Түбекте туризмді түлетуге мүмкіндік мол

5095
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан туризмі дегенде «ашық аспан астындағы мұражай» атанған Маңғыстау туризмі тасада қала алмайды. Өңірде қазір бұл бағытта біраз жұмыстар жасалынып, бірқатар бағыттар бағамдалды. Әйтсе де «туризмді түгендей алдық» деп тоқмейілсуге әлі ерте. «Сырт көз – сыншы» дегендей, болашағынан үлкен үміт күттірер өрелі жастардың бірі, түркітанушы, өлкетанушы Бекболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫМЕН Маңғыстау туризмі бағытында сұхбаттасқан едік. 

– Бекболат, сіз өңірдің өн бойы­на жиі сапарға шығып, зерттеп-зерделеп жүрген ізденуші ретінде түбекте туризмді қандай бағыттарда дамыта түсуге болады деп ойлайсыз?

– Иә, Маңғыстау облысының туристік әлеуетін бірнеше бағыт­тарда дамытуға болады. Оның бірі – классикалық туризм, яғни Каспий теңізі, қала арқылы деуге болады. Бірақ теңіз жер бетінде тек бізде ғана ма? Біз шетелдіктерді немен қызықтыра аламыз? Осы жағын ойлау керек. Біздің басқа өңірлерден айырмашылығымыз табиғи және тарихи, мәдени мұраларымыз – ескерткіштерімізді таныстыру мүмкіндігіміз. Мұны өңірдің өзіндік келбеті деуге болады. Сондай-ақ Маңғыстауда экотурзимді – өңірдің ландшафттық, эколо­гиялық ерекшеліктерін көрсетуге негізделген экологиялық туризмді дамытуға болады. Өңірде барынша қолайлы туризм түрі – этнотуризм. Аты айтып тұрғандай, бұл бағыттың да көкжиегі кең, яғни өңірдің қолөнері, этноауылдар, жалпы ұлттық ерекшеліктері деп түсінуге болады. Аталмыш ба­ғытта Адай жылқысын дамыту ісін, қолөнер мен зергерлікті, ауылдық жерлердің өзінде сиреп келе жатқан киіз басу, бау-басқұр тоқу, ши орау, текемет ою, атқа шабу, киіз үй, домбыра жасау, қам­шы өру, тағы басқа ұлттық салт-дәстүрлерді, өнер, еңбек, сәулет істерін қамтуға болады. Келесі туризм түрі табиғи, геологиялық нысандарды көрсету арқылы жүзеге асатын биотуризм десек, тағы бір бағыт ретінде кәсіпқойларға арналған экстремалды туризм бағытын айта аламыз. Маң­ғыстауда қазірдің өзінде авторалли өткізіліп келеді. Енді осыны кеңейтіп, су астына түсу, біздегі жал-жал құмдардың үстінде болу немесе парапландар арқылы Үстірт кемерлерінен секіру, өзге де әртүрлі табиғат жағдайында жа­рыстар ұйымдастыруға болады. Және геотуризм аса кең танымал болмағанмен, бұл көп­теген ғылым, әсіресе жаратылыс­тану ғылымдарында, кәсіби жиһан­герлерге қызықты дүние болар еді. Себебі бұл арқылы біз Маңғыс­таудың өзіндік гео­логиялық тұр­ғыдағы табиғи және геомор­фо­ло­гия­лық ланд­шафтық ерек­шелік­те­рін таныс­тыруға мүмкіндік аламыз.

– Сіздіңше туризмді дамытуда олқы түсіп, тасада қалып келе жатқан тұстар бар ма? Сондай-ақ, қазір киелі орындар басында туристер қаптап жүреді. Бұл зиярат па, туристік саяхат па? Мұның құқықтық реттелуі немесе қадағаланатын тәртібі бар ма?

– Маңғыстаудың тарихының өзін екіге бөлуге болады. Біріншісі – табиғат жасаған тарих, екіншісі – адамзат жасаған тарих. Екеуі бір-бірімен ұштасып жатады. Өлкенің табиғаты мен тарихын бөліп қарау қиын, екеуі бірге жүреді, көптеген оқиғалардың куәгері болған жерлер, табиғаттың соны туындылары – келушілерге ең бірінші қуана көрсететін және оларды сүйсіндіре ала­тын құндылықтарымыз. Қазіргі таңда жүргізіліп жатқан жұмыс­тарға қарап тасада қалып жат­қан тұстар жоқ деуге болатын шығар. Ал Маңғыстау туризмін дамыту, тіпті жарнамалау үшін көпшілікке мәлім немесе беймәлім деген ұғымдармен жұмыс істеу керек сияқты. Маңғыстаудың ескерт­кіштері біраз белгілі деп ойлаймыз, алдағы уақытта шетелдіктерді айтпағанда, қазақстандықтар үшін белгісіз болып келген орындарды, нысандарды таныта түсу қажет. Ал зиярат ету бұрын да болған, қазір де бар және болашақта да жойылып кететін дәстүр емес. Ол ин­фрақұрылымның болу-болмауына қарамай дамып жатқан бағыт. Дұрыс айтасыз, оның басқа да қырлары бар. Жұрт оны көпшілікпен өтетін туризм ретінде қабылдайды да, нысанның киелі орын екені ұмыт қалдырады, сол себептен адамдардың өзін-өзі ұстау тәртіптерінде олқылықтар кетіп жатады. Біз мұны дер кезінде қолға алып, тәртібі бойынша, арнайы нұсқаулығы бойынша қалыптастыруымыз керек және сол жерге баратын адамдар оны мінсіз орындау міндетін қою керек. Мысалы, Израиль, Иран елдерінің де туристерге көрсететін ескерткіштері, нысандары көп, бірақ келушілер ол жердің тәртібін қатаң сақтауы тиіс. Біздің елімізде де осы мәселелер ескерілгені дұрыс деп ойлаймыз. Жалпы, салада болашақта перспективасы бар жұмыстар көп. Мысалы, тарихи ескерткіштерді қазу-зерттеу жұмыстарында практика ретінде еліміздегі үлкен уни­верситтердегі археологиялық, архи­тектуралық саладағы студент­терді қатыстыруға болады. Бұл, біріншіден, жастардың өресін кеңейтуге, елін, жерін тануына, сүюіне ықпал етсе, екіншіден, ар­зан еңбек күші. Осылайша, бір-бірімен байланысты, бірін-бірі толықтырып тұратын жұмыстарды жасауға болады. Мұның бәрі түп­теп келгенде, эстетикалық ту­­ризм­ге алып келеді. Ғалым Серік­бол Қондыбай ағамызша айт­сақ, жердің болмысы, жердің тү­сінігі, тіпті жердің қасиеті адамды ерекше бір ойлау қабілетіне жетелеп, демалдыруға себі тиеді. Суретті, зергерлік бұйымды көр­генде адамның жаны рақаттанып, көзі қуанып, көңілі демалады ғой, сол секілді табиғаттың, жердің жауһарын көргенде адам жан-жақты демалады. Туризмде міндетті түрде «салулы төсек, сал­қын үй» дегендей жайлы жағ­дай жасау мақсат емес, шынайы табиғаттың өзін көру адамға ай­рық­ша рухани күш береді.

