Қазақстан мен Ұлыбритания сауда айналымы 1,8 млрд доллар. Президент мемлекеттік министрді қабылдады

1316
Adyrna.kz Telegram
Фото: Akorda фейсбук парақшасынан
Фото: Akorda фейсбук парақшасынан

Қазақстан Президенті Ұлыбританияның бизнес және сауда істері бойынша мемлекеттік министрі Нусрат Ғаниді қабылдады, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбританияның мемлекеттік министрі Нусрат Ғанимен кездесіп, Ұлыбритания Қазақстанның негізгі сауда серіктесінің бірі және ел экономикасына инвестиция салу көрсеткіші бойынша жетінші инвестор екенін жеткізді.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанда 550-ден астам британдық кәсіпорын, олардың арасында Shell және Ernst & Young сияқты жетекші компаниялар бар.

Ал екі ел арасындағы тауар айналымы былтырғы жылы 60%-ға артып, 1,8 миллиард долларды құраған.

Біз Лондонмен сауда және инвестиция салаларындағы байланыстарымызды кеңейтуге мүдделіміз. Британдық тараптың да Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға ниет танытып отырғанын ерекше атап өткім келеді, – деді Президент.

Өз кезегінде Нусрат Ғани құрмет көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына ризашылығын білдіріп, Ұлыбритания тарапы екіжақты байланыстарды дамытуға баса мән беретінін атап өтті.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер