Атырауда бет-жүзін тұмшалаған бірнеше бойжеткеннің Қазақстан туын өзгертілген нұсқада ұстаған фотосы әлеуметтік желіде тарап, қоғамның қызу талқысына түсті. Тудың жоғарғы бөлігіне арабша жазу мен қылыш бейнесі қосылған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Оқиға Атыраудағы Хиуаз Доспанова атындағы Мұз сарайында болған болуы мүмкін. Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, суретке түскен төрт күдікті анықталып, олар полиция бөлімшесіне жеткізілген. Олардың екеуі – жасөспірім.
"Әлеуметтік желіде тараған жазба бойынша «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» бабымен қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жасөспірімдерден жауап алу ата-анасының қатысуымен жүргізілуде. Тергеу мүддесіне сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды," – делінген полиция хабарламасында.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін ұлттық киімдер мен ұлттық болмыс туралы пікір білдірген болатын.
"Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе, әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі ұлттық киім – бұл біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек," – деген еді Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қорлау қылмыстық жауапкершілікке тартылатын әрекет болып саналады. Тергеу нәтижелері бойынша нақты шешім қабылданбақ.