Ұлан ЫСҚАҚ: Жалынамын кетпеші апа, кетпе деп...

3548
Adyrna.kz Telegram

Ысқақ Ұлан Нұргелдіұлы 1993 жылы 12 маусымда Алматы облысы, Кеген ауданы,  Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Ақынның өлеңдері "Ұлан", "Жас Алаш" газеттерінде, "Жалын" журналында, "Жастық - жалын жыр", "Тау мен өзен жырлары" жинақтарында жарық көрген. Ендеше назарларыңызға қаламгердің біршама туындыларын ұсынамыз.

Түс 

Өкінішті-ақ, өңімде емес түсімде,
Өткен күндер көңілімді түсірген.
Апам келіп сипап кетті шашымнан,
Атам еккен алма бақтың ішінде.

Уақытыңды өткізесің текке деп,
Қарайламай кете барды өкпелеп.
Қалбаң-құлбаң мен жүгірем соңынан,
Жалынамын кетпеші апа, кетпе деп.

Бұл күндері ар алдында айып көп,
Қарсы алды ма,
кең құшағын жайып Көк.
Етегіңе үлгермедім жармасып,
Ақ жаулығың ұшты көзден ғайып боп.

Ал мен қалдым, елесіңді құшақтап,
Балағымнан қойғандай-ақ тұсап бақ.
Сіз кеткенде жапалақтап қар жауды,
Пейіліңіз деп ұғындым түсі аппақ.

Өкінішті-ақ, өңімде емес түсімде,
Өткен күндер көңілімді түсірген.
Апам келіп сипап тұрды шашымнан,
Атам еккен алма бақтың ішінде.

***

Бір ғұмырды бастамай аяқтадым,
Бір ісімді тастадым, бастадым да.
Бос өткізген уақыттың аяп бәрін,
Енді отырмын ой мүжіп жас шағымда.

Бір сұлуды сүймедім кездестірген,
Қараңғыда кім білсін сүйдім ба әлде?
Тағдырым сол дегенге сенбес мүлдем,
Мен бейбаққа сол түні сый қылған не?

Бір дастанды бастадым, бітірмедім,
Барлығының басы бар аяғы жоқ.
Қайта қойып шықсам да үтірлерін,
Нүктесі жоқ өлеңнің баяны жоқ...

Омар емен, ұлы ойлар күтетіндей,
Дәненем жоқ таусылып ішетіндей.
Өлмеппін ғой, о, Тәубе неге десем,
Бастаған бір тірлігім бітетіндей...

 

Менің әкем жақсы адам

Менің әкем жақсы адам, жоқ күмәнім,
Сейілтейін көңілдің көк тұманын.
Ерте тұрып қарасам айна алдынан,
Дәл әкемді көргендей боп тұрамын.

Кірлемеген аңқау жан, ер көңілді,
Кейде сырбаз, әзілқой, кейде мұңды.
Жамандығым өзімнен, ал қанымнан,
Көшіргенмін тек жақсы жерлерімді.

От ойнаған көзі оның өткір қандай,
Барлық зілін тірліктің бетке ұрғандай.
Мені әлдекім мақтаса сезем іштей,
Аумай қапсың әкеңнен деп тұрғандай.

Суреттеймін сыр алып, түрін көрмей,
Қателіктің алмайсың бірін жөндей.
Түйсігіммен түсінем тірлік заңын,
Бірін көріп сезінем бірін көрмей.

Желдей көрмес тағдырдың дауылдарын,
Сезермісің жанымның ауырғанын.
Арғы өмірде қалармыз дидарласып
Кім қайтарған райынан тау ұлдарын?

 

Шеше мені кешірме

Шеше мені кешірме қателессем,
Шатақ болып туыппын шата емес мен.
Жігерім құм болғанда жанитұғын,
Әке орнына сен маған әке емес пе ең?

Үміттендің қонар деп, саған да бақ,
Ұлы адам боласың деп маған қарап.
Ұлы емес ұры болдым сезіп жүрмін,
Жұлып ап, мейіріміңді жағаңнан ап.

Тамғаннан қара жерге кіндік қаным,
Булығып жатты ішімде сұмдықтарым.
Аңғармаппын аузымды ашып жүріп,
Айтылмауға тиісті шындық барын.

Бір шындық бар менімен сен білетін,
Бір сұмдық бар амалсыз көндіретін.
Сары алтындай сабырым бар еді ғой,
Ашулансам ақылға жеңдіретін.

Көз алдында көлбеңдеп көші үміттің,
Есі кірмей жүр әлі есіріктің.
Азабын қашанғы енді арқалаймыз?
Айтылуға тиісті өтіріктің.

Жарға итере береді жалған мынау,
Тау ұлына жарасар таудан құлау.
Кешіреді кешірмей қайтеді деп,
Өзіңді әбден басынып алғанмын-ау.

Шеше мені кешірме қателессем...

 

Бауырыңа мені бас ана! 

Бауырыңа мені бас ана, қиналып барам,
Қасіретім бар кеудемде жиналып қалған.
Бауырыңа басып құтқаршы кесапаттардан,
Құдайға сенем, сенемін ана иланып саған.

Ұрынып жүрдім ұғынбай шешіміңді әлі,
Білмеппін сенде алапат кешірім барын.
Тағдыр дегенің талқыға түспейді екен ғой,
Қалай көтеріп жүргенсің осының бәрін.

Тасқа ұрып алам басымды желігіп дәйім,
Ақыл айт ана, құптасам сені құптайын.
Әкесіз өткен тағдырға арыз айтпайын,
Ақ мамаңды бер анашым еміп ұйықтайын.

Ақ мамаңды бер ана, баяғы бал күндегідей,
Жалтақтап өскем сен жоқта әркімге бірдей.
Зіл қайғы басып қалды ғой еңсемді менің,
Зіркілдеп қойсам кешерсің әлгіндегідей.

Бауырыңа мені бас ана!

 

Апама 

Ұясына батты әне, мұнарлап Күн,
Апа сіздей жанымды ұға алмақ кім?
Бағбандары бақилық болып кеткен,
Болашағын кім ойлар мынау бақтың.

Болашағын кім ойлар, келешегін
Есін әлі жиған жоқ ересегің.
Үйлен деуші ең апатай үйге барсам,
Ақылыңды алмадым неге сенің?

Тәрбиеме танытып басымдылық,
Өсіріп ең адам қып, ақын қылып.
Сіз кеткенде апатай мен түгілі,
Алма бақта жылады шашын жұлып.

Жаныңызды жайдары жақұт текті,
Алды дағы, Әзірейіл уақыт кетті.
Күннің нұры жеңіндей көйлегіңнің,
Көздің жасын сүртті де батып кетті.

Ұясына батты әне мұнарлап Күн!

 

Суға барам... 

Су таусылып қалыпты ғой үйдегі,
Шелек алып, етігімді кигелі,
жатыр едім,
жеңгем алды сұраққа,
"Су жетеді, сылтау қылдың"- үй нені?

"Тағы керек, кір жууға "-дедім мен,
Түсте күнде суға кетем тегіннен.
Шелек суды бір төгемін, бір құям,
Күнде осылай арпалысам сезіммен.

Сусамыр-ау,-дейтін шығар ел мені,
Түсінер ме, сағынышты мендегі?
Мен суатқа барған кезде қалқатай,
Сен мектептен жататынсың келгелі.

Су басында тұратынмын соны аңдып,
Сен келесің сенімім мол оған нық.
Сені күтіп қанша бақыр суымды
Қара жерге төктім екен обал қып?

Сені күтем жолдың бойы көзімде,
Таусылмайтын сағыныш та, төзім де,
Шөлдеп жүрмін суға емес тек қана,
Көзіңдегі көлдей тұнық сезімге.

Сыртыңнан көп қарап тұрам қамыға,
Қандай жанның бұйырдың деп бағына?
Түс болды ғой бақыр бос па жеңеше?
Суға барам, суға барам тағы да!..

 

ТАУДА

Мен әр күні мұңға батам, ойланам,
Маза бермей түртпектейді ой маған.
Сосын шаршап, қашып шығып қаладан,
Тауға барып емін еркін бой жазам.

Тауға барам, айды құшам сүйіп мен,
Айығамын күнделікті күйіктен.
Қандай ғажап құзар шыңның басында,
Пенделікке қарап тұру биіктен!

Жаным менің тауға құмар, о бастан,
Таулар менің тағдырыма жол ашқан.
Мен қалайша тіктемейін еңсемді?!
Маңдайымнан сүйіп тұрса көк аспан.

Кейде қала жатса жанды жаралап,
Безіп кетем кең даланы аралап.
Диуана боп кеткім келеді, ех сонда!
Таудағы бір тас үңгірді паналап.

Мейлі сонда өтсін айлар жылдарым,
Ұқсам деймін асқақтықтың сырларын.
Бабалардың берсем деймін аударып,
Тасқа қашап, жазып кеткен жырларын!

Құзар шыңды мекендейді қыран құс,
Тау баласы қыранға ұқсап туар-мыс.
Менің тауда қанатымды қатайтқан,
Тәңіріме айтып қайтам мың алғыс!

 

ТУҒАН ЖЕРГЕ 

Қарабұлақ - асқар таулар шың құздар!
Маған оттан ыстық сендік түнгі ызғар.
Бірі келіп құлайтындай басыма,
Зəу көктегі жарқыраған жұлдыздар.

Мұндағы ай жақын туған жерге тым,
Ай сəулесі аймалайды көл бетін.
Сені өлеңге айналдырмай өлмеймін,
Мына өмірге ақын болып келгесін.

Сіңіспеген тасбауырлау қалаға,
Менің жаным өле құштар далаға.
Жаңбырдан соң жан сарайын ашатын,
Көкемарал шашқан жұпар ауаға.

Жонымызды күнге қақтап тамызда,
Жоқ іздеумен жастық өтті аңызда.
Айтқандарын екі етпейтін болған соң,
Ауылдағы шалдар маған дән ырза.

Жәй-күйіне қарайласып көп елдің,
Сол ауылдың батасымен көгердім.
Шың басын ап, ғарышқа қол созсам да,
О туған жер, сенен әркез төменмін.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер