Жарыс жолындағы жетеу. Кім-қанша қол жинады?

2206

Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясына құжат тапсырып, мемлекеттік тіл емтиханынан өткен жеті адамның есім-сойы белгілі. Енді ол азаматтар қол жинау науқанына кірісіп кеткен. Бүгін сол жетілік туралы жазбақпыз...

ОСК-ға құжат тапсырған 9 адам:

Қасым-Жомарт Тоқаев;

Дания Еспаева;

Жамбыл Ахметбеков;

Төлеутай Рахымбеков;

Әміржан Қосанов;

Амангелді Таспихов;

Сәдібек Түгел;

Жұматай Әлиев;

Талғат Ерғалиев.

Ерғалиев өз еркімен бас тартты

Орталық сайлау комиссиясына құжат тапсырған тоғызыншы адам – кәсіпкер Талғат Ерғалиев еді. Талғат Ерғалиев «Ақ жол» партиясының өкілі. Партия сьезінде ішкі дауыс беру кезінде Дания Еспаеваден аз дауыс жинап, үміткер атана алмаған. Кейін ол «Қазақстан құрылысшылар одағы» республикалық бірлестігінің атынан құжат тапсырған. Партия төрағасы Азат Перуашевтің кеңесімен, ол партияның біріңғай таңдалған кандидаты Дания Еспаеваны қолдау үшін өз өтінішін қайтарып алды.

Әлиев қазақ тілін жетік білмейтін болып шықты

Ал Жұматай Әлиев мемлекеттік тілді еркін меңгермегенң себепті лингвистикалық комиссия емтиханынан өтпей қалды. Лингвистикалық комиссия қорытындысына сәйкес, ОСК Жұматай Әлиевті президенттікке үміткер ретінде тіркеуден бас тартты.

Жарыс жолындағы жетеудің жас категориясы:

Қасым-Жомарт Тоқаев – 65 жаста;

Сәдібек Түгел – 64 жаста;

Амангелді Таспихов – 60 жаста;

Дания Еспаева – 58 жаста;

Жамбыл Ахметбеков – 58 жаста;

Төлеутай Рахымбеков – 55 жаста;

Әміржан Қосанов – 54 жаста.

Президенттікке үміткер ретінде ОСК-ға құжат тапсырған сегіз адамның ішінде 40-50 жас аралығындағы бірде-бір адам жоқ. Потенциалды кандидаттардың ішінде салыстырмалы түрде ең жасы – Әміржан Қосанов екен.

Тіл емтиханы

Мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау үшін Орталық сайлау комиссиясы жанынан құрылған лингвистикалық комиссия ОСК-ға құжат тапсырған 8 аданың барлығынан мемлекеттік тіл емтиханын қабылдады. Емтихан нәтижесінде:

7 үміткер мемлекеттік тілді, қазақ тілін еркін меңгерген деген қортытынды жасалды. Ал ОСК-ға соңғы болып құжат өткізген Жұматай Әлиев 13 сөйлемнен 19 қате жіберіп, тіл емтиханынан өтпей қалды. Ал қалған жеті үміткердің ішінде жалғыз Сәдібек Түгел жазбаша жұмыс кезінде аздаған пунктуациялық қателіктер жіберген. Лингвистикалық комиссия қорытындысы бойынша, әрі қарай жеті адам президенттік додаға қатыса алады.

Енді осы қалған жеті үміткер мен оларды ұсынған ұйымдар туралы аз-кем ақпар бере кеткенді жөн көрдік...

Қасым-Жомарт Тоқаев. Тоқаевтың кандидатурасын «Нұр Отан» партиясының сьезінде партия төрағасы ұсынды.

Тоқаев биліктегі бас партияның төрағасы басшы болуға лайық деп таныған адам. Тоқаевтың да үлкен саясатта жүргеніне отыз жылдан асты. Жаңа кадр, жаңа адам деп айта алмайсыз.

Тоқаев – бұрынғы КСРО дейтін құрама елдің Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы қызметкері. Ол – Қазақстанның бұрынғы Сыртқы істер министрі. Ол – Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі. Ол – Қазақстан Сенатының бұрынғы төрағасы. Ол – БҰҰ Бас  хатшысының бұрынғы орынбасары.

Дания Еспаева. «Ақ жол» партиясы сьез өткізіп, өз ішінде дауыс беру арқылы 6 үміткердің ішінен Дания Еспаеваның кандидатурасын анықтады.

Дания Еспаева Тәуелсіздік тарихында Қазақстан президенттігіне үміткер тұңғыш әйел адам. Еспаева – бұрынғы банк қызметкері. Бұрынғы «БТА Банктің» бұрынғы бас маманы.  Бұрынғы мәслихат депутаты.  Банк саласында 30 жылдан астам уақыт қызмет еткен.

