Депутат TikTok-қа шектеу қоюды ұсынды

1095
Adyrna.kz Telegram

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында TikTok платформасының жастарға зиянды әсерін ескере отырып, оған шектеу қою немесе бақылауды күшейту мәселесін көтерді.

Оның айтуынша, бүгінде балалардың негізгі ақпарат көзі – әлеуметтік желілер. TikTok-тың жасөспірімдер арасында кең таралуы олардың психологиялық, әлеуметтік және академиялық дамуына кері әсерін тигізуде. Ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерден алшақтатып, жастарды теріс әрекеттерге жетелейтін мазмұндардың көбеюі алаңдаушылық туғызады.

Депутат TikTok-тың Қазақстанда үлкен танымалдыққа ие болғанын атап өтті. Бүгінде бұл платформада 14,1 миллион қазақстандық тіркелген, ал оның негізгі пайдаланушылары – балалар мен жасөспірімдер. Алайда, мұнда пайдасынан зияны басым контенттердің еркін таралып жатқаны белгілі. Олардың қатарында порнография, суицидке шақыру, діни экстремизм, құмар ойындарды жарнамалау, әдепсіз әрекеттерді көрсету, боқауыз сөздер, буллинг және тыйым салынған заттарды насихаттау сынды теріс мазмұндағы материалдар бар. Жастардың мұндай ақпараттарға еріксіз ұшырап, олардың ықпалына түсуі ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізуде.

Депутат TikTok-тағы түрлі челлендждер мен трендтердің зияндылығына да назар аударды. Мысалы, «Мысық серуені» деп аталатын челлендж мән-мағынасы жоқ әрекеттерді насихаттап, 500 миллионнан астам қаралым жинаған. Сонымен қатар, жас қыздарды әдепсіз қылықтарға баулитын видеолар, билер мен түрлі әдеттерді үйрететін контенттер қарқынды түрде таралып жатыр. Соның салдарынан жас буын ұлттық құндылықтардан ажырап, әлеуметтік желіде көргенін қайталап, тәрбиесіздікке бой алдырып жатыр. TikTok-ты шамадан тыс қолдану жасөспірімдердің психикасына кері әсерін тигізіп қана қоймай, олардың уақытын өнімсіз өткізуіне әкелуде. Ал дәрігерлер телефонға телмірген балалардың арасында кейінгі бес жылда көз аурулары күрт көбейгенін алға тартады.

Бұл мәселені көптеген елдер шешу жолдарын қарастырып, белгілі бір шаралар қабылдап үлгерді. Қытайдың өзінде TikTok платформасы балалар үшін уақыт лимитімен шектелсе, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері бұл желіге толық немесе ішінара тыйым салды. Франция үкіметі жасөспірімдердің интернетке қолжетімділігін заңнамалық деңгейде реттеп, ал Австралия 16 жасқа дейінгі балаларға TikTok қолдануға заңмен шектеу енгізді. Еуропалық Одақ, Канада, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия сияқты мемлекеттер де 2023 жылы балалар қауіпсіздігіне байланысты тиісті шаралар қабылдады.

Осыны ескере отырып, депутат Үкіметке екі негізгі ұсыныс жолдады. Біріншісі – TikTok-тағы ұлттық құндылықтарға, әдепке және дәстүрімізге қайшы келетін, балалардың санасын улайтын контентке қатаң шектеу қою. Екіншісі – TikTok-ты кәмелеттік жасқа толмаған балалардың пайдалануына тыйым салу немесе қатаң шектеулер енгізу мәселесін қарастыру. Депутат осы мәселе бойынша Үкіметтен заңда көрсетілген мерзім ішінде нақты жауап беруді талап етті.

Пікірлер