Қазақ дастарханы - береке бастауы

1093
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Шымкентте қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктердің атсалысуымен дәстүрлі «Қазақ дастарханы» фестивалі өтті.

Этнос өкілдерін қоғамдық бастамаларға ұйыстыру арқылы мемлекет құраушы қазақ халқының маңайына топтастыру, ұлтымыздың қонақжайлық, сыйластық сынды игі дәстүрін дәріптеуді көздеген игі іс-шараға қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы, қалалық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі сынды қоғамдық құрылымдарының жетекшілері мен мүшелері, зиялы қауым, қалалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен белсенділері және БАҚ өкілдері қатысты.

Өткен жылдары ет асудан, қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеуден және ұлтымыздың ұмыт бола бастаған тағамдарын дайындаудан өзара сайысқа түскен этнос өкілдері биыл қазақ тағамдарынан дастархан жайып, қалың көпшіліктің назарына ұсынды. Ортақ қазанда ет асып, әр үстел басындағы қонақтарға түрлі ұлттық тағамдар мен табақ тарту арқылы қазақтың салт-дәстүрі мен дастархан мәдениетін меңгергенін жұртшылыққа паш етті.

Этнос өкілдерін бір арнаға ұйыстырып, маңызды құндылықтарды дәріптейтін фестивалдің мазмұнын тілге тиек еткен қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы аталған іс-шараның жалпыұлттық құндылықтарды өскелең ұрпақ жадында жаңғыртуға септесетінін айтты.

– Өткеніміз бен бүгінімізді салыстырған жанға бүгінгі іс-шараның мәнін ұғу аса қиын емес. Кеңестік дәуірде қазақ еліне жер аударылғандар алдыңғы буынның кең пейілі мен дархан дастарханының арқасында осы күнге аман-есен жетті.

Сыйластық, достық, қонақжайлық – бұл ұғымдар барша отандастарымыздың дүниетанымы мен өмір салтының негізінде жатыр. Осындай құндылықтардың арқасында біздің ортақ үйіміз – Қазақстанда бейбітшілік пен қоғамдық келісім сақталып отыр, деді Айгерім Жұмағұлова.

Дастархан басында бата берген қалалық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Орынбай Рахманбердиев «Қазақ дастарханы» фестивалінің мақсаты – ас ішіп, ыдыс босату емес. Бүгінде баршамыздың Қазақстан деп аталатын мемлекетте тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқанымызды жұртшылыққа жеткізу. Бір қазаннан ас ішіп, бір дастархан басында басқосып, өзара сыйластықпен, татулықпен тұрып жатқанымызды көрсетуді көздейтінін баса айтты.

Фестиваль барысында қалалық «Салт-дәстүр және әдет-ғұрып орталығының» мамандары ұлттық қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық тағамдары туралы жан-жақты мағлұмат берді.

Биыл аталған іс-шараға алғаш рет қатысқан қалалық «Ассамблея жастары»  ұйымының өкілі Нурали Гусейнов «Қазақ дастарханы» фестивалі көңілінен шыққанын айтты.

– Үлкен атам бізге қазақ халқына құрмет көрсету туралы жиі айтатын. Жер аударылып, Қазақстанға келгенде қазақтардың бауырына тартып, дастарханындағы нанымен, құртымен бөліскенімен көп еске алатын. Ішіп-жеуден қиналғанда қазақтардың үйіне шақырып, мата дастарханын ашқанда әрқайсымызға бір-бір құрттан немесе бір үзім наннан тиіп бақыттан басымыз айналатын дейтін.

Қазақ дастарханы – береке бастауы. Себебі, қаншама ұлт пен ұлысты демеп, қолындағы барымен бөлісу кез келген халықтың қолынан келе бермейді. Өз басым қазақ еліне, қазақ халқына, қазақ дастарханына және қазақтың кең пейіліне айтар алғысым шексіз, дейді Нурали Ахмадұлы.

Айта кетейік,  Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасы аясында қолға алынған «Қазақ дастарханы» фестивалі алғаш рет 2015 жылы Шымкентте қаласында бастау алған болатын. Жыл сайын түрлі форматта өтетін фестиваль қалалық ассамблеяның ұйытқы болуымен биыл тоғызыншы рет ұйымдастырылды.

Пікірлер