Сахна сахабасы – 80 жаста

2689
Adyrna.kz Telegram

Бүгін өнердегі үлкен тұлғалардың бірі, театр тарланы, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәбит Оразбаев 80 жасқа толып отыр. Қазақ өнерінің қарашаңырағында 58 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан сахна сайыпқыраны жүзден артық роль ойнап, сахна шебері атанып, жылдармен бірге тұлғалық тұғырын бекіте түсті. Ұлттық, классикалық және заманауи драматургияның сахнадағы мық шегесі болып қалыптасты. Кешегі театр тарланбоздарының тәлімін алып, спектакльдерде серіктесі болды, енді міне, сол алыптар тобының соңғы тамшы сарқытындай өзінен кейінгі буынның ортасында мінезімен де, өнерімен де алабөтен дараланады. Сахнада тұрып қазақтың тілін, ғажайып сөзін көрерменінің жүрегіне жеткізе білді. Сол құнарлы сөз қазақтың рухын көтерді, мәдениетін асқақтатты. Топқа түсіп сөйлесе ағытылған шешен, қолына домбырасын алса арқаланған әнші, сегіз қырлы, бір сырлы толысқан тұлғаның бір бойында бұдан да басқа өнері жетіп артылады. Театр актерлері арасында поэзияны ерекше сүйетін де, қоңыр даусымен өлеңді нақышына келтіріп, майын тамыза оқитын да, құлақ құрышын қандырып, ескі жыр-толғаулардың ең мәйекті шумақтарын табан астында төгіп-төгіп салып, тамсандырып, тәнті ететін де – Сәбит Қоңырбайұлы. Жан-жағына шуағын шашып, өзін де, өзгені де жылытып жүретін «Сүйеу қарттың» сүйкімді келбеті жайлы өнердегі серіктері мен замандас бауырлары Ұлттық кітапханада өткен мерейтойлық кездесуде ақтарылып, кеңінен әңгімеледі.

С.Оразбаетың 80 жылдық мерейтойына орай өткен кездесуді кітапхана директоры Әлібек Асқаров жүргізіп, актердің азаматтық және шығармашылық қырына байланысты жылы естеліктер айтты. Кеш барысында деректі фильм көрсетіліп, әнмен шашу шашылды. Сәбит ағамыздың сонау бозбала шағынан бастап, бірге білім алып, өнерге бірдей қанат қаққан үзеңгілес әріптестері мен замандастарының жүрекжарды лебізін өздеріңізбен бөлісуді жөн көрдік.

Асанәлі Әшімов, КСРО халық артисі:

 Мен, Сәбит және Райымбек – үшеуміз жұбымыз жазылмайтын жолдас болдық. Бірге оқуға түстік, бірге жүрдік, театрға да бірге келдік. Үйленгенде бір-бірімізге күйеу жолдас болдық, балаларымыз дүниеге келгенде перзентханадан бірге шығарысып алдық, үй алғанда өзіміз баспаналы болғандай жүрегіміз жарыла бірге қуандық. Аналарымызды Алматыға көшіріп әкеліп, қолымызға алып, ақ батасын естідік. Алдымен Сәбит анасын алып келді, ол кісінің 80-ге жақындап қалған кезі екен, менің анам қырықтың үстіне жаңа шыққан шағы, ол кісіге қызындай болды. Сөйтіп біздің аналарымыз да тең құрбыдай бір-бірімен араласып кетті. Біздің басымыздағы болмашы жақсылыққа бірге қуанатын, қателігімізді естісе, бірдей қынжылатын. Біз осындай достар болдық. Сахнаға шығатын күні, спектакльге үш анамыз да қаздай тізіліп келіп, ойынымызға кірпік қақпай қарап отыратын. Киноға түсіп жүріп, сабақты молынан жіберіп алған мен, 3-курста оқудан шығып қалдым. Оқудан шыққан студент жатақханадан да, стипендиядан да айрылады. Сонда мен Сәбиттің бір бөлмелі жатақханасында анасы екеуімен жарты жыл бірге тұрдым. Анасы қас-қабағыма қарап, барын аузыма тосты, мені жақсы көрді. Міне, сол студент кезімізден, 16-17 жасымыздан бірге жүру, әр ойнаған роліміздің куәсі болу екінің біріне маңдайына жазылмаған тарихи жайт деп білемін.

