Сайлауға бойкот жариялаған ЖСДП басшысы ауысты

2095
Adyrna.kz Telegram

Сәуірдің 26-сы күні Алматы қаласында өткен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының 14-съезінде негізінен партияның алдағы президент сайлауына қатысу-қатыспау мәселесі қаралды. Партияның саяси кеңесі журналист Ермұрат Бапиды сайлауға үміткер ретінде ұсынғанмен делегаттардың басым бөлігі сайлауға қатыспай, бойкот жариялауды қолдады. Құрылтай соңында партия жетекшісі болып Ермұрат Бапи сайланды.

Шамамен бір жарым сағатқа созылған Алматыдағы ЖСДП съезінде партия өкілдері маусым айына белгіленген президент сайлауына қатыспай, бойкот жариялау туралы шешім қабылдады. Биліктің елде ашық сайлау өткізуге мүмкіндік қалдырмай отырғанын айтқан делегаттар президент сайлауынан гөрі парламент сайлауының маңызды екенін атап өтті.

Тікелей эфир: ЖСДП съезі (26.04.2019).

ПАРТИЯ РЕЗОЛЮЦИЯСЫ

26 сәуір күнгі партия резолюциясында құжат авторлары алдағы президент сайлауының бұрынғы сайлаулардан еш айырмасы болмайтынын, бұл жолы да билік әкімшілік ресурстарды мейлінше қолданып, сайлау заңнамасын бұзады деп болжаған.

Елдегі саяси кеңістіктің оппозициядан тазартылғанын атап өткен партия өкілдері биліктің бұл жолы да сайлауды қысқа уақыт аралығына белгілеп, қарсыластарының сайлауға қатысуына еш мүмкіндік қалдырмағанын жазған.

"Сайлау процесін жеделдету - қазіргі биліктің өз өкілетін ұзарту формасына айналып кетті, оппозиция үміткерінің өте қысқа уақыт аралығында сайлауға дайындалу мүмкіндігі онсыз да аз еді" делінген партия резолюциясында.

Партия 2011, 2015 жылдардағы президент сайлауынан дәл осы себеппен қатысудан бас тартып өткенін жазып: "ЖСДП мұндай сайлауға қатысуды мағынасыз деп санайды, бұл фарсты заңдастырғысы келмейді және үміткер ұсынудан бас тартады" деген.

ҚҰРЫЛТАЙ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

Қазақстанның саяси кеңістігінде өзін билікке оппозициялық күш ретінде көрсететін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының 26 сәуір күнгі Алматыда өткен құрылтайына түрлі аймақтан 38 партия делегаты жиналды.

Құрылтай алдында партия төрағасы Жармахан Тұяқбай өткен аптада саяси кеңестің «Дат» газеттер жобасының жетекшісі, журналист Ермұрат Бапиды сайлауға қатысатын үміткер ретінде ұсынғанын айтып, делегаттардан пікір айтуын сұрады.

Съезден көрініс. Алматы, 26 сәуір 2019 жыл.
Съезден көрініс. Алматы, 26 сәуір 2019 жыл.

"Егер әділ сайлау өткенде Ермұрат Бапи көп дауыс алушы еді" деген партия өкілдері маусым айына белгіленген президент сайлауына қатыспай, белсенді түрде бойкот жариялау қажеттігін айтты.

Асхат Рақымжан, Тазабек Сәмбетбай сияқты партия өкілдері елде әділ сайлау өткізудің мүмкін еместігін айтып, бар күш пен жігерді осы жылдың аяғында немесе келесі жылдың басында болатын шешуші парламент сайлауына жұмсау керектігін, соған дайындалу қажеттігін айтты. Украинадағыдай ашық сайлауға "қызыға да, қызғана да қарауға" болатынын айтқан ЖСДП-ның кейбір мүшелері елде саяси бәсекелестіктің жоқтығына өкініш білдірді.

Жиын соңына таман "бұрын бір ғана қуыршақ болса, қазір бәрі қуыршақ" деген журналист Ермұрат Бапи съезд пікірін ескере отырып, кандидатурасын алып тастайтынын жеткізді.

Партияның бірнеше өкілі "бойкот жариялаудан еш пайда жоқ, одан да сайлауалды науқанды қолданып, партияның танымалдығын арттырып, тәжірибе жинау керектігін" айтқанмен басым бөлігі бойкотты қолдады.

Жиын соңында делегаттар партия төрағалығына Ермұрат Бапиды сайлау мәселесін қарап, дауыс берді. Үш рет дауыс беруден кейін партия басшысы ретінде Ермұрат Бапи сайланды.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымға белгіленген.

Бұған дейін "Бірлік" партиясы сайлауға қатыспайтынын мәлімдеген. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы - Қазақстанда ресми тіркелген жалғыз оппозициялық партия.

Сәуір айының ортасында орталық сайлау комиссиясы Қазақстанда тіркелген жеті партия бар екенін, алайда іс жүзінде алты партияның белсенді жұмыс істейтінін айтқан. Бұлар: "Ақ жол", "Ауыл", "Бірлік", Қазақстанның халықтық коммунистік партиясы, "Нұр Отан" және ЖСДП (Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы). ОСК "Азат" партиясының хабарсыз кеткенін, бірде-бір шараға қатыспайтынын айтқан.

Қазірге дейін саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден ұсынылған кандидаттар:

  • Сәдібек Түгел - "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы​ (тіл емтиханынан өтті);
  • Қасым-Жомарт Тоқаев - "Нұр Отан" партиясы (тіл емтиханынан өтті);
  • Амангелді Таспихов - Қазақстан кәсіподақтар федерациясы (ОСК-ға құжаттарын тапсырды);
  • Дания Еспаева - "Ақ жол" партиясы;
  • Төлеутай Рақымбеков – “Ауыл” партиясы;
  • Жамбыл Ахметбеков - "Қазақстанның халықтық коммунистік партиясы"

"Азаттық" радиосы

Пікірлер