BAIQONYR-2024: Экрандық диалог

1202
Adyrna.kz Telegram

Жаһандық және отандық заманауи кинематографтың дамуы барысында  кинофестивальдер маңызды рөлге ие. Кинофестиваль – киногерлердің, кинотанушылар мен сыншылардың және кино сүйер көрермендердің назарын аудара отырып, жаңа фильмдерді насихаттауға және таратуға мүмкіндік береді.

Кино өнерінің көркемдік деңгейін, киногерлердің кәсіби тұрғыдан іздену бағытын зерделеп, бүгінгі экранның басты кейіпкерін көріп, жаңа шығармашылық есімдерді танытуда кинофестивальдерді ұйымдастыру әрі оған қатысу – уақыт талабы. Соңғы жылдары еліміздегі ауқымды кинофестивальдер қозғалысы дәстүрлі түрде өткізілуін бәсеңдетті. Көптеген фестивальдер жабылып та қалды. Бүгінде кинофестивальдер тұрақтылығы – республикалық деңгейдегі назар аударатын үлкен мәселе. Десе де, соңғы тоғыз жыл қатарынан үздіксіз тұрақты өткізіліп келе жатқан «Baiqonyr» қысқа метрлі фильмдер фестивалін ерекше атап өтуіміз шарт. Республика деңгейінде өз жұмысын бастаған өнер додасы бүгінде Халықаралық деңгейге көтеріліп, фестиваль аясында кинотанушылар мен киносыншылардың Халықаралық форумы ұйымдастырылуда. Форум аясында Қазақстан және ТМД елдерінің жетекші кинотанушылары мен киносыншыларының дөңгелек үстелдері, шеберлік сағаттары мен авторлық дәрістері өткізіледі.

Әнуар Кенжібаевтың жетекшілігімен өткізіліп келе жатқан тәуелсіз «Baiqonyr» Халықаралық қысқа метрлі фильмдер фестивалі отандық кино өнерін ілгерілету әрі шет ел киногерлерінің ел мәдениеті мен өнеріне қызығушылығын арттыру жолында батыл қадамдарға барып отыр. Мәселен:

  •  киноөндірісті дамыту, яғни киноөндірістің кәсіби мамандары – режиссер, продюсер, оператор, актер және басқа да қатысушылар үшін кездесу алаңын қамтамасыз ету; 
  • жас таланттар мен тәуелсіз фильмдерді қолдау арқылы тырнақалды туындыларды кең аудиторияға насихаттап, кино әлеміне алғашқы қадам жасайтын тұғырға айналу; 
  • мәдени әртүрлілікті ілгерілету мақсатында мәдениетаралық диалог пен түсіністікке ықпал ете отырып, түрлі елдер мен мәдениеттерді, құндылықтар мен салтты фильмдер арқылы көрсету;  
  • жаңа фильмдер арқылы тың мәдени көзқарастар мен тәжірибелерді ашу;
  • жаңа байланыстар мен болашақ жобаларға мүмкіндіктер құруға жағдай жасау;
  • кино өнерінің сыни рефлексиясы және талқылануын жүзеге асыру үшін киносыншылар мен көрермендер фильмдерді талдай отырып, өз пікірлерін білдіретін және өмір мен мәдениеттің маңызды аспектілері туралы қоғамдық пікірді қалыптастыратын ортаға айналды.

Әр жыл сайын өтінім берушілер қатары көбейіп, сәйкесінше фестиваль көрерменнің рухани жетілуі жолында талғам таразысы мен сана деңгейін өсіретін, ой сала отырып ойландыратын, түрлі тақырыптар арқылы толғандыратын үздік туындыларды назарға ұсынып келеді. 

Алатаудың баурайы Алматы шаһарында үстіміздегі жылдың қыркүйек айының 3-8 күндері аралығында кезекті IX «Baiqonyr» Халықаралық фильмдер фестивалі өтеді. Бұл кино сүйер қауым үшін қуанышты шара, киногерлер үшін асыға күтетін мереке, ұйымдастырушылар үшін республиканың мәдени иммиджін қалыптастырудағы жауапты жоба екені анық. Биылғы фестиваль форматы өзгеше. Халықаралық және ұлттық конкурсқа қатысатын қысқа метрлі фильмдерден тыс толық метрлі көркемсуретті дебюттік фильмдер көрермен назарына ұсынылады: «Қате 404» (Т.Абылкасымов, Қырғызстан), «Қарлығаш» (М.Мұхамеджан, Ресей-Қазақстан), «Су баласы» (Ф.Фаиз, Тәжікстан), «Жарық» (А.Коломеец, Ресей).     

Фестивальдің шымылдығы режиссер Кенжебек Шайқақовтың «Айқай» туындысымен түріледі.

Биылғы жылы фестивальге ұсынылған 570 фильмнің 34-і байқау бағдарламасына қатысуға іріктелді. Оның ішінде: ұлттық – 14, халықаралық – 16 туынды. Іріктелген үздіктердің кино тілі арқылы көтерген тақырыбы, режиссерлік ой, идеясы мен мазмұны тұрғысынынан шолу жасап өтелік.

Махаббатсыз дүние бос...

