Алматыда заңсыз ойын бизнесі бойынша 5 қылмыстық іс тіркелді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің тергеу басқармасы басшысы Сәкен Қондыбаев мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Сәкен Қондыбаев экономикалық тергеу департаментінің басым міндеттерінің бірі заңсыз ойын бизнесімен күрес екенін атап өтті.
«Заңның 11-бабына сәйкес казино мен ойын автоматтарының залдарын Алматы облысында (Қапшағай) және Ақмола облысында (Щучье ауданы) орналастыруға болады. Басқа жерлерде ашу заңсыз деп танылады», - деді ол.
Сондай-ақ, заңсыз жұмыс істеген 4 онлайн казино мен бір ойын залы жабылды.
«Былтыр заңсыз құмар ойын ұйымдастыру ісі бойынша 14 факті анықталды. Ұйымдастырушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылды», - дейді Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы.
Ол сала мамандары қазір Мемлекет басшысы қол қойған жаңа заң аясында жұмыстар жүргізіп жатқанын жеткізді.
Мәселен, қыркүйектен бастап букмекерлер мен тотализаторларды жарнамалауға ресми түрде тыйым салынады. Олар тек спорт ғимараттарында, спортшылар киімі мен халықаралық жарыстарда ғана жарнама жасай алады. Бірақ 21 жасқа толмағандар, борышкерлер, мемлекеттік, әскери және құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен бюджеттік компания басшылары бәс тіге алмайды.
«Лотерея қызметін реттеу тетіктері жаңартылған. Нақтырақ айтқанда, тұрғын үйлерде, жатақханаларда, мәдени ұйымдардың ғимараттары мен әлеуметтік нысандарда, білім беру, денсаулық сақтау сондай ақ 100 метр қашықтықта лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынған», - деді ол.