Коронавирус індеті қазіргі кезде халыққа аса қатер төндіріп тұрғаны көпшілікке аян. Тіпті карантин мерзімін бірнеше рет созуға тура келді. Соған қарамастан аталған вирус соңғы кезде тіпті қатты белең алуда. Бұл көбіне жұртшылықтың карантин режимдерін қатаң әрі дұрыс сақтамауынан болып отыр. Осыған байланысты дәрігерлер коронавирустың алдын алу жолдарын онлайн түсіндіруде.
Дәрігерлердің айтуынша, COVID-2019 респираторлы аурудың қоздырғышы болып табылады. Және бұл вирус тез таралатын аса жұқпалы дерт саналады.
- Вирустың алдын алудың бір жолы қолды үнемі сабынмен жуып және құрамында спирті бар заттармен сүрту. Бұлай ету алдымен қолда вирус болса, оны өлтіреді. Бөлмені күніне кеміне 3-4 рет желдетіп, ылғалды тазалық шараларын жүргізу керек. Сондай-ақ, қоғамдық орындарда адамдардан минимум 1,5 метр ара-қашықтықты сақтап және бетперде киюді ұмытпау керек. Себебі, респираторлы жұқпамен ауыратын адам жөтелгенде немесе түшкіргенде вирус бар майда тамшыларды айналасына таратады. Егер науқас адамның жанында болған адам, вирусты сол ауаны жұту арқылы жұқтыруы мүмкін, - дейді №6 қалалық емхананың бас дәрігері Гүлнар Кулбаева.
Маманның мәлімдеуінше, иммунитетті көтеру үшін ақуызы көп тағамдарға мән беру керек. Оларға тауық, жылқы еті мен балық жатады. Бұлардың сорпасының құрамында ақуыздар көп. Сол себепті атлған тағамдардың маңызы жоғары. Сонымен қатар иммунитетті көтеру үшін 30-40 пайызын ақуыздан құрасақ, енді қалған 50-60 пайызын көкөністер мен жеміс-жидектер арқылы қамтыған дұрыс болады. Жаз айларында алма, алмұрт, банан, құлпынай, қарақат, таңқурай, итмұрынды көбірек жеген жөн. Бұлар табиғи өнім болғандықтан, С витаминінің көзі.
Ал, №8 қалалық емхананың бас дәрігері Сара Оспанованың айтуынша, адамдар қолдарын үнемі сабынмен жуып жүрулері керек. Жуылмаған қолмен көзді, мұрынды және ауздың айналасын ұстамау қажет. Себебі, адамдар көптеген заттардың бетін қолдарымен ұстайды, ал онда вирус болуы мүмкін. Содан кейін көзді, мұрынды және аузды ұстағанда қолдағы вирустың ағзаға тарау қаупі бар. Сондай-ақ, дене қызуы жоғары, жөтел және тыныс алудың нашарлауы болса, үйде болып, аймақтық дәрігерге телефон арқылы байланысу керек. Ауруханаға барудың қажеті жоқ. Дәрігердің нұсқауын үй жағдайында орындаған жөн. 14 күн өзін-өзі оқшаулау қажет.
Дәрігер-инфекционист Гүлжан Жабикенова болса медициналық бетперде тағу қорғанудың бірден-бір жолы екенін айтады. Бетперде кейбір респираторлық аурулардың таралуын шектеуге мүмкіндік береді. Бетперденің де түрлері бар. 2,4,6 сағаттық бетперделер бар. Оларды да дұрыс пайдалану аса маңызды.
Сондай-ақ, жалпы дәрігерлердің ескертуі карантин кезінде көпшілік орындарда болмау, жеке тазалық гигиенасын сақтау, сауда орындарында, базарларда жүргенде антисептиктер қолданып, бетпердені үнемі жаныңнан тастамау басты талап болып отыр.
«COVID-2019 вирусының заттардың бетінде өмір сүру ұзақтығы әлі анықталмаған, бірақ алдын ала мәліметтер бойынша олардың тіршілік ету ұзақтығы бірнеше сағат болуы мүмкін. Сондықтан ауруға жол бермеу үшін қарапайым дезинфекциялаушы заттарды қолданып, карантин ережелерін бұлжытпай сақтау маңызды. Дүкен мен дәріханаға барамыз. Бұл нысандардың кассаларында кей жағдайда кезек болып жатады. Осы орайда ара қашықтықты сақтауға мән берген дұрыс. Үйден шыққанда бетпердені тағып, арнайы қолғап киіп, қолға антисептик алу қажет. Үйге кірген бойда қолымызды сабынмен жуамыз. Бөлмені күніне кеміне 3-4 рет желдеткен абзал»-дейді тұрғындар денсаулығына алаңдаған шымкенттік дәрігерлер.
Шымкент