Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасы туралы

196

Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасы туралы

1. «Алтын сақина» құдіреті
Қошке Кемеңгерұлының аты қазақ драматургиясының тарихында алтын әріппен жазылған. Қазақтың мемлекеттік театры 1926 жылы 13 қаңтарда Қошкенің «Алтын сақинасымен» шымылдығын ашқан. «Еңбекші қазақ» газетінің 1926 жылдың 10 (447) санында пьесаның «Ғинуардың 13-і күні кешкі сағат 6-да мемлекеттік ұлт тиатрының ашылу мерекесі болады. Тиатр әртістері Кемеңгерұлының «Алтын сақинасын» ойнайды» деген афишасы берілген.
«Алтын сақина» Қошкенің жан-жақты шығармашылығының бір ғана қыры дегенмен ерекше қыры. «Ұлт театры туралы» мақаласында пьесаны талдай келе қазақтың сол кезеңдегі өрен азаматы Смағұл Садуақасов «Алтын сақина-тәуір пьеса. Қошмағамбет Жүсіпбектен арағұрлым тереңірек. Жеке адамның ішкі сыры бұған анағұрлым танысырақ. Тегінде Қошмағамбет қолынан жақсы пьесалар шығуы мүмкін» дейді (7, 276-277 бб.). Смағұл осылай деп бастайды да пьесаны сахналаудағы кемшіліктерге ауысып кетеді, одан кейін М.Әуезовтың «Еңлік -Кебегін», С.Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарларын» талдайды. С. Садуақасовтың қазақ драматругиясының негізін салып жатқан өз замандастары туралы пікірлері оның танымының тереңдігін де, жан-жақтылығын да, көркемдігін де көрсетеді. Оқып отырып риза боласың. «Сәкенде Жүсіпбек сияқты үстірт кететін мінез көп, -дейді Смағұл осы мақалада, бірақ ұқсаспайтын жері де бар. Жүсіпбектің жүріп кеткенін біле алмай қаласың. Жүсіпбек ыңғайлы, епті бозбала. Сәкен ондай емес. Тарп-тарп етіп келе жатқаны анадайдан естіледі» (7, 277 б.). Өкінішке орай қазақтың театртануы кейін осы Смағұл Садуақасов шығарған деңгейді ұстап тұра алмады. Бұған қазақты да кінәлауға болмайды. Қатал заман, қуғын -сүргін текті, парасатты, ойлы азаматтардың түбіне жетті, тіпті қазақ театрының тұңғышы «Алтын сақина» туралы жазу түгілі, оны атаудың өзі қауіпке айналды. Қошке ақталғаннан кейін «Алтын сақинасы» туралы сөз болғанда, ең алдымен айтылғаны әйел теңдігі мәселесі, екіншіден Смағұлдың айтып кеткен «көріністердің тым қысқалығы», үшіншіден Қошке шығармаларының ескіргені. 1960 жылдардың басында Қошке еңбектері баспадан жарық көру үшін пікір жазған Қ.Сатыбалдин «Алтын сақина» пьесасында теңсіздік тақсыретін тартқан қазақ әйелінің аянышты халін суреттейді. Пьесаның оқиғасы қою, тілі тартымды. Пьесада надандық әшкере болады», - дейді. Қошкенің «Алтын сақина» арқылы айтпақ болғаны әйел теңдігі ме, жоқ, басқа сыры бар ма?
Біз театр сыншыларының, соның ішінде белгілі өнер зерттеушісі, өнертану ғылымдарының докторы, профессор Бағыбек Құндақбаевтың, пьесаны сахналауға қатысты айтқан пікірлерімен келісеміз, сонымен бірге біз «Алтын сақинаның» зейінді көрерменіне айтпақ болған, театр сыншыларының назарынан тыс қалған ішкі сыры да бар деген пікірдеміз. Смағұл «Қошмағамбет Жүсіпбектен арағұрлым тереңірек» деп нені меңзеп тұр ? Осы сұраққа жауап беру мақаланың мақсаты.
Тағы бір қызықты дүние. 1957 жылы Қошке ақталды. Советтік тоталитаризм кезеңінде әбден қорлықты көрген, аштық қырғынынан өткен, жақсысынан «халық жауы» деп айрылған, орыстың өктемдігінен бұғып қалған қазақ қоғамы еңсесін көтере бастады. 1937 жылы тексіз жүйе атып тастаған Қошкені жадынан өшірмеген, іздеуден тайсалмаған жары Гүлсім, балалары Зайра, Нармамбет, Сәуле енді әкеден қалған рухани дүниені жариялауға кіріседі. Сол кездегі қазақ зиялыларының бірі қарсы болды, бірі көмектесуге қаймықты, әйтеуір Қошке еңбектері 1965 жылы шағын алғы сөзбен жарық көрді. Ең ғажабы бұл жинақ та «Алтын сақина» деген атпен оқырман қолына келді.
Қошкенің «Алтын сақинасы» бүгінгі күні қаншалықты өзекті, ол пьесаның тәуелсізідіктің жиырма бесінші жылының табалдырығында тұрған қазақ еліне пайдасы бар ма ? Алаш қайраткерінің бәрі де тума талант, әмбебап адамдар болды, оларды мыңдаған жылдар бойы қазақ қоғамының сұрыптап алдып шыққан жемісі деп те қарастыруға болады. Олардың шығармаларында ұлттық рух, елдік мәселесі бәрінен жоғары тұрады. Алаш қайраткерлерінің еңбектерінде тек қана қоғам қажет еткен ұлы идеяларды көреміз. Ол кезде Қошкенің «Алтын сақинасынан» басқа пьесалар болмады деп айта алмаймыз. Сонда «Алтын сақинаның» қандай құдіреті бар ? Қошкетануды қазіргі биік деңгейіне жеткізген профессор Диқан Қамзабекұлы 1996 жылы жазушының таңдамалы жинағын құрастырып, алғы сөзін жазғанда «Қошкенің драматургтік шеберлігін де жеке-дара қарастырған жөн» деген екен (2, 30 б.). Бұл салада әлі күнге дейін салмақты іс тындырылмағанға ұқсайды. Бір қарағанда «Алтын сақина» тұрмыстық оқиғаға арналғанымен, мүмкін оның астары бар шығар, ал астары болса автор ол жерге қандай ойды бүркемеледі ? Елдік мәселе емес пе екен ?

Жалғасы бар.

Ж.О.Артықбаев-Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры, т.ғ.д.

Пікірлер