Қалжыңым жарасқан, өнердің аламанында тізе қосып қатар шапқан Сәбит туралы айтарым көп. Досым туралы естеліктерім жазған кітабымда да бар. Әлі де жазармын. Өнерде тіресетін серіктесің мықты болса ғана, өсесің. Екеуі сонда ғана өседі. Сәбит, Райымбек, Есболған, Әнуар, Әзірбайжан, бәріміз бір топ болып, құйысқан түйістіріп қатар шаптық. Бір-бірімізді өсірдік. Біз Әзірбайжанның қойған спектакльдері арқылы өстік, бізбен бірге Әзірбайжанның өзі де өсті.

Өмірзақ Айтбаев, академик: 

Сәбит – менің замандасым. Ауылдан қара сирақ-сары сирақ кезімізден келіп, Алматы шаһарында танысып, табыстық. Сәбит пен Асанәлі өнерге кетті, мен ғылымға кеттім, бірақ байланысымызды үзбей, хабарласып тұрдық. Бұлардың әр қадамына қуанып, әр табысына мақтанып,  әр жетістігіне сыртынан сүйсініп жүрдім. Әлі күнге осылай. Сәбит 80 жасқа әдемі келді. Қазақтың абызы сияқты болып келді. Қазақтың тілін Сәбиттей меңгерген адам кемде-кем. Бойында қазақтың рухы бар. Сахнада тұрып саңқылдаған үнінен қанаттандық. Артист парызының орындалуы деген – осы.

Нүкетай Мышбаева, Қазақстанның халық артисі:

 Біз Сәбит екеуміз түйдей құрдаспыз. Құрдасым ғана емес, курстасым. Сәкеңмен 61 жылдан бірге келе жатырмын. Маңғаз, салмақты жігіт болды. Бір иығына фотоаппаратын, бір иығына домбырасын асып алып жүретін. «Ойбай,  мына Сәбиттің фотоаппараты бар екен, сұмдық бай жігіт шығар» деп ойлайтынбыз қыздар жағы. Ол заманда фотоаппарат дегеніңіз тым қат дүние, екінің бірінде бола бермейтін қымбат бұйым еді. Сөйтсек, қолында қарт анасы бар, өзі пәтерде тұрады, фотоаппарат оның күнкөрісінің бір көзі екен ғой. Содан институтты тәмамдап, Райымбек Сейтметов, Фарида Шәріпова, Матан Мұраталиев, Раушан Әуезбаева, Сәбит Оразбаев және мен, алты курстас М.Әуезов театрына жұмысқа қабылдандық. Көп спектакльде Сәбит екеуміз сахналас болдық. Сәбитпен ойнау оңай емес еді. Өресі де, өнері де биік екені білінетін. Грим бөлмесінің тұсынан қай уақытта өтіп бара жатсақ та, Сәбиттің ән айтып отыратынын еститінбіз. Домбырасын қолынан тастамады. Сәбит еңбекқорлығының арқасында қадір-қасиетін жоғалтпай абырой-беделге ие болған жігіт. Өз басым осыған риза боламын.

Есмұхан Обаев, Қазақстанның халық артисі, профессор: 

Сәбеңе таң қаламын. Танымайтын адамы жоқ және бұл кісіні танымайтын адам жоқ. Халықтың азаматы. Бақ қонған адам. Кәсібін таңдауда да, жар таңдауда да қателеспеген. Үйлесімге құрылған отбасысы әркімге үлгі. Балалары өнерге де, ғылымға да қызмет етіп жүр, ұрпағының алды шетелде тұрады. Соған қарамастан өте қарапайым жандар, үйіне кірерде табалдырықты «бісіміллә» деп аттауды ұмытпайды. Ниетіне қарай тамаша тағдыр кешті. Мәнді, сәнді, мағыналы. Осыдан артық бақыт бар ма адам үшін? Құдай осы бағынан айырмасын.

Ерлан Біләлов, М.Әуезов театрының директоры: 

Сәбит ағаның азаматтығын, адамгершілігін, парасат-пайымын әрқашан жоғары бағалаймын. Ерекше дарынымен, маңдай терімен, кісілік қадір-қасиетінің озықтығымен бүгінгі биігіне жетіп отырғаны кейінгі толқынға үлгі болса игі. «Балалар осы естеріңде болсын» деп, ниетті жақсылыққа бұрып жүруді, мейірбандықтан қол үзбеуді театрға бірінші келген күннен бастап үйретті. Ағамыздың айтқан осы бір ауыз жақсы сөзі күні бүгінге дейін жадымызда жаңғырып тұрады. Үлкенге ізетті, кішіге пейілді, ақыл-кеңесін биік парасатпен, асқан мәдениетпен айта білетін ағамызды неге абыз деп айтпасқа, бұл мінезін неге мақтан  тұтпасқа? Сәбит ағаның пікір-пайымы, түр-тұлғасы, өмірге көзқарасы, кірленбеген жүрегінің тазалығы әрдайым мені таң қалдырумен келеді. Ғибрат сыйлайды. Әңгімелессем, рахаттанамын. Ойынын көрсем, шабыттанамын. Сәбит ағаның бүгінгі мерейлі қуанышы – алты алаштың, қазақ өнерінің қуанышы.

Әшірбек Көпішев, «Өнер» баспасының директоры: 

Қасиетті Құранда: «Адамзат баласы, сенің тағдырың – пейіліңнен» деген сөз бар. Демек күллі адамзаттың да, оны құрайтын жеке адамның да тағдыры пейілге тәуелді екен. Асан Қайғы бабамыз:

Ей бөрілер, бөрілер,

Бөрімін деп жүрерлер.

Әрбіреудің баласы

Алтау болар, бес болар

Ішінде абаданы бір болар.

Абаданнан айрылса,

Әрбіреудің баласы

Әрбір итке жем болар,– дейді.

Осы өлеңнің өрінен толғасақ, «Абадан қанша қалды, тарландардың соңғы тұяғынан кім қалды?» деген сұрақ туады. Үркер жұлдыздың алғашқы шамшырағы Серағаңдар, Қаллеки, Қапандар көшкеннен кейін алыптар тобының іргесі сетінеп, орта ойсырап қалғандай болғаны рас. Сол шақталып қалған шағын ортада жүрген Асанәлі аға, Сәбит аға, Нүкетай апай, Есмұхан ағаларды бағалап, қасиетіне жетіп отырмыз ба деген ойдың және туатыны бар. Сөз өнерін қуып Алматыға оқу іздеп келгенімізде Алма Қыраубаева, Нұрлан Оразалин, Ұлықпан Асылов, Алдан Смайылов, Әлібек Тауасаров сынды курстас қыз-жігіттер стипендиямыздан жырымдап билет алып, М.Әуезов атындағы академтеатрға спектакль көруге барамыз. Сахнаға жасын секілді жарқ-жұрқ етіп Асанәлі аға, Сәбит аға, Ыдырыс аға, Райымбек ағалар  шыққан кезде бөлек әлемге енгендей естен танып отырушы едік.

Университеттегі грамматикадан бастап, әлемдік әдебиеттің теориясын оқып жүрген біз театрға келіп тиянақталғандай болушы едік. Биыл театрдың 90 жылдығы, Сәбит Оразбаевтың 80 жылдығы, екеуінің де тарихы мен қалыптасу кезеңінен сыр шертетін альбомын шығаруға «Өнер» баспасы дайын. Оның ішінде Сәбеңнің сонау 1950 жылдардан бергі түсірген фотосуреттері де топтастырылады.

Адамзат өмір сүрер ізгі арманнан

Болмаса, не іздейді бұл жалғаннан?

Байлықтың, батырлықтың бәрі опасыз,

Айырылма, жалғыз хақтан үлгі алғаннан.

Сәбит ағалар – шын өнерге берілген сахабалар. Өнер, сахна сахабалары. Алла тағала ағамызды ақ пейіліне орап, халықтың алақанында ұстап жүре берсін!


Дайындаған Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ

Пікірлер