"Қазақмыс" жұмысшыларының ереуілі. Министрлік жұмысшыларды еңбек заңнамасын бұзды деп айыптады

182
Adyrna.kz Telegram
Фото: inbusiness.kz
Фото: inbusiness.kz

17-18 желтоқсан күндері "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС-нің "Жезқазғантүстімет" өндірістік бірлестігінің бірнеше шахтасында жұмысшылар жалақыны көтеруді талап етіп, жұмысын тоқтатты. Ереуілге қатысушылар бастапқыда жалақыны 30%-ға көтеруді сұраса, кейін бұл талапты 100%-ға дейін арттырған. Министрлік жұмысшылардың бұл әрекетін "еңбек заңнамасын бұзу" деп бағалады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

"Қазақмыс" басшылығы жұмысшыларға жалақыны көтерудің екі нұсқасын ұсынған.

“Жалақыға келер болсақ, жұмыс беруші 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап көтерудің екі нұсқасын ұсынды. Біріншісі, 8,5%-ға индекстеу және өндірістік жоспарды орындағаны үшін 50 АЕК мөлшерінде қосымша төрт тоқсандық сыйлықақы (2025 жылы – тоқсан сайын 196 мың теңге) беріледі. Екіншісі, жалақыны 15,6%-ға индекстеу”, – деп мәлімдеді “Қазақмыс”.

Дегенмен, бұл ұсыныстар ереуілге шыққан жұмысшыларды қанағаттандырмады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, жұмысшылар талаптарын заңда көрсетілген тәртіппен жұмыс берушіге ресми түрде ұсынбаған және мәселені татуластыру комиссиясында қарамастан өндірістік процесті тоқтатқан. Министрлік бұл жағдай еңбек заңнамасын бұзу деп бағалады.

"Қазақмыс" компаниясы ереуілге шыққан жұмысшыларды жұмысты қайта жалғастыруға және мәселені құқықтық тәртіпте шешуге шақырды. Сонымен қатар, заңнаманы сақтамау тәртіптік жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті. Жұмысшылар талаптары орындалмайынша наразылықтарын жалғастыратынын мәлімдеді. Олар жалақыны екі есеге арттыруды талап етіп отыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тараптарды татуластыру рәсімдерін тек құқықтық шеңберде жүргізуге шақырды. Министрлік жұмысшыларға талаптарын белгіленген тәртіп бойынша талқылауды ұсынды.

Пікірлер