Жамбыл Ахметбеков. Ахметбековтің кандидатурасын «Коммунистер» партиясы сьезі ұсынды. Сьезге қатысушы делегаттар оны бірауыздан қолдады.

Жамбыл Ахметбеков президенттікке екінші рет түскелі отыр. Ол – бұрын мәдениет басқармасын, сосын спорт-туризм басқармасын басқарған. Ол – бұрын Қорғалжың ауданында бірқатар қызметтерді атқарған. Ол – бұрынғы сайлаудың бұрынғы үміткері болды. Ол – бұрын Нұрсұлтан Назарбаевқа жеңілген.

Төлеутай Рақымбеков. Бұрынғы АШ вице-министрі Рақымбековті «Ауыл» партиясы ұсынған. Астанада өткен сьезде оның кандидатурасы бірауыздан мақұлданды.

Төлеутай Рахымбеков – бұрынғы бизнесмен. Сәтбаев қаласы әкімінің, Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы орынбасары. Ауылшаруашылығы министрлігінің бұрынғы департамент басшысы. Аталған министрліктің бұрынғы вице-министрі.

Әміржан Қосанов. Қосановтың кандидатурасын «Ұлт тағдыры» республикалық қозғалысы ұсынды. Алматыда өткен құрылтайда Қосановтың кандидатурасы басым дауыспен таңдалған. Құрылтайға қатысушы жалғыз адам Қосановқа қарсы дауыс берді.

Әміржан Қосанов – бұрынғы журналист. Ол – Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитеттің бұрынғы басшысы. Ол – бұрынғы премьердің бұрынғы орынбасары. Бұл премьер-министрдің және Үкіметтің бұрынғы баспасөз хатшысы. Ол – ЖСДП-ның бұрынғы басшыларының бірі.

Амангелді Таспихов. ҚР Кәсіподақтар федерациясы Амангелді Таспиховты және экс-депутат Мұхтар Тінікеевті ұсынған. Тінікеев мемлекеттік тілді жетік меңгермегенін алға тартып, өз еркімен бас тартты. Сөйтіп федерация Таспиховты қолдаған.

Амангелді Таспихов бұрынғы өндіріс саласының қызметкері. ҚР Сауда және индустрия министрлігінің бұрынғы қызметкері. Бұрынғы Сенат депутаты. Бұрынғы Мәжіліс депутаты.

Сәдібек Түгел. Сәдібек түгел ОСК-ға құжат тапсырған алғашқы үміткер. Оның кандидатурасын «Ұлы Дала Қырандары» республикалық бірлестігі ұсынған.

Сәдібек Түгел бұрынғы журналист. Ақмолада облыс әкімінің баспасөз хатшысы болған. Бұрын «Менің Қазақстаным» қозғалысын басқарған.

ОСК ресми тіркеген кандидаттар:

Қасым-Жомарт Тоқаев ОСК тіркеген ең бірінші үміткер. Ол мемлекеттік тіл емтиханын тапсырып, комиссияның жоғарғы бағасын алған.

Ол Қазақстанның 17 өңірінен 315 910 азаматтың қолын жинаған. Олардың 313 653-і дұрыс деп танылды.

3 мамыр күні ОСК Сәдібек Түгелді ресми түрде тіркеді. Ол мемлекеттік тіл емтиханының жазбаша жұмысында пунктуациялық қателіктер жіберген.

Сәдібек Түгел Қазақстанның 15 өңірінен 122 102 азаматтың қолын жинаған. Олардың 120 175-і дұрыс деп танылған.

ОСК 4 мамыр күні Амангелді Таспиховты тіркеді. Ол мемлекеттік тіл емтиханын жақсы тапсырған.

Таспихов Қазақстанның 15 өңірінен 122 770 азаматтың қолын жинаған. Олардың 119 577-і рас деп танылған. Айтпақшы, Амангелді Таспихов Алматы мен Шымкент қалаларынан қол жинамаған.

ОСК ресми түрде тіркеген төртінші кандидат – Дания Еспаева. Дания Еспаева осыған дейін лингвистикалық комиссияның жоғары бағасын алған.

Еспаева Қазақстанның 17 өңірінен 144 098 азаматтың қолын жинаған. Олардың 139 541-і рас деп танылған.

Айта кетейік, осыған дейін президенттікке үміткер Әміржан Қосановтың штабы электораттың 1 пайыз дауысын жинағанын, қолдаушылардың жинаған қолының саны 100 мыңнан асқанын хабарлаған.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket