НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте Еуропа елдерін қорғанысқа жұмсалатын шығындарды арттыруға және соғысқа дайындалуға шақырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Ол бұл мәлімдемені Bild газетіне берген сұхбатында айтқан.
Рютте Берлинді әскери өнеркәсіп пен қорғаныс саласына көбірек қаражат жұмсауға және өндірісті арттыруға үндеді. Оның айтуынша, бұл мәселе алдағы айларда көптеген еуропалық елдерде қызу талқыланатын болады.
"Мен сіздерге ашық айтайын, біз соғысқа дайындалуымыз керек. Бұл – соғыстың алдын алудың ең тиімді жолы," – деді Рютте.
Бұған дейін америкалық тележүргізуші Такер Карлсон НАТО-ның қазіргі уақытта өз маңыздылығын жоғалтқанын мәлімдеген еді. Ол бұл әскери альянстың бастапқыда КСРО-ны тежеу үшін құрылғанын, алайда содан бері 35 жыл өткенін атап өтті.
Сонымен қатар, Карлсон НАТО-ның басты мақсаты бейбітшілікті сақтау болғанымен, қазір Еуропада соңғы 80 жылдағы ең ірі соғыс жүріп жатқанын айтып, альянстың тиімділігіне күмән келтірді.