Ауғанстан министрі Кабулдағы лаңкестік әрекеттен қаза тапты

124
Adyrna.kz Telegram
Фото: fergana.agency
Фото: fergana.agency

Талибандар үкіметінің босқындар және репатриация істері бойынша министрінің міндетін атқарушы Халил Рахман Хаккани Кабулда жарылыс салдарынан қаза тапты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл ақпаратты «Талибан» қозғалысының ресми өкілі Забихулла Мужахид растады.

Бір деректер бойынша жарылыс босқындар істері министрлігінің аумағында болған, ал басқа мәліметтерге сәйкес, мешітте болған. Хакканимен бірге тағы үш адам қайтыс болды.

БАҚ мәліметтерінде қаза тапқандар оның оққағарлары деп көрсетілген.

Айта кетейік, 58 жастағы Халил Рахман Хаккани 2021 жылғы 7 қыркүйектен бастап босқындар істері министрінің міндетін атқарушы болып келген. Ол «Хаккани желісінің» негізін қалаушы Джалалуддин Хакканидің бауыры және қазіргі желінің басшысы әрі «Талибанның» ішкі істер министрі Сираджуддин Хакканидің ағасы еді. Оның отбасы ұзақ уақыт бойы «Талибанның» операциялары мен стратегиясында орталық рөл атқарып келген.

2011 жылы АҚШ Қаржы министрлігі Халил Хакканиді жаһандық қауіпті террористердің (SDGT) тізіміне қосқан. Оған Ауғанстан мен Пәкістандағы «Аль-Каида» атынан әрекет жасағаны үшін айып тағылған. АҚШ үкіметі Хакканиді тұтқындауға әкелетін ақпарат үшін 5 миллион доллар сыйақы жариялаған.

Пікірлер