2017 жылы 11 қазанда Сочиде өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мемлекет басшылары кеңесінің отырысында 2020 жылы Шымкент қаласы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) мәдени астанасы болып белгіленді.
Ал 2018 жылы 19 маусым күні ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шымкентке республикалық қала мәртебесін беру туралы Жарлыққа қол қойды. Сол күннен бастап 19 маусым Шымкентте қала күні болып бекітілген.
Айтулы мерекеге орай Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов шымкенттіктерді мерейлі мерекесімен құттықтады.
Құрметті шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары!
Сіздерді Қала күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи Жарлығымен Шымкентке республикалық қала статусы берілгеніне, міне, екі жыл толып отыр.
Осы бір қысқа мерзімде еліміздегі үшінші мегаполисті көркейту мен дамыту жолында ірі жобалар қолға алынып, нақты істер жүзеге асуда.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазір бізге Тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отыр» деген еді биылғы халыққа арнаған Жолдауында. Осы орайда Шымкент те өзінің даму динамикасында шын мәнінде сапалы сатыларға көтеріліп, заманауи инфрақұрылым қалыптасып, жаңа шағынаудандар, көрікті ғимараттар жыл санап көбейіп келе жатқанына өздеріңіз куәсіздер.
Биылғы жыл қазақ халқының рухани өмірінде аса маңызды орын алып отырғаны белгілі. Республика көлемінде екінші ұстаз Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық және хәкім Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы тойлануда. Оған қоса Шымкент қаласы үшін де айрықша маңызды оқиғаларға толы жыл. Шымкенттің 2200 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде атап өтіледі және біздің сүйікті қаламыз ТМД елдерінің мәдени астанасы мәртебесіне ие болып отыр.
Бұл — біз үшін зор қуаныш!
Мәдени астана мәртебесі Шымкентке бекер берілген жоқ.
Күн шуақты шаһарымыз – мейірімді, еңбекқор әрі талантты адамдар тұратын қала. Ол – жаңа ғасырдағы Қазақстан өнері мен мәдениетінің алтын бесігі.
Мереке аясындағы достастық мемлекеттері арасындағы бірлік пен ынтымақтастықты дамытуға серпін беріп, ұлттық мәдениет пен өнерімізді халықаралық деңгейде насихаттауға, Шымкенттің халықаралық аренадағы абыройы мен беделін арттыруға жол ашады.
«Шымкент – ТМД-ның мәдени астанасы» жылының ресми ашылуы наурыз айында өтуі тиіс еді. Алайда, әлемді жайлаған пандемияға байланысты мұндай ауқымды іс-шараны өткізуге тыйым салынды. Сол себепті салтанатты ашылу рәсімі де, мәдени іс-шаралар да онлайн режимде өтуде.
Қазіргі күрделі жағдайға қарамастан көне Шымкент қалашығы – Цитадельді қалпына келтіру жұмыстары жалғасын табуда. Ашық аспан астындағы бұл ғажайып музей қала тұрғындары мен қонақтарының зор қызығушылығын тудырады.
Қадірлі шымкенттіктер!
Біздің сүйікті Шымкентіміздің болашағы жарқын екеніне кәміл сенеміз!
Қазір қаламызды қауіпсіз әрі өмір сүруге жайлы ету мақсатында көптеген жұмыстар атқарылуда. Биыл үшінші мегаполисте көпқабатты 136 үй немесе 7 561 пәтер пайдалануға беріледі.
Қоғамдық көлік жүйесін толығымен жаңғырту басталды. 1 тамыздан бастап жаңа жүйе енгізіліп, жыл соңына дейін қалаға 590 автобус әкелінеді.
Шымкент әуежайында жаңа жолаушылар терминалы салынуда. Сондай-ақ, Конгресс-холл, амфитеатр, «Цитадель» музейі бой көтеруде. Теміржол вокзалы, орталық стадион, Шымкент мемлекеттік зообағы, дендросаябақ жаңыртылып жатыр. Қаланың негізгі су арнасы – Қошқар ата өзенінің бойы абаттандырылуда. Атшабар аумағында этноқалашық салу, 47 гектар жерге жаңа саябақ өсіру, Шымкент-Сити тұрғын алабында көпфункционалды спорт кешенін салу бойынша жұмыс жалғасын табуда.
Құрметті қала тұрғындары!
Қазақстандағы үшінші қаланың гүлденуі – шымкенттіктердің патриотизмі мен белсенділігіне байланысты. Туған жерге, шырайлы шаһарымызға жанашырлықпен қарап, қамқорлық таныту – перзенттік парызымыз.
Шымқаламыз көрікті, еліміз аман, аспанымыз ашық болсын!
Мұрат ӘЙТЕНОВ, Шымкент қаласының әкімі