24 жасар Жәнібек жырау

3746
Adyrna.kz Telegram

Жырау деген – өнер иесіне берілер зор дəреже. Біздіңше – жыршы. Ал ол атты бар-жоғы 24 жасында иелену – зор деңгейдің көрінісі. Келісесіңдер ме? Біз жырақта туып-өскен қандасымыз Жəнібек Пиязовтың жетістігіне сүйсінудеміз. «О, Пиязов деген таныс қой?» дейсіңдер ме? Иə, біраз ай бұрын  (№46, 15 қараша, 2016 жыл) «24 жасында Қарақалпақстанның, 26 жасында Өзбекстанның Еңбек сіңірген əртісі атанған Жеңісбек» (www.zhasorken.kz) туралы жазғанбыз.

Жеңісбек əнші –Жəнібек жыршының туған ағасы. Қарақалпақ жерінде туып-өскен қазақтың ұлдары. Інісінің жетістігін ағасы арқылы естіп-білгенбіз. Алдағы уақытта ол бауырымызбен де танысармыз дегенбіз. Соның сəті түсті. Жеңісбек əнші Ташкентте тұрғанымен, інісі Нөкісте мекендейді. Жыршы жігіт «уақытымды ұрлайды» деп, əлеуметтік желілердің бірін де қолданбайды екен. Ал онымен байланысу бізге оңайға соқпады. Сонда да Алматы мен Нөкіс арасында бірнеше күн əңгімеден көпір орнаттық. Əншейінде сағаттап дастан жырлайтын жандар жай кезде сөзге шорқақ-ау. Десе де, ə дегеннен «Алматыдан хабарласып тұрсыз ба?» деп, ол да мəз болды. Желтоқсанда ғана Алматыға жыршылар концертіне келіп кеткен екен. Көңілі алып-ұшып тұр. Алайда, кей сұрағымызды аттап өтеді, шамасы, мақтануға жоқ. Өзінен гөрі əйгілі актер атасын, өнерпаз əке-шешесін, дарынды бауырларын айтып мақтанғысы келетіндей.

Сонымен, Жəнібек жырау деген кім екенін тани жүріңдер, ағайын.

Ұлан: Жəнібек, Қарақалпақстанның Халық жырауы атағына қашан, қалай ие болдыңыз?

Ж.Пиязов: Бұл атақты былтыр иелендім. Көптеген халықаралық жыршылар байқауының жеңімпазы атандым. «Алпамыс батыр», «Едіге батыр» сынды ұзақ дастандарды толық жатқа біліп, жырлай аламын. Ал бұл дастандарды толығымен үздіксіз жырлауға 16 сағат кетеді. Сол еңбектеріме орай осы зор дəреже берілді.

Ұлан: Қазақ ұғымында жырау ұғымы басқа, жыршы бөлек. Мəселен, сізді жыршы дер едік…

Ж.Пиязов: Рас айтасыз. Қазақ жерінде мені жыршы дейді. Ал Қарақалпақтар арасында қобыздың сүйемелдеуімен қисса-дастандарды, жыр-толғау, термелерді орындаушыларды жырау деп атайды. Тағы бір жыраулық шарт – көмейге салып орындай білу.

Ұлан: Пиязовтарды негізінен көпшілік актерлар мен əншілер əулеті деп таниды. Сіз дəстүрлі жыршылық өнерге қалай келдіңіз?

Ж.Пиязов: Атамның үлесі зор. Ол кісі кішкентайымнан театрларға, түрлі дəстүрлі кештерге ертіп баратын. Сонда елге мəшһүр жырауларды көріп, тыңдап, тамсанатынмын. Сөйтіп, мектеп жасынан қисса-дастан, қобызға жақын өстім. Жастайымнан тыңдап өскен жырауларым өмірден озды. Олардың орнын біздей жас жыраулар толықтырып келеді. Жырды үздіксіз 16 сағат жырлай аламын.

Ұлан: Сонда сіздерде жыршылар қатары көп пе?

Ж.Пиязов: Қазіргі таңда төрт қана жырау бармыз. Екеуінің жасы 40-тан асқан, қалған екеуінің бірі – өзім. Ал тағы бірі 20 жасар менің шəкіртім – Қияс Сұлтанов. Өзім 2004 жылдан бері жыраулар қатарына қадамдап қосылғанмын. Музыкалық колледжде халық жырауы Бақберген Сырымбетовтен тəлім алғанмын. Кейін Бердақ атындағы мемлекеттік университетте оқыдым. Мамандығым – қобызшы. Қазір Нөкістегі Есжан бақсы атындағы балаларға арналған №1 музыкалық мектепте оқытушымын. Жеті шəкіртім бар. Шəкірттеріме дастандардан қиссаларды айтуды үйретіп жүрмін.

Ұлан: Үздіксіз 16 сағаттық дастандарды жырлағаныңызды қай жерлерден тамашалауға болады?

Ж.Пиязов: Арнайы концерттерде қысқа қисса, толғау, термелерді орындаймыз. Ары кетсе жарты сағаттық өнер көрсетеміз. Ал 16 сағат бойы жырлағанымды телеарнаға арнайы түсіріп алған. Оны əр аптаға жарты сағаттан бөліп көрсеткен.

Ұлан: Той-томалақтарда қисса-дастан орындайтын дəстүрлеріңіз бар ма?

Ж.Пиязов: Бар. Мəселен, беташардың алдында көпшілік жыраулардан қисса-дастандарды орындап беруін сұрайды.

Ұлан: Сіздің орындауыңыздағы дастандардың ең көлемдісі мен ең қысқасы қанша сағат жырланады?

Ж.Пиязов: Дастандар көп-ақ. Ең ұзағын 24 сағат толғауға болады. Орындауымыздағы ең қысқа дастандарды 2-3 сағат жырлаймыз. Көбіне ыңғайға қарай қысқа қиссаларды орындап жүреміз. Мысалы, колледж аяқтарда міндетті түрде екісағаттық бір дастанды жырлап беруге тиістісің.

Ұлан: Ұзақ-сонар дастанды орындаудан бұрын, оны қалай жаттап алады деген сұрақ əркімнің көкейінде туындайды…

Ж.Пиязов: Дастандардың оқиғаларының қызықтығы сондай, мазмұнын білсең, ұмытпайсың. Бір хикаядан екіншісін жырлап отырып, уақыттың қалай сырғығанын байқамай да қаламын. Кейде арасында өз тарапымыздан сөз қосып айтуымыз мүмкін. Сосын дастандарды тыңдаушыға жақсы жеткізуде актерлік шеберлігің зор рөл ойнайды.

Ұлан: Дастандарды жырлауда əр жыршы өз қалауындағы мақамға сала бере ме?

Ж.Пиязов: Негізі, өз еркі. Сосын біраз жыраудың орындауындағы жырлар бізде жазылып қалдырылған. Соны қайталауға да болады. Дегенмен, əр жырау өз бетінше өнер көрсетеді.

Ұлан: Отбасыңызды айтсақ, ұлдарыңыз өсіп келеді екен…

Ж.Пиязов: Иə, 19 жасымда үйленгенмін. Əйелім де – қазақ. Аты – Ақмарал. Ол – медицина саласының маманы. Үлкен ұлым дүниеге келерде «Алпамыс батыр» дастанын жаттап жүргенмін, содан есімін Алпамыс қойдым. Екіншісі дүниеге келерде «Едіге батыр» дастанын жаттап жүргем, аты Едіге болды содан.

Ұлан: Бəрекелді! Өсе беріңіздер!

Пиязовтар әулетінің атасы  

Пиязовтар – Қарақалпақстандағы қазақтар арасындағы ең өнерлі, танымал əулет. Осы əулеттің атасы туралы бірер сөз айтып өтелік. Жеңісбек пен Жəнібектей дарынды ұлдардың атасы – Зейнел Пиязов. Ол кісі бүгінде өмірде жоқ, дегенмен өнерлінің өнегесі өлмек емес. Зейнел атамыз 1928 жылы Тақтакөпір ауданы Бөршітау ауылында дүниеге келген екен. Қазіргі Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік сазды театрында 1955-1995 жылдары аралығында үздіксіз 40 жыл қызмет еткен.

Театр сахнасында 70-тен аса образдар сомдаған, кең диапазонды əншілігімен танымал болған. Телеарна мен радиода да сатиралық бағдарламаларымен ел жадында қалған əртіс. Еңбектері бағаланып, Өзбекстанның Еңбек сіңірген əртісі, Қарақалпақстанның халық əртісі атақтарына ие болған.

9 перзент тəрбиелеп өсірген. Əзиза, Роза, Лиза, Марал Зейнелқыздары бүгінде əке жолын қуып, театр сахналарында өнер көрсетіп келеді. Лиза мен Марал Пиязовалар – Алматы театрларының өнерпаздары. Ал ұлы Бүркіттен туған немерелері – Жеңісбек пен Жəнібектің жетістіктері өз алдына.

Белгілі актер Зейнел Пиязов 2011 жылы 5 ақпанда дүниеден озды. Өнер иесінің рухына құрмет ретінде Нөкістегі үлкен көшенің біріне есімі берілген.


Қарлығаш ДОСАНОВА

«Ұлан», №3

17 қаңтар, 2017 жыл

Пікірлер