Болат Бақауов неліктен тіл тағдырына немқұрайды қарайды?

523

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Қырымбек Көшербаев мырза мен Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ханымның назарларына!

Біздің Павлодар облысында тіл және ономастика саясаттарын жүргізу оңай шаруа емес екені баршаға аян. Әу баста патшашыл-кеңесшіл топтар мен орыстілді тәуелсіз газеттер облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының жұмысына мүмкіндігінше кедергі келтіруге тырысып бақты. Сол қиын кезеңде басқарма басшылары (Талғат Әбілқасымов, Қабжан Еділбай) «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымы мүшелерін, өзге де тіл жанашырларын жанына топтастыра білді. Ұйымның «Ертіс дидары» газетін шығару ісіне де қолдау білдіріп, тілдерді дамыту мен қолданудың бағдарламасына енгізді. Нәтижесінде басылым облыстық бюджеттен тілдерді дамытуға бөлінетін қаржы есебінен айына бір рет 1000 данамен 16 бет болып шығып тұрды.
Өз басым қазақ тілінің насихатталуына, өрісінің кеңеюіне, тарихи атаулардың қайтарылуына «Ертіс дидарының» редакторы әрі тілшісі ретінде атсалысып, патшашыл-кеңесшіл журналистермен, қоғам белсенділерімен ымырасыз тартысқа түстім! Оларды өз газетімізде я республикалық басылымдарда талай мәрте аяусыз сынап, «Сом темірге балға бар» екенін ұқтырдым!
Амал не, тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың төрағалығына Сәуле Османова бекігеннен кейін «Қазақ тілі» қоғамының белсенділеріне де, газетіне де қырын қарайтынын жасырған жоқ! Қоғамдық ұйым аталмыш басқарма жариялаған тендерге қатысып, тілдерді дамытуға арналған азын-аулақ қаржы мөлшерін ұтып алып еді, қоғам төрағасы, Қазақстанның Құрметті журналисі Социал Әйтеновке «Өзге біреуге арналған тендерге киліккені үшін» дөрекі мінез көрсетті!
С. Османова «Ертіс дидарының» шығарылымына бөлінетін қаржы мөлшерін жыл сайын қысқартып отырды, соның салдарынан газеттің таралымы, шығарылымаралық мерзімі, көлемі біртіндеп қысқарды. Ақыры, ережесі немкеттілікпен жазылған тендерді жергілікті «Версия» газеті ұтып алды!
«Версия» болса, бір кездегі облыс әкімі, белгілі ғалым, ұлтжанды азамат Ерлан Арынды ұрдажық сындармен барынша қаралаған газет болатын! Газеттің редакторы Ярослав Голышкин Е. Арыннан кейінгі әкім Қанат Бозымбаевты бопсалап, аса ірі көлемде қаржы талап еткені үшін сотталып кеткен еді!
Естуімше, Сәуле Османова басқарма қызметкерлеріне тендер қаржысын «Версияның» игеруі үшін қолайлы жағдай тудыруға нұсқау беріпті. Ал маған: «Біраз шыдай тұрыңыз. Келесі жылы қоғамның газетін қайтадан шығарамыз!» дегені есімде. Бірақ шындығын айтпапты. Кейін «Ертіс дидарын» қаржыландыру шарасын тіпті бағдарламаға енгізген жоқ!
Сәуле Қабдыжапарқызының мамандығы неміс тілі пәнінің мұғалімі. Неміс тілін қандай деңгейде меңгергені бізге беймәлім, бірақ алқалы жиындарда не қазақша, не орысша мөлдіретіп сөйлегенін көрген емеспіз. Әйтеуір, ойын ауызекі сөздермен жеткізе алады. Тіл саласын басқарып отырған шенеуніктің сөздік қоры тиісті деңгейде болмаса, қиын екен...
С. Османованың аты осындай іс-әрекеттерімен әйгіленсе де, жергілікті қоғам белсенділері мен тіл жанашырлары оны басшы ретінде мойындаған жоқ! Облыстағы үлкенді-кішілі тіл проблемалары үшін жауапкершілікті бірден аймақ басшысы Болат Бақауовқа жүктеді! Бұл жайт талай мәрте қайталанды! Ондай кездерде С. Османова бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер арқылы айтылған ащы сындарға қатысы жоқ көп шенеуніктердің бірі секілді өзін бейтарап ұстады. Ал басқарманың бұрынғы басшылары болса жауапкершілікті өз мойындарына алып, облыстың беделіне, әкімдердің абыройына кіршік түсірмеуге күш салатын!

 


Осындай жағдайда мемлекеттік тіл проблемасы шешілмеген біздің аймақта тілдерді дамыту жөніндегі басқарманы таратып жіберу - көзделген мақсатқа жеткізбейтіні, тек басқарма басшысын біліктілігі жоғары, мемлекеттік тілдің жағдайына жаны ауыратын нағыз кәсіби маманмен ауыстыру қажет екені жөнінде тіл жанашырлары әлденеше рет айтты. Тіпті «Қазақ тілі» қоғамының алқа мүшелері облыс әкіміне өтініш те жазды! Бұл хатқа Болат Бақауов қандай да бір жауап қайтармаған соң ойлары мен ұсыныстарын республикалық басылымдар, интернет порталдары арқылы жұртшылыққа жария етті!
Сонда да облыс әкімі қоғам белсенділерінің жанайқайын елеусіз қалдырды! Дәл соның ықтиярымен облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы таратылып, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының құрамына қосылды! Қазіргі шақта жаңа басқарманың басшысы тағайындалмаса да, оның орынбасары қызметіне Сәуле Османова бекітіліпті!..
...Сонымен, облыс әкімі Болат Бақауов неліктен қоғам белсенділері мен тіл жанашырларының өтініш-тілектерін елеусіз қалдырып, тіл тағдырына немқұрайды қарайды? Бәлкім ол «Кадр бәрін шешеді» деген мәтелдің мән-мағынасын түсінбейтін болар? Әлде әлгі Сәуле Қабдыжапарқызының облыс прокуратурасында жауапты қызметтерде істейтін бауыры мен ұлынан сескене ме?..
ҚР Президенті әкімшілігі, Мәдениет және спорт министрлігі бұл мәселенің анық-қанығына жетеді деген ойдамыз.

 

Арман ҚАНИ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
«Тіл жанашыры» Құрмет белгісінің иегері.
Павлодар қаласы.

Пікірлер