Қазақтың «тегі» деген сөзі – бүгінгінің гені немесе заманауи отбасы

5557
Adyrna.kz Telegram

Қазақ бар жерде – қазақтың отбасы да болады. Немесе бүгінгі отбасы мәселесі туралы айтқанда, шүкірімізден «қауіпіміздің» басым болатыны қалай? Ағайын арасының суй бастауы, туыстықтың жып-жылы қарым-қатынасы үзілудің алдында тұруы нені көрсетеді? Әулеттік, туыстық сезімдерге не себепті селкеу түсе бастаған? Ер мен әйелдің арасындағы көрінбес жіптің жіңішкере түсуі – бүгінгі қоғамның кемшілігі ме, отбасы ұғымының арзандауынан ба? Отбасы деген ұғымды ер мен әйел жұбының одағы деп қана түсіну дұрыс па? Расында да, неке бұзу, дәстүрден аттау, бала санының аздығы – бүгінгінің басты сауалы болып тұрғаны жасырын емес. Ендеше Қазақты сақтағымыз келсе, қазақтың отбасын сақтап қалу – күн тәртібіндегі басты мәселе екенін мойындап жүрміз бе? Ұлттың ертеңін өмірге әкеліп, алақанында мәпелеп, бесігінде тербетіп, тәрбиелейтін ұрпақ өкілдері – біздер қай жерде қате бастық екен?..

Мамандардың сөзіне сенсек, бүгінгі Қазақстанда төрт миллионнан аса отбасы бар.
«Отбасы – шағын мемлекет…». Елімізде қаншама шағын мемлекет барын өзіңіз ойлап көріңіз енді. Сол «ша­ғын мемлекеттердің» рухани-әлеу­меттік жағдайының жай-күйін ой еле­гінен тағы бір өткізіп алыңыз. Бұлай деуіміздің себебі, отбасы мәселесін зерт­­теп жүрген кез келген сала ғалым­дарының сөзіне құлақ ассаңыз, заманауи отбасының дағдарыста тұрғанын мәселе қылып көтереді. Және бұл Қазақ­станға ғана тән құбылыс емес. Заманауи отбасының жай-күйі қазір көптеген елде талқы­ланып жатқаны біз айтпай-ақ белгілі. Бұл жағына терең­демей-ақ қоялық.
Отбасы құлдыраса не тұр, ең әуелі адам, қоғам аман болсын деуге де болар еді. Олай айтсақ, қатты қателесетін түріміз бар.
Қоғамның бастауы – отбасы деген пікірмен келіспейтін жан жоқ шығар. Адамзаттың дамуында отбасының қо­мақты рөлін жоққа шығару тіптен ұят. Ол аз десеңіз, сіз бен біз өмір сүріп отыр­ған қоғамның қалыптасуына үлкен сер­пін берген де осы отбасы екенін ма­ман­дардың өзі мойындайды.
Міне, осы әлеуметтік институтты жоғалтар болсақ, не боларын болжаудың өзі қиын. Бұлай қауіп айтуымыздың себебі – отбасы әлеуметтік институт ретінде құлдырап, өз рөлінен алшақтап барады. Бұл да біздің сөз емес. Маман­дардың ескертуі.
Ең әуелі, отбасы институты деген не? Қарапайым ғана сөзбен түсіндірсек, Жер бетінде мемлекет, білім, армия, ке­рек десеңіз, нарықтық қарым-қа­ты­настар пайда болмай-тұрып-ақ, ең ал­ғашқы болып құрылған, адамзаттық қоғамның қалыптасуына, дамуына үлкен ықпал еткен ежелгі әлеуметтік институт – отбасы деп аталады.

