Болгарияның София қаласында өтіп жатқан бокстан Странджа кубогында қазақстандық спортшы Махмұд Сабырхан жарыстан шеттетілді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
54 келі салмақта сынға түсуі тиіс болған Сабырхан бүгін Косово елінің өкілі Башким Байокуға қарсы жекпе-жек өткізу керек еді. Алайда дәрігерлер боксшыға шаршы алаңға шығуға рұқсат бермеді.
"Боксшы тағамдық инфекция жұқтырған. Оған 3 наурызға дейін жарыстарға қатысуға тыйым салынады", – деп жазылған медициналық анықтамада.
Айта кетейік, Странджа халықаралық турнирі – әлемдегі ең беделді додалардың бірі саналады және "кіші әлем чемпионаты" мәртебесіне ие. Кеше Қазақстан ұлттық құрамасының 4 боксшысы жарысты ерте аяқтады. Бүгін рингке 18 қазақстандық боксшы шығады.