Халқымыздың рухани байлығы терең мәдени, тарихи және философиялық негіздерге ие. Бұл рухани мұра қазақтың сан ғасырлар бойы жинақтаған өмірлік тәжірибесі, дүниетанымы және құндылықтары арқылы қалыптасқан.
Адамгершілік пен этикалық қағидалар
Рухани құндылық – адамның ішкі жан дүниесі мен қоғам арасындағы қатынасын реттейтін, тәрбие мен мәдениеттің негізін құрайтын маңызды ұғымдар. Нағыз қазақтың бойынан табылар, сырт көзге қазақ екенімізді айқындап тұратын негізгі рухани құндылықтарға нені жатқызамыз?
Тәуелсіздік пен еркіндікке деген құштарлық. Қазақ халқының тарихы азаттық пен тәуелсіздік үшін күреске толы. Елдің рухани құндылықтары арасында еркіндікке, бостандыққа деген ұмтылыс ерекше орын алады. Бұл қасиет ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық менталитеттің басты элементтерінің бірі.
Адалдық пен әділдік. Қазақ қоғамында адалдық пен әділдік жоғары бағаланады. Кез келген іс-әрекетте әділеттілікке ұмтылу, әділ сөз айту және адал еңбек ету – қазақ халқының рухани дүниесінде маңызды орын алған.
Қонақжайлылық. Қазақтар қонақжайлылықты ерекше құндылық ретінде бағалаған. Қонақты құрметтеу, оны жоғары мәртебеде ұстау және оған бар жағдайды жасау – қазақ халқының басты рухани дәстүрлерінің бірі.
Үлкенді құрметтеу. Қазақ қоғамында үлкендерді сыйлау, олардың айтқан сөзін құптап, ақылына құлақ асу – басты рухани құндылықтардың бірі. «Қариясы бар елдің – қазынасы бар» деген мақал қазақ халқының үлкендерді құрметтеу дәстүрін көрсетеді.
Ұлттық бірлік пен ынтымақ. Қазақ халқының тарихында бірлік пен ынтымақ – ұлттың аман қалуының кепілі болған. Бірлік пен татулық – халықтың рухани тірегі және ұлттық санасының басты құндылығы.
Тіл мен әдебиет
Қазақ тілі — рухани байлықтың басты көзі. Ол халықтың ой-санасын, дүниетанымын жеткізудің құралы. Ауыз әдебиеті, соның ішінде жырлар, мақал-мәтелдер, батырлар жырлары, ертегілер мен аңыздар арқылы қазақ халқының рухани қазынасы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келген. Ұлы ақын-жазушылардың, оның ішінде Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Махамбет Өтемісұлы сынды тұлғалардың шығармалары халықтың рухани әлемін байытқан.
Салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы
Халқымыздың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан ұлттық мәдениетіміздің айқын көріністері. Олар адамның өмірінің әрбір кезеңімен байланысты болады: туылғаннан бастап қартайғанға дейінгі барлық өмір белестерін қамтиды.
Туыстық дәстүрлер. Қазақ қоғамында туыстық байланыстар ерекше орын алады. Туыстық қатынастарды сақтау, жақын-жуықтарға қамқор болу, ру аралық ынтымақтастық – қазақ қоғамының негізін құрайды. Мысалы:
- Шілдехана – нәресте дүниеге келгеннен кейін өткізілетін алғашқы той.
- Балаға ат қою – жаңа туылған сәбиге ат қою дәстүрі, әдетте бұл жоралғыны құрметті қариялар немесе туыстар жасайды.
- Бесікке салу – сәбиді бесікке салу рәсімі. Бесік қазақ қоғамында сәбиді өсірудің маңызды элементі болып саналады.
- Тұсау кесер – сәбидің алғашқы қадамдарын жасаған кезде өткізілетін салтанатты рәсім.
Үйлену және отбасылық дәстүрлер. Шынында, қазақ халқы үшін отбасы деген – қасиетті ұғым, ал үйлену – үлкен өмірге аттанудың маңызды кезеңі. Үйлену тойлары бірнеше кезеңдерден тұрады:
- Құда түсу – екі жақтың келісімге келіп, құда болу рәсімі. Бұл дәстүр бойынша болашақ құдалар бір-біріне құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасайды.
- Қалыңмал – үйлену алдында күйеу жігіттің қалыңдықтың отбасына беретін сыйлығы.
- Беташар – жаңа түскен келіннің бетін ашу рәсімі. Бұл салтта жас келіннің жаңа отбасымен танысуы мен оларға құрмет көрсетуі басты орын алады.
Музыка мен өнер
Қазақтың күй өнері, жыраулық дәстүр, әншілік мәдениеті — рухани қазынаның ажырамас бөлігі. Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Біржан сал, Ақан сері сынды ұлы өнер иелері халықтың рухын көтеріп, дәстүрлі өнерді жаңғыртып, ұрпақтарға жеткізді. Домбыра, қобыз, сыбызғы сынды музыкалық аспаптар халықтың ішкі әлемін, табиғатқа және өмірге деген көзқарасын жеткізу құралы болды. Әлі де солай жалғасып келеді!
Қазақ халқының рухани құндылықтары мен әдет-ғұрыптары – елдің мәдениеті мен руханиятының алтын қазығы. Бұл құндылықтар ұлттың бірегейлігін сақтап қана қоймай, оның мәдени мұрасын келешек ұрпаққа жеткізуге негіз болады!
Айгүл Мұратқызы
Адырна ұлттық порталы