«Бала арманыма жету үшін барымды салдым» – Әділ Еркінұлы

1471
Adyrna.kz Telegram
фото: Әділ Еркінұлы
фото: Әділ Еркінұлы

Бүгін – Құтқарушылар күні. Бұл мамандықтың абыройы - адам өмірін өлімнен арашалап қалатын ғажайып іспен өлшенеді. Бүгінде өрт сөндіру қызметі саласында 6 жылға жуық қызмет етіп, адам өмірін арашалап жүрген Әділ Еркінұлымен әңгімелесіп көрдік.

Әділ Еркінұлы – Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі, №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы.

Әділ мырза, бұл салаға қалай келдіңіз?

– Әскери мамандықты таңдау бала кезден арманым. 2014 жылы Көкшетау қаласындағы әскери институтқа түсу үшін ҰБТ тапсырып, өте алмай, әскерге кеттім. Өзім ағам әскери адам болған соң, қызығатынмын. Әскерден келген соң, «набор» болып жатыр дегенді естіп, қазіргі мамандығыма оқуға түстім. 2018 жылы осы сала бойынша жұмысымды бастадым. 6 жыл болды.

Тікелей өзіңіз адам өміріне араша түскен кезіңіз болды ма?

– Иә болды. 2022 жылы қарашада Алматы қаласы, Бостандық ауданында (нақты мекені есімде жоқ) 2 жасар қызды өрттің ішінен алып шықтым. Сол кезде депутат Ардақ Назаров көріп, өзінің инстаграм парақшасына салған. Нәтижесінде Мемлекет басшысы Қ.Ж. Тоқаевтан «Ерлігі үшін» медаль алдым.

Бөлімшеде неше адам бар? Ұжымдағы ахуал қандай?

– Ұжым қатты ұнайды. Туып өскен жерім Тараз қаласы болған соң, сол жаққа ауысуға болатын еді. Бірақ ұжым мүшелерін қимаймын. Барлығы 17 қызметкер жұмыс істейміз. Барлығы жақсы, тәрбиелі. Екінші отбасымдай болып кетті.

Отбасыңыз жұмысыңызға қалай қарайды?

– Әйелім менімен мақтанады. Анам басында қарсы болған «Қауіпті жұмыс қой, неге бұл саланы таңдап жатсың. Жазым деген табан астында» деп. Әйелім халыққа қызмет етіп, алғысын алуға әрдайым қолдау көрсетеді. Анам қазір өз ойын өзгертіп, «Оқы, көтеріл, арманыңа жет!» деп тілеулес болып отырады.

Мереке қарсаңында әріптестеріңізге қандай тілегіңіз бар?

Әріптестерімді мерекемен құттықтаймын. Батылдық пен батырлық, кез келген жағдайда құтқаруға дайын болу – өрт сөндірушілердің ерекше қасиеті. Бәріне бейбітшілік, бақыт, отбасыңыз, қалаңыз, еліңіз үшін өз қызметіңізде адал және батыл болуды тілеймін! Мереке құтты болсын!

Әңгімеңізге рақмет!

Динара Боранбай
«Адырна» порталы

Пікірлер