– Маңғыстаудағы туризмнің қазіргі ахуалы қай деңгейде деп ойлайсыз?

– Бұл сала әлі де толықтай конвейерлік бағытқа қойылмаған. Ішкі туризмді былай қойғанда, сырттан келетін туристердің санын санақта ұстап отыру өте қиын, олардың көбі әртүрлі жолмен ке­ле­ді, оларға көмектесетін, оларды тіркеп отыратын орталық жоқ жә­не облыс бойынша бі­рен-саран ға­на ішкі туризм ба­ғыты бойынша экскурсиялар ұйымдастыратын компаниялардың өзі аз, аз бол­ған­дықтан кейбір кездер­де бағалары көңілден шыға қой­майды. Көбі өзінің бағытын шет­елдіктермен байланыстырған соң бағасы қымбат болады, ол өз кезегінде туристерді алыстатуға әсер етеді. Шетелдіктің бәрі қалта­лы емес қой, қалталы болғанның өзінде әрнәрсенің өзінің шамасы, реті бар. Туристерді тасымалдау құны, бағытында әркелкілік бар және олардың қауіпсіздік жағы, оларға берілетін мағлұмат сияқ­ты дүниелер әркімнің жасаған еңбегіне әртүрлі болып келеді. Сондай-ақ салада ақпарат, яғни жарнама же­тіспейді. Кең таны­мал­дылық керек, қонақтарды күтіп алуда қо­лай­лылық керек. Жұмыс жасалмай жатыр деп те айтпаймыз, бірақ қанағаттанарлық деңгейде деп те айта алмаймыз. Ақпараттарды таратып, келген туристерді қадағалап, реттестіріп, оларға бағыт-бағдар беріп отыратын орталықтар қажет. Бұған дейін туристерді теңіз жағасындағы демалыс орындарына алып келген, теңіздің жылы болу маусымы әрі кетсе үш ай, одан әрі аспайды. Жалғыз «Кендірлі» – оның жылу орталығы көпшілікке арналмаған, ол тек «Өзенмұнайгаз» мұнайшыларына арналған. Ол жаққа жолдаманың сатылмайтыны да өкінішті. Екіншіден,  алыс. Келген туристің бәрі тек теңіз деп келмейді, олар тарихи-табиғи ескерткіштерді, эстетиканы, экзотиканы, осы жердің марсиандық пейзажын көріп, содан ләззат алу үшін де келеді. Дұрыс ұйымдастырылып, дұрыс сервистік қызмет көрсетілсе, қонақтардың да Қазақстан туралы ойы жақсы болады. Қандай бағыттағы, қандай пиғылдағы адамдар келіп отырғанын статис­тикалық тұрғыдан тіркеп, қада­ғалап отырудың еш айыбы жоқ. Қазір кім келіп, кім шығып жат­қанын есепке алу өте қиын. Та­рихи ескерткіштерге қол сұға­тындары бар шығар, темір іздейтін арнайы құралдармен жүретін адамдар бар екені де жасырын емес. Маңғыстау жерінде өмір сүрген ежелгі жануар­лар қал­дықтарының, басқа да баға жетпес құндылықтардың облыстан, тіпті елден шығып кетіп жат­­пасына кім кепіл? Туризмді да­мытамыз деп жүріп асылдарымыздан айырылып қалмасақ екен деген тілек қой біздікі. Туризмді дамытуға міндеттіміз, бірақ тәртіп жағын тасада қалдырмауымыз керек. «Ұшықтай сала «жазылдың ба?» деу­ге болмайтыны сияқты, бірте-бірте туризмнің кемелденген кезіне де жетерміз, бірақ оған дейін қауіп­сіз­дік, тәртіп мәселелерін ұмыт қал­дырмай, бірінші кезекте жол­ға қойып алуымыз керек деп ой­лаймын.


Әңгімелескен Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан», Маңғыстау облысы

Пікірлер