АҚШ-тағы үш автоконцерн зауытында ереуіл басталды

2300
Adyrna.kz Telegram

Наразылық шаралары алғаш рет АҚШ-тағы үш ірі автомобиль зауытында басталды. Халықаралық БАҚ-тың жазуынша, мұндай наразылық шаралары 2024 жылғы сайлауда Президент Байденге қиындық тудыруы мүмкін. Бұл жайлы "Адырна" ұлттық порталы хабарлайды. 

АҚШ-тағы үш автомобиль зауытында, 15 қыркүйекте, түн ортасынан бастап ереуіл басталды. Наразылық шараларын  United Auto Workers (UAW) автоөнеркәсіп қызметкерлері ұйымдастырды. 150 мың UAW мүшесінің 13 мың қызметкері өз жұмысын тоқтатты. Миссури мен Мичиган Штаттарындағы General Motors және Ford, Огайодағы Chrysler және Jeep автомобиль брендтері шығатын үш концернінде де жұмыс тоқтады.

Кәсіподақ өкілдері төрт жыл бойы жалақыны 36 пайызға көтеруге ұмтылуда. Бастапқыда UAW жалақыны 40 пайызға көтеруді талап еткен. Сонымен қатар, кәсіподақ 2008 жылғы қаржылық дағдарыстан кейін тоқтаған кей әлеуметтік төлемдерді қайта бастауды талап етеді. Ал жұмыс берушілер 4,5 жыл ішінде жалақыны 20 пайызға арттыруды ұсынды.

UAW төрағасы Шон Фейн өз сөзінде инфляцияның жоғары екенін және автоконцерндер пайдасына жалақының сай келмейтінін мәлімдеді.

Форд басшысы Джим Фарли CNBC-ге берген сұхбатында мұндай талаптарды орындай алмайтынын айтты, өйткені мұндай талаптар компанияны банкроттыққа әкеледі. Кәсіподақ өкілдері бұған жауап ретінде компанияның  өткен жылғы кірісін алға тартты (21 миллион доллар болған).

Сарапшылар мұндай наразылық шараларының сайлауға салқынын тигізіп, Байденнің қайта билікке келуіне тосқауыл болатынын айтады.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер