейлендіргеннен не ұтты? Кейін Президент нақақ жала жабылмасын, тергеу әділ өтсін деген сыңайда үндеу тастады ғой. Сол себеп болды ма, әйтеуір кейінгі күндері тергеу кішкене тергеуге ұқсады", —деп жазды ол парақшасында.

Нұрадин Рақайдың әріптестері оның тергелгеніне емес, соққыға жығылғанына қатты қынжылып, бұл заңға қайшы екенін айтып пікір білдіруде.

"Кеше Нұрадин Рақайға жағдайын білейін деп хабарластым. Жәй тергеліп жүрген болар деп терең мән бергенімізге өкініп қалдық. Күштік құрылымдар журналист әріптесімізді әбден соққыға жығыпты. “Бүйректен бүйрек қалмады, тіпті істемей қалды” дейді.

Бір үлкен отбасын асырап отырған адамды, қоғамда орны бар журналисті денсаулығынан айыру қылмыс деп айыптаймын. Мұндай жауыздыққа барған тергеушілерді дереу заң аясында қылмыстық жазаға тарту керек деп есептеймін.
Нұрадиннің ешқандай террорлық ұйымдарға, басбұзарлыққа қатысы жоқ екенін жақсы білемін. 1 курста Таразда бірге оқыдық. Содан бері жақсы танимын.
Абзал Құспан аға бастаған қоғамдық комиссия осы мәселеге де жіті назар аударса, құба-құп болар еді.
Журналист Нұрадин халықты қайта тәртіпке шақыруда. Президент Тоқаев қайта бейбіт митинг заңдылықтарын сақтаған азаматтарға алғыс айтқан жоқ па еді?" — деп жазды журналист Арман Әубәкір  фейсбуктегі парақшасында.
Айта кету керек, Нұрадин Рақай бұған дейін бірқатар телеарналарда меншікті тілші болды, сондай-ақ, Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі қызметін атқарды.
"Адырна" ұлттық порталы.
Пікірлер