Махаббат – бұл адам болмысының экзистенциалы, маңызды құрамдас бөлігі. Адамның адамға деген іңкәрлігін, нәзік сезім иірімдерін жеткізу жолындағы тазалықты, сұлулықты, қарапайымдылықты шынайы көрсете білу кез келген режиссердің қолынан келе бермейді. Көрерменнің кейіпкер  болмысымен біте қайнап, фильмнің соңғы секундына дейін оның жүрек дүрсілін сездірту – үлкен шеберлік. Махаббат уақытты, жасты, орынды, адамды, жағдайды талғамайды һәм таңдамайды. Түрлі жағдайға байланысты махаббат тақырыбын әр түрлі қырларынан көрсете білген «Ромео» (Тыныстан Темыржан, Қырғызстан), «Галька» (Лариса Лигай, Өзбекстан), «Өшіру» (Гагик Мадоян, Армения), «Отыз минут» (Иван Соснин, Ресей), «Ымырттағы қоңырау» (Саадат Казакбаев, Қырғызстан), «Мені жақсы көр» (Эльдор Кудратилаев, Өзбекстан), «Көрімдік» (Әлімжан Алмұхан, Қазақстан), «Әке, ұл және жылқы» (Шарифбек Закир, Қазақстан) сынды фильмдер көрерменді бей-жай қалдырмайды. Бұл туындыларда мектеп қабырғасындағы махаббат, егде жастағы махаббат, ананың балаға, баланың анаға деген қамқорлық махаббаты, көңілі, қиялдағы махаббат, махаббатына қол жеткізу үшін жасалған түрлі кедергілер мен тосын жағдайларға төтеп берудегі күші мен жігері, ішкі рухы баяндалады.

Тастама мені... 

Бүгінгі қоғамдағы басты мәселе, орын алып жатқан келеңсіздіктердің бірі – бейкүнә балдырғандардың баянсыз ғұмыры. Дүние есігін ашқан әрбір сәби ата-ана махаббатын көріп, отбасы жылуын сезінуге толық құқылы. Алайда, заманның ағымына қарай ма, жоқ адамның азғындалуына орай ма, қаншама шарананы жарық дүние есігін ашпай тұрып зор бақытсыздық күтіп тұрады. Ол бақытсыздық – ата-анасын аңсап, өзін өмірге әкелген адамдарды көруге зар болу. Тастанды тағдырлардың жүрегі тасқа айналмасына кім кепіл? Бұл тақырып экран төрінде әр түрлі формада, режиссерлік концепцияда, алуан түрлі жанрда көтеріліп-ақ жүр. Қашан да өзекті. Күннің шуағы, өмірдің бұлағы саналатын ананың құрсағында біткен сәбилердің жан-айқайын, ішкі мұңын, әлсіз әрекеттері мен агрессиясын әр суреткер өз әр түрлі көркемдік шешімдермен баяндайды. «Ұмытылғандар» (Чолпон Жанадыл, Қырғызстан), «Ғарыш» (Тұрар Тахир, Қазақстан), «Кешігіп соққан жел» (Шұғыла Сержан, Қазақстан), «Мен саған бірдеңе айтуым керек» (Евгений Марьян, Ресей) сынды фильмдерді көрген көрермен ойына ой қосып, қоғамдағы әлеуметтік мәселенің салмағын бір адамдай сезінері анық. Фильм кейіпкерлері іштей ашулы, ата-ана тарапынан жасалған осалдықты, немқұрайлықты сезеді. Сүйікті жандардың махаббаты мен қамқорлығына өте мұқтаж. Олардың қайғысын әрқайсымыз сезінуіміз тиіс. Бұл барлық ұлтқа тән  трагедия.        

Үміт үзгім келмейді...

Үміт – болашақ туралы ой. Адамның дүниеге келуі өзіне қатысты емес, ал ес жиып, санасы толған сайын оны алға жетелейтін – үміт. Экрандағы үміт тақырыбы, кейіпкерлердің жақсылықтан үміттенуі –  шабыттандыратын және эмоционалды түрде бай болуы мүмкін, бұл көрермендерге кейіпкерлермен өзара көзге көрінбес байланыс орнатуға һәм өмірдегі қиын жағдайларда «мән» табуға мүмкіндік береді. Үміт тақырыбы – кинодағы негізгі тақырыптардың бірі, оны режиссерлер өз туындыларында әртүрлі оқиғаларды тақырыпқа арқау ете отырып, түрлі аспектілер арқылы көрсетеді: қиындықтарды жеңу; идеализм және жарқын болашаққа сену; үмітті жоғалту және қалпына келтіру; үміт мотивациялық фактор ретінде. Биылғы «Baiqonyr» фестивалінің конкурсында аталмыш тақырыпқа сай «Осы жерде және қазір» (Влада Лавренова, Ресей), «Екі күн» (Теймур Гамбаров, Әзірбайжан), «Хат» (Ернат Сабитов, Қазақстан), «Жалғыз жандар» (Тілеуберді Тұрарбек, Қазақстан), «Таңдау» (Гүлнұр Қалмухамбетова, Қазақстан), «Төрт мұнара» (Ердана Әби, Қазақстан), «Қорғалжында» (Арай Кәрімова, Қазақстан) фильмдері әр жан өзін кез келген күйде қабылдау қажет екенін аңғартады.  

Фестиваль бағдарламасы жоғарыда аталған фильмдерден өзге де мазмұнды, деректі, түрлі жанрдағы фильмдерді сынға түсіреді. «Үздік фильм», «Үздік режиссер», «Үздік операторлық жұмыс, «Үздік сценарий», «Үздік әйел рөлі», «Үздік ер рөлі», «Арнайы сыйлық» және Сыншылар алқасының дипломы биыл қай мұзбалақтарға бұйыратынын бірге тамашалайық. Кино – идеологиялық құрал. Бүгінгі қоғамның бет алысы, техникалық прогресстің үрдісі, әлеуметтік сұрақтардың шешіміне шығармашылық тұрғыдан жауап алғымыз келсе, назарымызды бір сәтке экранға бұрғанымыз абзал. 

 

Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ, 

кинотанушы  

Пікірлер