Көңілімізге медеу болатыны – 2009 жылғы жалпыхалықтық санақ нәти­же­сіне сенсек, 1999 жылғымен салыс­тыр­ғанда отбасылардың саны 13,8%-ға өс­кен екен. Өкініштісі, отбасындағы ор­­таша адам саны 3,5 адамға қыс­қарған.
ҚР Статистика агенттігінің ақпара­тында «Екі адамнан тұратын отбасы – 30,1%, үш адамнан құралған отбасы – 26,7%, төрт адамнан құралған отбасы – 22,2%. Бес адамнан құралған отбасы бар болғаны – 11,7%, алты адамнан құралған отбасы – 5,6%, жеті адамнан құралған отбасы – 1,9%. 8 – 10 адамнан құралған отбасының мөлшері тіптен аз, бар болғаны – 0,2%» екені көрсетілген.

Бүгінгі күннің ағымы қоғамдағы отбасының рөлiн өзгертіп қана қоймай, отбасының қызмет аясын, сипатын, мазмұнын да өзгеріске ұшыратқан. Қазір ата-аналардың қызмет аясы отбасылық шаруашылықты жүргiзумен ғана шектелiп отырған шаңырақтар кездеседі. Тәрбие негізінен балабақша, білім беру мекемелерінің шаруасы дейтіндер де бар. Ол аз десеңіз, БАҚ арқылы кең көлемде насихатталып жатқан шетелдiк мәдениеттiң әсерін қосып қойыңыз. Өмірдің шындығын ата-анасынан естіп, отбасынан көрмеген бала теледидарға сенбегенде қайтпек?
Міне, осы себептерге байланысты отбасы деген ұғымның өзі «заманына орай» өзгеріске түскен, «түзету мен толықтырулар» енгізілген. Бір ғана мысал, осы күні ажырасу мен толық емес отбасы – қалыпты дүние есебінде қарастырыла береді. «Бұрынырақта…» деп алысқа көз жүгіртпей-ақ қоялық, біздің бала күнімізде ауылда бірлі-жарым ажырасу оқиғаларын көзбен көргеніміз рас, бірақ ол өте бір ұят нәрсе секілді болып көрінетін. «Ажырасу» де­ген сөз, сыбырлап қана айтылатын. Осы күні ше? «Бұлай жүре берсең, жынданып кетерсің» деп, қызымды үйге әкеліп алдым»… «Кім ажыраспай жатыр дейсің, ең әуелі жан амандығы керек»… «Ішіме сиған балам, сыртыма да сияды»… «Ары кетсе қызы қайтып келді дер», «Күйеуге тимей жүрген қыз көп, со­ның біреуін қайта ала саларсың»… Қазіргілер дауысын анық шығарып, нығырлап айтады. Дауысты қойшы, «ажырасу – ұят» деген сезімді айтсаңыз­шы.
Жалғызілікті отбасы мүшесіне біздің қоғамның еті үйренген. Әкесіз өсуге бейімделген бала да бар. Әйел өзінің ұлын, не қызын жалғыз өзі дүниеге әке­ліп (некесіз), асырап бағуы (ажырасу) ұят саналмайды. Қазақта «шеше көрген тон пішер» деген сөз бар. Мұндай тәрбие көрген қыз баланың болашақтағы әдеп-қылығының қандай болмағын айтып жату артықтық етер. Ал жалғызілікті әйел­дің перзенті ұл бала болса ше? Күн­дер­дің күнінде ол бала ержетіп, шаңырақ көтергісі келмей ме? Ал қазақта – «келін қайын ененің топырағынан». Яғни, бала өз анасына ұқсас әйел алса, ол келін де жалғыз өмір сүргісі келмесіне кім кепіл? Әрине, сөзіміз шындыққа сәйкес кел­меуі де мүмкін… Дініміз ажырасуға мүл­дем болмайды демейді. Мұсыл­ман­дықта ерекше бір жағдайларда, ты­ғы­рықтан шығар басқа жол қалмаған­да ажырасуға рұқсат берілген. Үлкен себеп­тердің кесірінен шаңырағын шайқалтып алған жүрегі жаралы жандардың жан жара­сын тырнағымыз келмейді. Біздің тілге тиек етіп отырған себеп­теріміз басқа.
Бүгінгі қоғамда әйелдердің өзім­шілдігі байқалады. Себебі, заманауи әйел ер-азаматпен бір деңгейде жұмыс істеп, кіріс кіргізуге қабілетті. Бұл әйелді қаржылық, әлеуметтік тұрғыдан тәуелсіз ете түспек. Нарық заңы да – осы. Ер-азаматтардың да мәселесі оңып тұрғаны шамалы: «Қыз – табылады!»… Міне, осындай өзімшілдік меңдеген қоғамда ер мен әйелдің бір-бірін түсініп, бір-бірінің ығына жығылып, айтқанына көнуі, бір-бірінің сөзіне құлақ асуы, отбасы мүшелерінің ортақ шаңырақ астында бірігуі жылы қарым-қатынас орнатуы – күрделі мәселеге айналып кеткендей. Нарықтық қаты­нас­­тар да баланы өмірге әкеле бергенше, мансап қуу керек екенін айтады. Ал демографтар ата-ана дәнекері – бала саны азай­ғанын мәселе қылып көтеруде. Егер осы бір мәселенің шешімін қазірден тап­пасақ, болашақ қазақ үшін отбасы – өз құндылығын жоғалтып қана қоймай, ұлттық көбеміздің сөгілуіне де түрткі болары сөзсіз.
Оның үстіне, адамның жан басына шаққанда ажырасу көрсеткіші ең жоғар­ғы үш ел байырғы посткеңестік мем­лекет­тер: Ресей, Белорусия, Украина екенін естен шығармаған жөн. Иә, тегі өзге болса да, дәл осы мемлекеттермен біз бір идеология аясында өмір кеш­кенбіз. Жетпіс жыл бойы болашақты бірге жоспарлағанбыз. Мұны да естен шығармаған абзал.

Өткен ғасырдың 50 жылдары Қазақ­станда некеге тұрған 100 жұптың біреуі ғана ажырасқан екен. Одан бері неке бұзу әдеті көбеймесе, кемімегені белгілі: 1960 жылдары 30 отбасының – біреуі; 1970 жылдары әрбір алты отбасының бірі; 1980 төрт отбасының бірі; ал 1990 жылдары үш отбасының бірі ажырасып тынғанын мамандар дерек қылады.

Неге ажырасады? Себеп көп. Әлеу­меттік, экономикалық, пікір алуан­ды­ғы… «Үй-жоқ, күй жоқ, тұрақты кіріс көзі жоқ, сосын ажырасып кеттім» дей­тін себеп айтатындар көп. Бірақ ажы­рас­қан­нан қалтасына алтын-күміс сауылдап құйылып жатқанын тағы бай­­­қамадық.Яғни,біздіңше, әлеу­­­­­меттік-экономикалық жағдайдың нашарлығы неке бұзу фактісінің айқын бір себебі емес. Тіпті, аузынан ақ май ақтарылып жатқан Батыс елдерін мысалға алайық­шы. Қайта «тамағы тоқтық, көйлегі көктік» – ажырасудың басты көрсеткіші ме деген ойға қаласың.
Қандай себеп айтсақ та, бүгінгі жас­тар ажырасудан үрікпейтінін атап көрсеткіміз келеді. Ажырасқан деген сөз қазір қорлық емес. Жәй, «көлігін сатып жіберіп, басқа көлік алғалы жүр екен» деген сияқты. (Мұншама сұрықсыз салыстырма жасағанымыз үшін, отбасын үлкен құндылық ретінде бағалай­тындардан кешірім сұраймыз). Жастар отбасын жоғалтып алудан қорықпайды, себебі отбасын қайта-қайта құра беруге болады ғой. Өзімшілдіктің бастауы осы. Рухани кедейленген, өзімшілдігі асқынған адам ғұмыр бойы өзін бір ғана адамға байлап қойғысы жоқ, оған ғұмыр бойы адал болып өтті дегенге қазір ешкім сенбейді.
Ажырасудың бір себебі – маскү­нем­дік пен нашақорлық деседі. Статис­ти­калық мәліметтерге жүгінсек, отбасы­ның шырқы дәл осы себеппен көбірек бұ­зыла­тын көрінеді. Әлеуметтік жағдай­дың нашарлығы (баспананың болмауы) – 41%, жас жұбайлардың отбасылық өмірге әлі де болса дайын болмауы – 31%, тұрмыстық жағдайының төмендігі – 29%, туыстар арасындағы түсініс­пеушілік – 18%, нәрестенің болмауы – 10%…
Әйтеуір, ажырасудың себебі көп, ажыраспаудың себебі жоқ.
Түсіну, сыйластық, жақсы көру – бүгінгі қоғам үшін алыстап бара жат­қандай көрінеді.


Қарагөз Сімәділ.

Құбығұл Жарықбаев, 
педагогика және психология ғылымдарының докторы, 
профессор:

«Бала қазақша тәрбиеленуі тиіс»

Әуелі, мәңгүрт туралы. Оның тоқсан тоғыз түрі бар. Олардың ішін­де қазақ деуге арланамын дейтіндері де табылады. Анатомиясы қазақ, психологиясы орыс. Екі мәңгүрт қосылып, үшінші мәңгүртті өмірге әкеліп жатыр. Қазіргілері, әйтеуір, тым сыпайы: «Сіздер бізді кешіріңіз­дер, әйелім де, өзім де қазақша біл­мейміз, сондықтан баламызды орысша мектепке бердік», – деп ақталатын болыпты. Телефонмен қазақ таныс­тарыма хабарласып, хал-жағдайын білейін деп «ассалау­ма­ғалайкум» десем, орысша тіл қата­ды.
Ұлттық тәрбие жоқ жерде, қазақ­тың салт-дәстүрі ұмытылған уақытта отбасында бала тәрбиесі ұлттық негізде қалай жүргізілсін? Мұндай отбасыдан шыққан азаматтан біз қандай қазақы ұстанымды талап ете­міз? Бағзы қазақы отбасындағы түсініктерді, әдеп-ибаны олар қайдан білсін?
Бағзы қазақтың лексиконынан ажырап барамыз. Мәселен, бір ғана төрт түлік малдың қазақ арасында қаншама атауы болған. Қазақы тамырымыздан ажырамадым, нағыз қа­зақпын деп кеуде соғатын­дары­мыздың өзі әлгі атауды толық біл­мейміз. Ал, осыдан бірнеше ғасыр өмір кешкен біздің ата-бабаларымыз ол сөздерді білген еді. Мен мұны неге айтып отырмын? Біз ұлттық психологиядан ажырап барамыз. Ажырамауымыз керек. Ажырадық екен, бүгінгі қазақ қоғамынан, отбасынан қазақылықты іздеп, несіне жанталасамыз? Сондықтан отбасы болсын, басқа болсын, қазаққа тән мәселені қозғағанда, ол мәселелердің себебін ең әуелі, ұлттың жанынан, психологиясынан іздеу керек дер едім. Шешімді де сол ұлттық психологияны сақтап қалудан таба аламыз.

Бақытжан БЕКМАНОВ, 
Жалпы генетика және цитология 
институты директорының орынбасары:

«Отбасындағы тәрбиенің гендік жүйеге әсері бар»

Отбасындағы тәрбиенің гендік жүйеге тікелей әсері болмаса да жанама әсері бары сөзсіз. Сол үшін отбасындағы жақсы тәрбиені, құндылықтарды біз жоғалтпауға тырысуымыз керек.
Қазақстанда адамның мінез-құлқына байланысты ғылыми зерттеу жұмыстары мүлдем жоқ. Сондықтан да бұл жайлы дәйекті тұжырымдамалар айту өте қиын. Бірақ шетел ғалымдарының еңбектерін сарала­сақ, ақпарат жетерлік. Мысалы, адамдағы агрес­сиялылық (әсіресе жасөспірімдерде) организмде серотонин гормоны немесе А-моноаминооксидаза ферментінің деңгейін бақылайтын гендердегі мутацияға (өзгеріске) тікелей байланысты екені анықталған. Лондон қаласындағы Патшалық колледж ғалымдары кейбір қылмыскер-жасөспірімдерде осы гендер барын анықтаған. Яғни организмде А-моноаминооксидаза ферментінің жетіспеушілігі оның қоғамда өзін-өзі агрессиялы түрде ұстауына себеп болады екен. Осындай қызықты мәліметтер көптеп саналады. Қайталап айтайын, қазақ гені жүйелі түрде әлі зерттелмеген. Гендердің тек белгілі бір ауруларға қаншалықты деңгейде қатысы бар, сол жағы ғана зерттелген.
Меніңше, қазіргі қазақ баласының мінез-құлқының қалыптасуында отбасылық тәрбие басымдау болуы керек. Сондықтан да біз, яғни әр қазақ отбасы осыған баса назар аудару қажет деп ойлаймын.
Қазақтағы жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі қазірдің өзінде сақталған. Бұл дәстүрді шетелдің беделді ғалымдары да өте үлкен құндылық деп бағалайды. Өйткені адам организміндегі көптеген гендік мутациялар (өзгерістер) осы туыс аралық немесе қандас некелер арасында туындайды, яғни гендік мутациялардың көріну жиілігі осы некелер арасында артады. Бұл ғылыми тұрғыдан дәлелденген тұжырымдама. Атамыз қазақ осындай жағдайларды ерте заманда байқаған, жеті атаға дейін қыз алуға тыйым салып отырған.

Енді отбасындағы құндылықтарға келетін болсақ, ол әрине шаңырақтан бастау алады. Отбасынан басталған тәрбие бертін келе баланың санасына әсер етіп, одан болашақта елін сүйетін патриот тұлға өседі. Енді осы баланың санасының сыртқы орта тәрбиесін дұрыс қабыл­дауына, толассыз ақпараттарды басында өңдеуіне, яғни ненің жаман, ненің жақсы екенін дұрыс ажырату қабілет­тілігіне де ген әсер ететіні анықталған. Сондықтан да отбасында көптеген жылдар бойы қалыптасқан қандай да болмасын ерекшеліктер гендік қорға тікелей болмаса да жанама әсер ететіні сөзсіз. Мысалы, жалпы ұлт деңгейінде қарайтын болсаңыз, қазақ халқында отбасында бала тәрбиелеуде баланың ісіне тосқауыл қойып отыру бар. Оны жасырмаймыз. Ол баланың санасында қабілетсіздікті, жасқаншақтықты тудырады, яғни «ол нәрсені мен істей алмаймын» деген балада сенімсіздік пайда болады. Әрине, бұл балаға толық еркіндік бер деген сөз емес, басқалай, бала­ның бетінен қақпай отырып, ойын есебінде санасын, зейінін басқа жаққа бұру арқылы тәрбиелеу керек. Көп адамның мұндай тәсілге шыдамы жетпейді. Жапон елінің бала тәр­биесінде 5-6 жасқа дейін баланың бетінен қақпау қалып­тасқан. Яғни осы уақыт аралығында балада болашақ тұлғаға лайық мінез қалыптасады деп саналады. Осы жерде баланы ойын арқылы санасын басқа жаққа бұру тәсілі қолданылады. Ал ары қарай 15 жасқа дейін балаға деген талаптар күшейеді. Бала 15 жастан кейін үлкендермен бірдей жағдайда қарым-қатынаста болады. Көптеген әдебиеттер осы Жапон елінің тәрбиесін үлгі етіп жазады.

Баланың тәрбиесі негізінен отбасыдан басталатыны бәрімізге белгілі. Баланың миы кәдімгі ақ парақ сияқты тап-таза, яғни онда көп ақпараттар әлі жазылмаған. Баланың келешекте жақсы адам болуына сыртқы орта факторлары, оның ішінде, негізгісі – тәрбиенің алатын орны зор. Сонымен қатар, адамдағы мінез-құлықтың және сол адамның жеке тұлға болып қалыптасуына геннің де әсері мол. Қазақ халқында мынадай сөз тіркестері бар: «… тегіне қарап …» немесе « … тегі мықты …», тағы сол сияқты. Яғни бұл жерде «тегі» деген сөз ғылыми тілде айтқанда – «гені» деген сөз. Қазіргі кездегі көптеген ғылыми еңбектер арқылы тұлғаның қалыптасуына гендік жүйелер және сыртқы орта факторларының бірдей әсер ететіні анықталған. Адамның мінез-құлқының және психикасының қалыптасуына әсер ететін гендер қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұрса, онда ол адамнан шоқтығы биік тұлға қалыптасатыны сөзсіз.

Рамазан САЛЫҚЖАНОВ,
әлеуметтанушы,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ әлеуметтану кафедрасының доценті:

«Қоғамдағы өзімшілдік дерті – отбасындағы бала санының аздығынан»

Отбасы құндылық ретінде әрқашан, әртүрлі бір басымдыққа ие болған. Мысалы, осыдан 25-30 жыл бұрын жүргізілген әлеуметтік зерттеулерде «Сіз үшін не құнды?» деген сұрақтың жауабы ретінде жастар «Бірінші кезекте – Отан, екінші – махаббат, үшінші – отбасы, бала» дейтін. Ал енді 2000 жылдың ортасынан бастап бұл иерархияда үлкен өзгерістер пайда болды. Жастар «Алғашқы орында – материалдық жағдай, екінші – мансап, үшінші – білім алу» деп, отбасы, бала деген құндылықтар тоғызыншы, оныншы орындарға ысырылып қалды. Демек, бұл соңғы 25-30 жыл ішінде құндылықтар жүйесінде күрделі бір өзгерістер болғанын көрсетеді.
Отбасын құру, отбасында өмір сүру адамнан үлкен ептілікті, көрегенділікті, шыдамдылықты талап етеді. Ал бүгінгі жастардың, отау құрып жатқандардың көбі бір үйдің мәпелеп өсірген жалғыз-жарым ұл-қыздары. Бір отбасында ерке өскен балалар өзге біреумен жарасып, тіл табысса да, уақыт өте келе оны тұрақты қарым-қатынасқа айналдыра алмайды. Соның кесірінен кеше ғана сүйдім-күйдім деп қосылған екі жас бір-бірімен ажырасып жатады. Өйткені өзара түсіністік, түсінуге тырысушылық, шыдам, кешірім жоқ. Қиын-қыстау кезде бір-біріне қолдау көрсетуге дағдыланбаған. Мен жоғарыда атап өткен сезімдерді жастардың бойынан неге аз кездестіреміз? Мұны бір ғана мысалмен түсіндіріп өтейін. Кезінде бір отбасында кемі 5-6 бала өскен. Олар бір-бірін сүйреп, бірі-бірінің киімін ауыстырып киіп, біреуіне-біреуі қолдау көрсетіп, үлкен дастархан басында бір таба нанды бөліп жеп, ержеткен еді. Әлі есімде, менің құрдастарымның көбі өз бауырларының тамағын беріп, ойнататын, сабағын бірге қарасатын, себебі әке-шеше жұмыста жүрді.
Қазіргі балалар ше? Өзіне ғана қарайды. Киімі, тамағы, ойыны – өзі үшін ғана. Себебі, ол жалғыз. Бүгінгі қоғамдағы өзімшілдік дерті – отбасындағы бала санының аздығынан деп білемін. Ол бала егоист болып өседі. Ержеткеннен кейін сол егоист қалпында қала береді. Біреудің сөзін, қылығын көтермейді. Біреуді түсінуге тырыспайды.
– Отбасындағы әке рөлі туралы не ойлайсыз?
– Жалпы әйел мен еркек тең ғой. Бірақ әлеуметтік тұрғыдан басшы болуы тиіс. Мемлекеттің басшысы болады, отбасыға да басшысы керек. Ол басшы қалыптасқан дәстүріміз бойынша, әлеуметтік мәртебесіне қарай, материалдық қосатын үлесі бойынша қазақта бас адам – әке болып саналады.


 

 

Пікірлер