Қазақстанның ең жоғарғы билігінің өзіндік сеніміне селкеу түскен секілді. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін тоқтатуы және осы лауазымды қызметке кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаевтың одан кейінгі әрекетінен байқалады.Одан қалса күні кеше Айсұлтан Назарбаев анасы Дариға мен билік элитасындағылардың магия мен нумеролог балшы-жорамалшылардың көмегіне жүгінетінін және оккульттық әдістерді қолданатынын айтқан болатын. Прагматикалық есепті қамдайтын саяси-экономикалық анализ бен рационал ойды былай ысырып қойып, әлдебір тылсым күштен көмек күтетін шарасыздықтың ауаны сезіледі.
Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбев өзінің президенттік доғарысын жариялаған мәлімдемесін ..19 жылдың 19 наурызының 19-00 сағатында жасауы, жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәуірдің 9-ында кезектен тыс президент сайлауын өткізу жөнінде шешімге келіп, сайлауды 9 маусымға белгілеуі де бекер емес. Қазақтың дәстүрлі ой-санасында «9» саны киелі саналады. Ақиқатында, цифрлар тізбегінен әлдебір заңдылықты іздеу нумерология сияқты ақылға сыйымсыз, өмірдегі, қоғамдағы, табиғаттағы өзгерістерге титімдей де қатысы жоқ, бірқұдайшыл сенімге жат эзотерикалық наным ғана. Мұның бәрі Ақиқаттың өлшемі мен оны танудың методологиясы болып табылатын ғылымға «бес қайнаса сорпасы қосылмайтын» нәрсе. Тіпті цифрлары мен шартты таңбалары сапырылысқан арифметика-математика пәні ғылым саналмайды, ол басқа ғылымдарды оқып-үйренудің құралы ғана. Сондықтан әлдебір цифрдан мазмұн іздеудің мәні жоқ, өзіңді немесе өзгені алдарқату екені анық.
Мистикамен астастып кеткен нумерология нанымы бірқұдайшыл діндерге де жабысқан. Мысал ретінде орта ғасырда иудаизм ішінде күш алып кеткен каббала нанымын атап өтуге болады. Мұның бәрі Ақиқат, Әділеттілік, Мейірімділік, Еркіндік сияқты адамзат құндылығының негізгі принциптік атауларын біріктіріп тұрған ұлы Жаратуышыға күмәндану, Соған балама іздеп серік қосу, Жаратушы құрып қойған заңдылықтарға бағынғысы келмеу, сол арқылы адамзатқа арнайы ерекшелеп Құдай сыйлаған ақылдың әлеуетін пайдаланбай, сананы әдейі лайлаудан басқа ештеңе емес.
Әлдебір күннің яки әлдебір түннің ерекше қасиеті жоғын бірқұдайшыл нанымға ақыл арқылы келген Ибрагим пайғамбар логикалық салыстыру әдісі бойынша әлдеқашан дәлелдеп кеткен. Сонықтан бүткіл ғаламның иесі ұлы Жаратушыдан емес, жаратылған нәрседен (Күн, Ай, адам, тас және т.б. жаратылыстардан) кие іздеп, одан қолдау табуға тырысу бекер іс.
Президенттік қызметіне кіресе сала Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтарға жоспарлаған жұмыс сапарын Түркістан және Маңғыстау облысынан бастады.
https://qazaquni.kz/2019/03/26/97568.html
Мифтік санаға шырмалған дәстүрлі қазақ қоғамы бұл өңірлерді киелі санайды. Осы түсінікті есепке алса керек, Қ.Тоқаев Қожа-Ахмет Яссауи кесенесіне тәу етіп, Бекет ата мен Шопан ата мешітіне бас сұғып, «бабалар рухына тағзым» етіпті.
Әрине, зайырлы мемлекеттердің конституцияларында да, бірқұдайшылдыққа шақыратын Киелі кітаптарда да әркімге наным-сенім еркіндігі берілген. Бірақ ғалымдар мен философтар Ахмет Яссауи мұрасының дінге – ислам діні принциптеріне сай келмейтіні, бұл «Диуани-хихмет» секілді бір-екі кітап жазған автордың рухани дағдарысқа тап болған кезеңдегі ішкі жан-дүниесіндегі психикалық ауытқу мен тебіреністен туған поэтикалық шығарма екені жөніндегі пікірін айтпай кетуге болмайды. Ортағасырлық өлең жазудың стилімен бірсарынды өрнектелген мұндай шығармадан адам өмірі мен қоғам дамуының бағытын айқындайтын ғылыми негіздеме табу мүмкін емес – шығарманың өн бойы сананы тұмшалайтын эзотерика мен мистикаға толы.
Ал Бекет атаның адам өміріне, қоғам дамуына қатысты көзқарастары мен ұстанымын анықтау мүмкін емес. Ол артында кітап қалдырмады, «Бекет ата осылай деп айтты» деген ұлағатты сөз де жоқ. Оның тұлғасы «құс сияқты әуелеп ұшты», «жүздеген шақырым қашықтықтағы оқиғаны сол мезетте үйінде отырып біліп отырды» дегенге саятын ақылға сиымсыз, әуейі аңыз-әпсаналар арқауымен ғана ұлықталған.
Дінтанушылар мен ғалымдардың пікірі бойынша, Маңғыстау өңіріндегі «360 әулиенің» қатарында аты аталатын Шопан атаның кім болғаны белгісіз. «360 әулие» түсінігі – бірқұдайшыл Мұхаммед пайғамбардың пәрменімен Мекке қаласында қиратылған пұт (тас) құдайлар идеологиясының сарқыншақ жұрнағы. Ислам тарихында жаһили замандағы араб тайпаларының түрлі материалдардан жан-жануарларға ұқсатып жасай салған саны 360 құдайы болғаны айтылады. Ислам дінінің қанат жаюымен сол құдайлардың идеологиялық наным-түсініктері Синай түбегіне қарай, кейін ол жерде де бірқұдайшыл ислам діні нанымына шыдас бере алмай шығысқа қарай ысырылып, Маңғыстау өңіріне ойысқаны жөнінде аргумент келтірілген. Сондықтан мұны да эзотерикалық түсінік пен мистикадан ажыратып алу мүмкін емес. Ондай нанымдарға илану сананы тұмшалап, өміріміз бен қоғам ретінде дамуымыз үшін ақылымызды қосып әрекет етуімізге кедергі жасайды.
Қоғамдық дамуға кедергі жасап отырған кемшіліктерді анықтау да, соны есепке ала отырып дұрыс жаңа бағыт алудың жолы білім мен ғылыми сараптамаларға негізделуі тиіс. Бұл ретте саналы әрекетті қамтамасыз етіп отыратын ақылдың тірегі деп жалғыз Жаратушыны тану маңызды, одан басқаға алаңдау, сену, сол жақтан көмек күту қоғам өмірінің сан қырлы саласындағы жағдайды шынайы бағалауға мүмкіндік бермейді. Саясаттағы болсын, экономика мен әлеуметтік саладағы жағдай болсын, оның қыр-сырын білу және сәйкесінше жоспар жасау, қажетті нәтижеге білім мен ғылым арқылы ғана жетуге болатынын естен шығармаған жөн. Сол үшін ұлы Жаратушы адамзатқа ақыл, сана берді…
Тұрарбек Құсайынов