Текті қазақтан тексіз ұрпақ қайдан шықты?!

10472
Adyrna.kz Telegram

Қазақ ұғымында тектілік деген тамаша түсінік бар. Текті адам деп адамгершілік пен көрегендікті ту еткен, ақылдылық пен парасаттылықты жанына жалау тұтқан, тазалыққа, адалдыққа, білімділікке, мәдениеттілікке, нысаптылыққа ұмтылған адамды айтамыз.
Әйткенмен жиырма бірінші ғасырда көз тартарлық көлігі, жоғары лауазымы, қоластында күңі, жылтыраған көйлегі, атақ-даңқы, шең-шекпені, бірнеше көңілдесі бар бай-бағланды біз текті дейміз. Иә, иә текті дейміз. Ол адамның түбі кім, өткен өмірі қандай, адамдармен қарым-қатынасы қалай, байлығы қандай жолмен келді, онда біздің шаруамыз жоқ. Біз тек қампайған қарынына, томпайған қалтасына қарап текті деп табынып жүрген құдіретті адамдарымыз құмар қуған қасиетсіз, кердеңдеген кесір, жаныңды жер жағымпаз, тым тәкәппар болуы мүмкін. Қолына байлық түсе қалса асып-тасып, билік ала қалса шаш ал десе, бас алады, яғни, “ат мінбеген ат мінсе, шаба-шаба өлтірер, тон кимеген тон кисе, қаға-қаға бітірер” немесе “жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас, жаман адамға шен бітсе, жанына қоңсы қондырмас” дегеннің аяғын құштыратын "тектілеріміз" жетерлік. Бірақ біз үшін ол бәрібір текті адам! Себебі бізде "шіріген бай", ой, ғафу өтінем, "текті" адам болғымыз келеді. Ал жыртық күркесінен басқа қолында ештеңесі жоқ, есесіне ақ адал ниеті мен мөлдір таза жүрегің алдына жайып салатындарды біз ешкімге санамаймыз. Кейде тіпті ұл-қызымыз сондай отбасымен отау құрамын десе, "тексіздің баласын қайтесің?!" деп шәңк ете қаламыз. Бірақ ол адам бізге қарағанда жүз есе намысқой, ұятты, арлы болуы мүмкін. Осылайша біз, "тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады" деген тәмсілге сүйеніп, тектілікті тегімізге, туған-туысымызға, ата-анамызға қарап бағамдаймыз. Біз жиі  араққа салынған әке мен анаға қарап, "тексіздердің отбасы" деп баға береміз. Сырттан сынаймыз. Дей-тұрғанмен жақсыдан-жаман, жаманнан-жақсы туатының ұмытып кетеміз. Маскүнемдердің отбасынан жаны сұлу, ауызына арақты алу тұрмақ, атың атауға арланатын, білімнің шырқау шыңың бағындыратын, кез-келген істе парасаттылықпен, тектілік танытатын бала дүниеге келуі мүмкін. Демек нағыз тектілік қалтадағы қаржыға да, нашар ата-анаға да қарамайды екен. Меніңше, ертеңгі  ұрпағы тектілік таныту үшін, әр адам  бүгіннен бастап бойына жақсы мінездерді қалыптастырып, дұрыс өмір сүруі керек.

Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Ақгүл АЙДАРБЕКОВА

Пікірлер