Бізге қазір инвесторлар керек пе?

3181
Adyrna.kz Telegram

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары біздің елімізге инвесторлар келе бастады. Оның ішінде әлемге танымал ең ірілері British Petroleum, Shell, ExxonMobil, Chevron, Agip, General Motors, Mittal, тағы сол сияқты аса ірі компаниялар да біздің елге тұмысығын тіреді. Бұлар не үшін біздің елге келіп отыр деген сұраққа жан жақты жауап алуға біздің түсінігіміз жете қоймады. Себебі, біз ол кезде шынын айту керек, біздің қазаққа инвесторлар деген кімдер, нарық деген не, капитал деген не, ғұмырында осындай ұғымдармен таныс емес еді. 1991 жылдары біздің президентіміз Н.Назарбаев аталған компанияларды еліміздің жер асты ресурстарын игеруге шақырды. Сондағы мақсатымыз олардың технологиялық қондырғылары мен өндіріс, өнеркәсіп саласындағы білімін алып, жастарды оқытып, отандық өндіріс саласындағы кадрларды дайындап шығамыз деп айтылған еді. Біздің мемлекеттің ең әлеуетті саласы да осы өндіріс саласы болуға тиіс еді. Онда мынадай нақты қадамдар іске аспай қалды:
1. Біздің мемлекеттің 2030-2050жж аралығында алға қойған стратегиялық жоспарлары болды. Бұл стратегия әлбетте мұнай мен жер ресурстарының молдығына байланысты жоспарланды. Біз өте бай елміз деді. Жер астында шылқыған байлығымыз жатыр деді. Оған халық сенді. Біз «Азияның барысына» айналамыз дегенге барынша иланды. Мемлекеттің дамуының алдағы ең негізгі бағыттары мен инфрақұрылымдары көрсетілді. Осы ауқымды стратегиялық жоспарларды іске асыруда бізге технология мен өндіріс саласында ұлттық кадрлар резерві қалыптаспады. Бұл саланы да шаш етектен жемқорлық жайлады. Кейбір қазақ баласына мамандығы мұнайшы бола тұра мұнай саласында жұмыс жасау арман ғана болып қалды. Елбасының шетелдік инвесторлардан технология мен өндіріс саласына керекті білімді игеріп, өзіміздің кадрларды дайындап, шетелдіктерді түбінде қуып шығамыз деген сөзі жалаң болып шыға келді.
2. Біз шикізат еліне айналдық. Мұның басты себебі, тағы да өзіміздің ұлттық кадрлардың жетіспеушілігі туындады. Елімізде мұнай өнімдерін өндіретін мұнай өңдеу зауыттары (МӨЗ) заманауи үлгіде салынған жоқ. Минимум бізде үш МӨЗ салынуға тиіс еді. Кейбір инвесторларға МӨЗ салуға кезінде ұсыныстар да жасалған. Бірақ олар біздің елге МӨЗ салуға құлықты болмады. Неге? Мұнайдың құрамында 650 ге жуық фракция мен компоненттер бар. Өңдеу процесінен соң мұның бәрі жеке дара өнімге айналып, өте үлкен қаржыға ие болады. Сондықтан инвесторлар біздің шикізаттық ресурстарымызды шикідей алып кетіп, бір баррельге шаққанда өзімізге 8 есе жоғары бағаға сатқанды жөн көрді. Біз осы тұсынан оңбай ұтылдық. О баста МӨЗ салыңдар деп қатаң талап қоя алмадық.
3. Біз инвесторларға «Қолайлы инвестициялық климат қажет» деп шештік. Өзіміздің еліміздегі экологиялық хал ахуалды да ескермей, ең алдымен сырттан келген келімсектердің жағдайына алаңдадық. Олардың біразы жеңілтетілген салықтарды төлегенімен, кейбірі салықтан да босады. Оны да түсінуге болады. Себебі, біздің ұлттық кадрлық резервтер дайын болмады. Ең ауыры, біздің қазақ баласы осы инвесторлардың қолына қолжаулық жасайтын қызметкерлерге айналып кетті. Біздің басшылық қазақ баласының жалақысын шетелдік келімсектердің жалақысымен деңгейлестіре алмады. Олардың жалақысы мен ішетін тамағы, жататын орындары мен жұмыс режимі шетелдік келімсектермен салыстарғанда өз жерінде жүріп, өте төмен болды. Бұл жағы да ескерілмеді. Осы мәселелердің барлығы о бастағы стратегиялық жоспарларға сай реформалануы керек еді. Ол іске аспады. Тек қара бастың қамы жеңіп шықты. Соңы Теңіздегі, Атыраудағы жағдайлармен аяқталды.
4. Бізге қазір инвесторлар керек пе? Не үшін керек? Қазақ баласы өндіріс саласындағы технологиялық қондырғылардың жұмыс жасау технологиясын игеріп алды. Инвесторларды өзінің несібесіне серік қылудың да керегі жоқ. Олардан өз үлесін тартып алуы үшін қазақ баласы енді өзі акционер, өзі құнды қағаздар мен облигациялардың иесі болуы керек. Қазақтың байлығы кетті деп аңырап отырғанымызбен біз ештеңе ұтпаймыз. Қазақ елі өз байлығын өз ұлының қолына білім мен ғылым арқылы ғана ұстата алады. Басқалай жол жоқ. Біздің елді инвесторлар дамытады деген түсінікті доғаруы керек. Олар тек өз үлестері мен мүддесін ғана ойлап келеді. 1991 жылдан бері біздің елге 265 миллиард АҚШ доллары шамасында инвестиция тартылыпты. Бірақ осыншама байлығы бола тұра, осыншама инвестициялық қаржы тартылса да қазақ бұқарасының әлеуметтік жағдайы сын көтермейді.
5. Тағы да өзекті мәселе: біздің қазақтың баласының құрылыс саласындағы түріктер мен басқа да келімсектердің уысында кетіп жатқан несібесі туралы. Қазақ баласының 70 пайызы осы құрылыс саласында жұмыс жасап, өздерінің отбасыларын асырап отыр. Қазақ баласы үшін қазір құрылыстан басқа маңызды жұмыс та жоқ. Біздегі көптеген ірі фирмалардың қожайыны да түріктер. Сол түріктер тікелей қазақ баласына жұмыс бермейді. Өздері Түркиядан тамыр таныстары мен туысқандарын келіп алып, өздерінше қожайын қылып, арасында өздерінің түріктерін делдалдыққа салып қойып, қазақтың баласының несібесіне серік болып жүр. Инженерлік саладан алып бара жатқан түк те білімдері жоқ. Мен оны жақсы білемін. Арада жүріп, ақшаны уыстап жүр. Қазақтың қыздарын ашқамен сатып алып жүр. Бұл бүгін ғана емес, қашаннан бері солай. Осы делдалдарды да елден шеттетуіміз керек. Құрылысты да қазақ баласына алып беруіміз керек. Астананы салып жатқан өзге біреулер емес, сол түріктерге, басқаларға жалданған қазақтың қара баласы.

Сөздің қорытындысы, бізде өндіріс саласы ұстағанның қолында, тістегеннің тісінде кетті. Енді бұдан былай қазақ баласы өз несібесіне өзі қожайын болатын уақыт жетіпті. Мұны кеше ғана Атыраудың жігіттері көрсетіп берді.

Бекболат Қаржан

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер