Бүгін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Германия Федеративтік Республикасының астанасы Берлин қаласында, еліміздің ұлы ақыны, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіштің ресми ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ескерткіштің ашылу рәсіміне Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Қазақстан Республикасының Германиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәурен Кәріпов қатысты.
Ақтоты Райымқұлова Германия халқы мен Үкіметіне еліміздің Абайға ескерткіш орнату жөніндегі ұсынысын қолдап, демеу көрсеткені үшін алғыс білдірді.
«Абай Құнанбайұлы мен Германия халқының ұлы ақыны Гете поэзиясы арасында таңғаларлық үндестікті байқамау мүмкін емес. Абай аудармасының арқасында біз Иоганн Гетенің біршама туындысымен етене таныстық. Соның бірі, әрі бірегейі хакім ана тілімізде сөйлеткен «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңі. Осылайша, Абай екі халықтың әдебиеті мен мәдениетін байланыстырушы берік көпірге айналды. Абай мен Гете секілді адамзаттың асыл ұлдарын ардақтау, олардың мұрасын, есімін асқақтату – сіз бен біздің парызымыз. Бүгін мазмұнды меймандостық дәстүрде өтіп жатқан іс-шара жоғарыда айтып өткен рухани байланысты нығайта береріне сенімім мол»,-деді Мәдениет және спорт министрі.
«Адырна» ұлттық порталы