Пардон, Путин. Ресейдің де Қазақстанмен санасатын тұсы бар ма?

2374
Adyrna.kz Telegram

Саяси, экономикалық салада Қазақстан Ресейсіз қадам баспайтыны белгілі. Алайда Ресейдің Қазақстанмен есептесетін тұстары қандай? Бұл туралы саясаттанушы мен экономист не дейді?

Бүгін, 9 қараша Қазақстанға Ресей президенті Владимир Путин келді. Көрші ел басшысының елге қадам басуы көптің талқысына түсуде. Сапар қарсаңында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев - ресейлік «Известия» басылымына, ал Ресей президенті "Казахстанская правда" газетіне сұхбат берді.

Сұхбат барысында олар екі ел арасындағы қарым-қатынас жайлы сөз еткен болатын. Қос президент саяси ахуалдарға баға беріп, ынтымақтастық, серіктестік тұрғысынан өткен шаққа және келешекке көз жүгіртті.

"Біз Ресей президентімен екіжақты саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін жан-жақты талқылауды жоспарлап отырмыз. Халықаралық ұйымдар мен интеграциялық құрылымдар аясындағы өзара әрекеттесу аспектілерін қарастырайық. Қазақстан-Ресей диалогының маңызды белгілері сындарлылық және өзара қолайлы нәтижеге бағдарлану болып табылады. Біз әрқашан ресейлік әріптестеріміздің ұстанымын ескеруге тырысамыз, ал олар біздің пікірімізді ескеруге тырысады" деді Тоқаев ресейлік журналист сауалына.

Ал Путин Қазақстандағы Ресейдің қатысы бар ірі кәсіпорындарды айта келіп, өзі аузынан тастамайтын «ортақ тарих» тақырыбына ойысып кеткен.

"Ресей Қазақстан экономикасындағы ірі инвесторлардың бірі. Қазақстанға жинақталған ресейлік инвестиция шамамен, 17 миллиард долларды құрайды. Республикада Ресейдің қатысуымен 6 мыңға жуық кәсіпорын бар. Ортақ тарихи өткеніміз, көп ғасырлық тату көршілік пен ынтымақтастық, нацизмге қарсы күресіп, Жеңісті жақындатқан ата-бабаларымыздың ерлігіне мақтаныш – халықтарымызды жақындастырып, дәстүрлі тығыз өзара тиімді байланыстарды нығайта түседі. Біз бұл баға жетпес байлықты бағалаймыз және азаматтарымыздың болашақ ұрпағы үшін оны арттыруға тырысамыз" деп атап өтті Путин Қазақстан жайлы.

Ал Путин сапарының қарсаңында Қазақстанға Франция президенті Макрон сапарлап, өткен аптада Астанада Түркі елдерінің оныншы саммиті өткен болатын.

Жалпы, Қазақстан мен Ресей қатынасында Астананың Мәскеумен санасатыны белгілі. Ал Мәскеудің де Астанамен санасатындай қандай механизмдері бар? Бұл мәселенің саяси және экономикалық қыры қандай?

«ҚАТЫНАСТЫ СУЫТПАУ ФАКТОРЛАРЫ»

Саясаттанушы Асхат Қасенғалидің айтуынша, Ресеймен байланысын сақтап қалған аз елдің бірі – Қазақстан.

 - Ресейдің Қазақстанға ықпал ететін тұстары жеткілікті. Ол Қазақстан мұнайының Ресей аумағы арқылы КТК құбырымен тасымалдануы, Қазақстан қоғамындағы орыс тілді азаматтардың көп болуы, Ресейдің қуатты әскері және басқа дегендей. Ал Қазақстан Ресейге ықпал ете ала ма? Бұл сәтте сұрақтың жауабын Ресей үшін дәл қазір Қазақстанмен қандай да бір қырғи-қабақтыққа түсудің қажеті жоқ екенін айтудан бастауымыз керек. Мәскеу күллі әлеммен қатынасын үзуде. Украинаға соғыс ашуы оны Батыспен әріптестіктен ажыратты, ал жақын одақтасы саналатын елдер Ресейді бұл соғыста ашық қолдамады. Тек Беларусь билігі ғана Ресейді ашық қолдап, қолпаштауда. Қазақстан бейтарап позицияны ұстанды, бұл бейтараптық Ресей сарапшылары тарапынан кейде «сатқындық» деп те бағаланып жататыны бар. Ресеймен жақсы қатынас сақтап қалған бірнеше ел ғана қалса, соның бірі - Қазақстан. Ресей үшін мұндай елмен қатынасты суыту ақымақтық болар еді, - дейді саясаттанушы.

Асхат Қасенғали сөзі былай жалғастырды.

- Екіншіден, Қазақстан Ресей тауарын оңтүстікке шығару жолы, транзиті. Үндістан, Пәкістан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстанға бару үшін де біздің аумақ керек. Үшіншіден, Ресейдің газ бен бірқатар мұнайы да біздің аумақ арқылы өтуде. Мысалы газ – Өзбекстанға, мұнай Қытайға кетеді. Қазақстан көпвекторлы саясат ұстанып келеді. Ресеймен де, Қытаймен де, Батыспен де әріптестік бар. Біржақты саясат ұстану, не батыстық яки қытайлық позицияға көшу Ресей үшін қауіпті әрі Қазақстан үшін қажет емес сценарий. Сол себепті де бұны Қазақстанның Ресейге ықпалы демесек те, екі арадағы қарым-қатынасты суытпау факторлары деуге болады, - деді саясаткер Асхат Қасенғали «Адырна» ұлттық порталына берген сұхбатында.

«БАРЛЫҚ МҮМКІНДІКТІ ПАЙДАЛАНУ»

Ал белгілі экономист Сапарбай Жобаев Қазақстанның Ресеймен әріптестігі әлде де дами беретінін айтады.

- Қазақстан мен Ресей ортасындағы әріптестік тарихтан келе жатыр. Біз егемендік алғаннан кейін тұңғыш президентіміздің ұсынысымен Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіне кірдік. Алдымен, бұл қауымдастық болды, кейін Кеден Одағы атанды. Бүгін де міне, Еуразиялық экономикалық одақ. Құрамына Қазақстан мен Ресей, Белоруссия, Қырғызстан мен Армения кіреді. Сондықтан біздің Ресеймен әріптестігіміз дами бермек. Оның үстіне біздің ең негізгі экономикалық әріптесіміз - Ресей. Қазақстанның қайтадан өнделген өнімдерін Ресейге экспорттайды. Себебі, Қытай, Еуропа біздің дайын өнімдерімізді күтіп отырған жоқ, ал Ресейдің кәсіпорындарымен бірлесіп біз көптеген өнімдерімізді Ресейге экспорттай аламыз. Сондықтан Ресеймен байланыс біз үшін маңызды, - дейді ол.

Экономист Сапарбай Жобаев сөзін былай сабақтады.

- Екіншіден, қаржы жүйесінде де Ресеймен байланысымыз өте күшті. Себебі екі мемлекеттің арасында шекара жоқ болғанннан кейін сауда айналымдары, кейін олардың бір-біріне байланысы әр уақытта бола бермек. Ал қалған мемлекеттер арқылы кеден, баж салықтарын, қосымша құн салықтарын қосып алсақ болады, ал Ресеймен бұндай іске біз бара алмаймыз, олар да бара алмайды. Сондықтан біздің сауда айналымымыз, бюджетті салық саясаты бойынша да біз гармонизация жасап, сәйкестендіргенбіз. Бізден Ресейге барып жұмыс істейтіндер, Ресейден бізге келіп істейтіндердің әлеуметтік сақтандаруы да қаралған, - деді экономист.

Сондай-ақ, ол Путиннің Қазақстанға келуі маңызды екенін айта кетіп, арада шешілмеген бірнеше тақырыптарға тоқтала өтті.

- Ресей мен Украина арасындағы соғыстан кейін, дамыған мемлекеттердің Ресейге салған санкциясынан кейін Ресей өзінің логистикасын, транспорт мәселелерін Қазақстан мен Қытай арқылы шешуге мәжбүр. Қазақстан арқылы Орталық Азияға, Үндістан, Пәкістанға бару жолдарын Ресей есептеп, кеңейтуге әрекет жасап жатыр. Өзінің шикізаттарын экспорттау мәселелерін шешпекші. Осылайша, Ресей Қазақстан арқылы барлық мүмкіндікті пайдаланбақ. Ресей санкциялардан кейін көп нәрсені импорттай алмай қалды. Бірақ басқа мемлекеттер, яғни Грузия, Армения, Әзербайжан және Орталық Азия Республикалары арқылы параллель импорт дегенді ойлап тапты. Мәселен, Қырғызстан Ресейге керектілерді басқа мемлекеттерден өзіне импорттайды, кейін оны Ресейге шығарады. Сондай-ақ, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан Каспий арқылы Астраханға шығатын жолды ашпақшы. Ал Қазақстан Еуропаның талабы бойынша шек қойған. Дегенмен, бауырлас мемлекеттер бұдан да айналып өту мәселесін шешіп жатыр. Меніңше, Путин Қазақстанға логистика мәселелерін шешу үшін келуі мүмкін, - дейді сарапшы.

- Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одаққа қосылғаннан бері Ресейдің контрабандасы Қытай дерегі бойынша, 20-21 млрд доллар екен, ал қырғыз мемлекеті 4-5 миллиардын ғана көрсетеді. Одан түсетін кеден салығы Еуразиялық одаққа мүше барлық елдерге бөлінуі керек. Біздің де 7-8 пайыз үлесіміз бар. Дегенмен Қырғызстан оны мойындап отырған жоқ. Путиннің осы мәселені қозғауы да мүмкін. Одан бөлек, экономика, транспорт, мәдени мәселелері айтылмақ. Сондықтан Путиннің Қазақстанға келгені маңызды,- деп сөзін қорытындылады экономист Сапарбай Жобаев.

Дана Нұрмұханбет

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

Пікірлер