Ақтаудағы 19-шағын ауданда қоқыс жәшіктері жер астына түсіп кеткен, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Lada.kz сайтына сілтеме жасап.
Мердігер компанияға қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу міндеттелді.
Оқиға "Рахат-2" тұрғын үй кешені аумағында болған. Тұрғындардың айтуынша, толассыз жауын-шашын салдарынан топырақты су шайып, жаңадан орнатылған жерасты қоқыс контейнерлері жерге түсіп кеткен.
"Бұл – материал сапасына мүлде немқұрайлы қараудың белгісі. Алғашқы жауын-шашында-ақ ақаулар анықталды," – дейді көпқабатты үйдің тұрғындары.
Ақтау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, бұл мәселемен ТКШ бөлімі айналысып жатыр. Өз кезегінде, олар мердігер ұйымға барлығын бастапқы қалпына келтіруді тапсырған.
Қазіргі уақытта оқиға орнында қоршаулар қойылған. Шенеуніктердің айтуынша, қалпына келтіру жұмыстары ауа райы тұрақтанғаннан кейін жүргізіледі.
Әзірге мердігер ұйымның атауы жарияланған жоқ. Сонымен қатар, аталған урналар мен жұмыстарға қанша қаражат бөлінгені белгісіз.