АҒЫЛШЫН ТІЛІ 3 СЫНЫПТАН БАСТАП ОҚЫТЫЛУЫ КЕРЕК

3233
Adyrna.kz Telegram

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен мұғалімдердің жыл сайынғы дәстүрлі Тамыз кеңесі өтті. Жиында президент ағылшын тілін 2-3, тіпті 5 сыныптан бастап оқыту туралы ұсыныс айтты. Шын мәнісінде балаға ағылшын тілін қай сыныптан бастап үйреткен жөн? Сондай-ақ биылғы кеңестің қандай ерекшеліктері болды?
Президенттің ағылшын тіліне байланысты ұсынысы көпшіліктің қолдауына ие болып, қызу талқылануда. Азаматтардың басым бөлігі ағылшын тілін 5 сыныптан бастап оқытқан жөн деген пікірде.  Әйтсе де, «QazBilim» орталығының директоры Аятжан Ахметжан көпшіліктің бұл пікірімен келіспейді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ағылшын тілін 3 немесе 5 сыныптан бастап оқытайық» деп өте орынды ұсыныс жасады. Себебі 1 сыныптан баланың басын қатырмай, шет тілін 10 жастан бастап оқытқан жөн. Әйтсе де әлеуметтік желідегі азаматтар ағылшын тілін 5 сыныптан бастап оқыту керек деп жатыр. Менің ойымша, ағылшын тілі 5 сыныптан емес, 3 сыныптан бастап оқытыла бастауы керек. Егер біз ағылшын тілін 5 сыныптан бастап оқытатын болсақ, мектептегі орыс тілінің ықпалын сақтап қалатын боламыз. Сондықтан да біз ағылшын тілі мен орыс тілін 3 сыныптан бастап қатар оқытқан жөн. Тіпті орыс тілін 5 сыныптан бастап оқытсақ та көштен құр қалмаймыз. Жалпы қазақ баласы үшін орыс тілі көп тілдердің бірі секілді шет тілі болуы керек. Ал ағылшын тілін бала 10 жасқа толған 3 сыныптан бастаған жөн, – деді ұстаз.
Бұған дейін зиялы қауым өкілдері «Жапондар шет тілін 12 жастан бастап оқытады екен.  Сондықтан да біз де ағылшын тілін 5 сыныптан бастап оқытуымыз керек» деп айтып келген болатын. Алайда бұл ұстаным қазіргі таңда заман талабына сай емес секілді.  Себебі бүгінде ютуб арнасы арқылы 4-5 жасар балалар ағылшын тілінде үйрене бастады. Міне осындай балаларға ағылшын тілін 5 сыныпқа дейін күттіріп, оқытпай қою орынсыз секілді. Әрине бұл мәселені сала мамандары алдағы уақытта талқылай жатар. Бірақ заман талабының өзгеріп жатқанын мойындаған жөн.
Ағылшын тілінен басқа Тамыз кеңесінде қандай елеулі жаңалық болды. Аятжан Ахметжанның айтуынша, биылғы келелі кеңестің ең басты ерекшелігі – жиынға Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуы болған.
– Біріншіден, президенттің Тамыз кеңесіне арнайы келіп, қатысуы ұстаздарға деген құрмет деп білемін. Мұны өз басым зор ризашылықпен қабылдадым. Сондай-ақ, жиында министр 2021 жылдан бастап Әліппенің 1 сыныпқа енгізілетінін мәлімдеді. Ең бастысы ол аталған оқулықтың Ахмет Байтұрсынұлының Әліппесінің негізінде дайындалатынын айтты. Бұл әрине көптен бері сыннан көз ашпаған министрліктің «Бәрекелді» деп мақтайтын әрекеті. Үшіншіден, министрдің оқулықтардың қатесіз басылуына мән беріп, баспалардың бассыздығына күрес ашып отырғанын жоғары бағалаймын. Шыны керек кеңесте көпшіліктің көңілінен шығатын көптеген мәселелер көтерілді. Әйтсе де, өз басым жиында айтылған тәтті сөздер нақты іске аса ма, жоқ па дегенге алаңдап отыр. Біздің елде жақсы идеялар айтылғанмен оның іс жүзіне асуы қиынның қиыны емес пе? Жалпы жас министрдің мықты қолдаушысы болмаса баспалардың бармақ басты, көз қысты әрекетіне төтеп бере алмауы мүмкін , – дейді Аятжан Ахметжан.
Соңғы жылдары Білім және ғылым министрлігі сыннан көз ашпай келеді. Жас әрі су жаңа министр Асхат Аймағанбетов саладағы кемшіліктерді түзей ала ма? Жалпы Тамыз кеңесінде президент те, министрде қоғамның талап тілегіне құлақ асатынын аңғартты.

Серғали Асланбек

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер