Home » Айдарлар » Қоғам » “АЗАТ” қозғалысы қайта жанданбақ

“АЗАТ” қозғалысы қайта жанданбақ

Биыл құрылғанына 29 жыл толатын “Азат” қозғалысы қайта жанданбақ. Бұл жайлы Қазақстанның азаматтық «АЗАТ» қозғалысының төрағасы Қожа-Ахмет Хасен мәлімдеді. Алдағы күзде болатын Парламент сайлауына “Азат” та қатыспақ.

Тоқсаныншы жылдары саяси сахнаны билеген бұл ұйым жайлы сол кездегі алдыңғы буын білмесе, қазіргі ұрпақ атын да естімеген. Әлем желіден “Азат” қозғалысы жайлы қысқа ғана мәліметке қол жеткіздік.

“Азат” азаматтық қозғалысы – қоғамдық-саяси ұйым. Құрылтай мәжілісі Алматыда 1990 ж. 1 шілдеде өтті. Басты мақсатын “Халықаралық Одақтық шартпен біріккен ерікті де тәуелсіз жаңа қоғамдастық шеңберінде Қазақстанның шынайы мемлекеттік егемендігіне қол жеткізу” деп белгіледі. Қозғалыстың 14 облыстық ұйымы бар. 1990-1993 жж. аралығында “Азат” газеті шығып тұрды. “Азат” қозғалысы Қазақстанды қазақ халқын отаршылық пен тоталитаризм зардаптарынан арылту ушін қажетті заңдардың қабылдануы, олардың дұрыс орындалуы жөнінде халыққа үндеулер таратып, үкіметке ұсыныстар жасады, сепаратистік пиғылдағы ұйымдарға тойтарыс беру, адам құқықтарын қорғау және т.б. ұлт мүддесін көздеген мәселелерді батыл көтере білді. Міне, ғаламтордағы қысқа мәлімет осы ғана.

Сол кездердегі “Азатта” қызмет атқарған жігіттер бұл күні қартқа айналды. Алды фәниден бақиға көшті.

«Азат» қозғалысының ақсақалы Жағда Бабалықұлы, Сәбетқазы Ақатай,  Нұрбақыт Қойшыбеков, сол кездегі «Азат» газетінің бас редактоы Батырхан Дәрімбет, этнограф ғалым Мақаш Тәтімов, Марат Шорманов, Гүлжихан Биболдинова. Бұл тізімге сол жылдары қозғалысқа белсене қатысқан Жасарал Қуанышәлі, Хасен Қожа-Ахмет, Айсұлу Қадырбай, Серік Ерғали, Сағат Жүсіп, Дәурен Сатыбалды, Асқар Сырғабаев, Рахат Алтай, Самат Сақалұлы, Гүлшат Еруларды да қосуға болады.

Күздегі парламент сайлауына қатысамыз деп, белін бекем буғагн “азаттықтар” өздерінің саяси күштерін тағы бір мәрте сынап көрмек. Ендеше, Қазақстанның азаматтық “АЗАТ” қозғалысының мәлімдемесін қаз-қалпында беріп отырмыз.

 ” Түн-түнектен кейін ағарып таң ататынындай, бүгінгі Қазақстан қоғамындағы ахуал КСРО билігі дағдарысқа ұшыраған 1990-1991 жылдардағыдай күйде. Биліктегі қарақшы топтың халық ниетін дүниеқоңыздықпен уламаққа, үрей арқылы уысында ұстамаққа 30 жыл бойғы әрекеті ақыры күйреді. Бүгінгі қазақ қоғамы дүниеқоңыз ептілерден жиіркенетін, қайраткерлерін, батырларын іздейтін ақ жолға қайтадан бет бұрды. Халық өз келешегін ойлап, ата-мекен елі Қазақстанды жалмауыз биліктен құтқаруға бел буды. Соңғы 20 жылда биліктің құрған жасанды партияларының құр сөзбен алдаусыратып, іс-әрекетке бастамайтынына көзі жеткен азаматтар жаңадан партия құрмақ ойларын айтуда.

      Алайда қазіргі Заңмен саяси партия құру үшін кемінде 9 облыста бөлімшелер ашуға, 40 000 қол жинауға аз дегенде жарты жыл уақыт, қомақты қаржы керек. Заңды жеңілдетуді қазіргі Парламенттен күту қиын. Өзгерткен күнде де күзде болмақ Парламент Мәжілісі сайлауына дейін партия құрып үлгіру мүмкін емес шаруа. Осыны түсінген бірнеше облыстық, қалалық дәрежедегі ұйымдар еліміздегі қордаланған мәселелерді көпшілік болып шешіп, оңалту үшін «Азат» қозғалысында бас қоссақ деген ұсыныс білдіріп отыр.    

     1990 жылы құрылған Қазақстандағы республикалық дәрежелі ең алғашқы қоғамдық ұйым «Азат» қозғалысы, соңғы 20 жылда билік құрған жалған оппозициялық ұйымдар саясаттан ысырмаққа қаншама зымиян әрекеттер жасағанына төтеп беріп, бүгінге шейін тіркеуін жоймай, халықтың шама-шарқына қарай іс-әрекетін жасап келеді. Қазақстандағы бүгінгі қоғамдық-саяси жағдайға орай «Азат» қозғалысы өз жұмысын жандандыруға кірісті. Сондықтан, ардақты халайық, 30 жылдан соң қайта келген тарихи сәтті – халқымыздың пассионарлық оянуын, елімізде оң өзгерістер жасауға бағыттап, «Азат» қозғалысында күш жұмылдырайық!”-дейді өзінің мәлімдемесінде Хасен Қожа-Ахмет.

Қазақстанның азаматтық «АЗАТ» қозғалысының төрағасы Қожа-Ахмет Хасен

«Азат» қозғалысына жеке я ұжымдық мүше болу үшін мына телефондарға хабарласыңыздар: Алматы қаласында 382-57-61; 8 707 495 2132;  Астана қ. 8 701 197 1961; Ақтөбе қ: 8 777 91 9189

“Адырна” ұлттық порталы

 

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Кредитті кешіру: Халықтың емес, банктің қалтасын толтырды!

Кредиттерді кешіру арқылы билік халыққа ғана емес, қорғаштай қорып, үнемі «сауықтырып», қаржылай көмегін аямай келе ...