Сайлау қарсаңында. Әкім кімге, неге жақын болуы керек?

2092
Adyrna.kz Telegram

Биыл аудан мен облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы қанатқақты режімде, ал 2025 жылдан бастап жаппай өткізіле бастайды. Демек халық еліміздегі үш мегаполис пен облыс және облыс орталығындағы қала әкімінен басқа барлық деңгейдегі әкімді өзі тікелей сайлай алады. Әкім сайлауы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қаншалықты оң әсер етеді?

БОЛАР ӘКІМГЕ ҚАНДАЙ ТАЛАП ҚОЙЫЛАДЫ?

Кандидаттарды ауыл әкімдерін сайлағандай, яғни тіркелген саяси партиялар және жоғары тұрған әкім ұсына алады. Егер ұсыну мерзімі аяқталған кезде бір ғана кандидат болса, оған балама ретінде облыс әкімі екінші кандидатты ұсынады. Ал кандидаттар мүлдем болмаса, онда облыс әкімі екі кандидатураны ұсынады. Ал өзін-өзі ұсынған кандидат сайлауға қатысуы үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте тұратын сайлаушылардың кемінде бір пайыз қолын жинауы керек.

Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдеріне кандидат Қазақстан азаматы болуы және 25 жастан төмен болмауы, сондай-ақ жекелеген мемлекеттік саяси лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келуге тиіс. Кандидат еңбек өтілі бойынша талаптардың 11 нұсқасының бәріне де сәйкес келуге тиіс. Бұл ретте мемлекеттік қызметте жұмыс тәжірибесінің болуы міндетті емес. Бірақ, кемінде бес жыл жұмыс өтілі, оның ішінде орташа жылдық штат саны кемінде елу адам болатын орта кәсіпкерлік субъектілерінің не коммерциялық емес ұйымдардың басшы лауазымдарында кемінде екі жыл жұмыс өтілі немесе президенттік жастар кадрлық резервіне алынған адамдар үшін кемінде бес жыл жұмыс өтілі және тағы басқалар болуы мүмкін.

Сайланатын әкімнің өкілеттік мерзімі – 4 жыл. Бір адам қатарынан екі реттен артық аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі болып сайлана алмайды. Сонымен қатар аудан және облыстық маңызы бар қала мәслихаттарына мәслихат депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша әкімге өз міндеттерін тиісінше орындамаған жағдайда сенімсіздік білдіру туралы мәселені қарау жөніндегі өкілеттіктер беріледі. Бұл жағдайда мәслихат депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен әкімге сенімсіздік білдіруге және жоғары тұрған әкімнің алдына оны қызметтен босату туралы мәселе қоюға құқылы.

Бекітілген талаптың ішінде екі бірдей «әттеген-ай» бар секілді. Оның біріншісі жұмыс өтіліне байланысты. Бұл жерде президент сайлауында кандидатқа қойылатын 5 жылдық мемлекеттік қызмет талап етілмейді екен. Бірақ орташа жылдық штат саны кемінде елу адам болатын орта кәсіпкерлік субъектілерінің не коммерциялық емес ұйымдардың басшы лауазымдарында кемінде екі жыл жұмыс өтілін талап ету қаншалықты орынды? Заңда аудан әкімі болғысы келетін кез келген адамға мүмкіндік берілу керек еді.

Сондай-ақ аудан немесе облыстық маңызы бар қала әкімін мәслихат депутаттары арқылы алып тастау қаншалықты орынды?

Аталған депутаттар әділ сайланбағаннан кейін облыс әкіміне бағынышты болып шықпай ма? Ұзын сөздің қысқасы, бұл талап, ыңғайсыз әкімді қызметтен алуға арналған тетік болып жүрмей ме?

«САЯСИ ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕФОРМА ЖҮРГІЗУ ҚАЖЕТ»

Саясаттанушы Әзімбай Ғали әкім сайлауы өте маңызды қадам екенін айтады. Себебі ол саяси құқықтық реформа жүргізбей, елдің экономикалық жағдайы түзелмейтінін тілге тиек етті.

«Қазақстан 1990 жылдары пәрменді экономикалық саясат жүргізді. Соның арқасында біз тәп-тәуір экономикалық қарқын алдық. Бірақ бұл бізге жеткіліксіз екен. Енді бізге саяси құқықтық реформа жасау керек екен. Ол үшін нақты жұмыс істейтін демократиялық институттар қалыптасуы керек. Экономикалық реформадан кейін экономикамыз түзелгені жасырын емес. Бірақ бара келе бізге бір маңызды фактор жетіспейтіні белігілі болды. Ол меншікке кепілдік беру мәселесі. Сен өз еңбегіңмен бизнесте қаржы жинадың, бірақ оны ұстап тұратыныңа ешқандай кепілдік жоқ. Оны әлде бір адам тартып алуы әбден мүмкін. Сондықтан құқықтық саяси реформа жүргізілу керек. Құқықтық саяси реформаның мақсаты меншік пен дербес адамға кепілдік беру болып саналады», – дейді ол.

Әзімбай Ғали әкім сайлауы сепаратистік көңіл-күйді арттырып жіберу мүмкін деп санайды. Әйтсе де ол билік осыны сылтау етіп, саяси құқықтық реформа жүргізбей отырғанын еске салды.

«Қазақстанда орыс диаспорасы өте көп тұрады. Құдай басқа бермесін, бірақ кей өңірде сепаратистік көңіл-күй пайда болуы мүмкін. Шын мәнінде біздің елімізде мұндай қауіп бар. Әу баста айтқанымдай біздің елде экономикалық реформа өте жақсы өтті, ал құқықтық саяси реформа жартылай жүріп жатыр. Сепаратистік себеп билікке саяси реформаны жартылай жасауға сылтау болды. Біздің номенклатура кейде қисынды, кейде қисынсыз «Бір пәле болса, оны тоқтата алмай қаламыз. Экономикалық өзгеріс жасадық, бірақ саяси құқықтық реформа керек жоқ» деп шошытады. Бірақ шын мәнінде аудандар өзін өзі басқару керек. Бірақ біз «сепаратизм болады» деп қорқамыз. Біздің басшыларда саяси жігер жетіспейді. Қауіп бар. Бірақ саяси құқықтық реформаны жасау керек. Бұрын «Экономикалық реформа жүргізсек болды, саяси реформа жүргізудің қажеті жоқ» дегендей көзқарас болды. Бірақ саяси құқықтық реформа жасалмаса, экономикалық реформа жартылай жұмыс істейтінін көріп отырмыз. Сондықтан бізге саяси құқықтық реформа жасау керек. Оған толық бара алмаймыз немесе жартылай жасап, көзалдау жасай аламыз. Оған негізгі себеп орыс сепаратизмі асқынып кете ме деген алаң болып отыр. Мұндай қауіп бар. Бірақ оның шын мәнінде қаншалықты қауіпті болатынын бір Құдай біледі», – дейді Әзімбай Ғали.

«ЖЕРГІЛІКТІ ЖЕРДІҢ МӘСЕЛЕСІН ТЫҢДАП, ДҰРЫС ШЕШСЕ»

Ал саясаттанушы Мақсат Жақау Әзімбай Ғалидың «сепаратистік жағдай болуы мүмкін» деген көзқарасымен келіспейді. Өйткені ол кандидат тіркелмес бұрын құзырлы орган тарапынан жіті тексерістен өту керек екенін ескертті.

«Бұл жерде өзін өзі басқару заңына назар аудару керек. Сепаратистік ұстанымдағы адам кандидат тіркелместен бұрын, оның Ата заңды, қазақ тарихын және мемлекеттік тілді қаншалықты деңгейде меңгергені назарға алынуы керек. Сондай-ақ ол жергілікті жерде өз кәсібімен халыққа пайдасын тигізген азамат болу керек. Осы талаптарға сәйкес келетін азамат болса, ол кандидат ретінде тіркелу керек. Бұл Қазақстан болғандықтан қазақтың ғана құқығы қорғалады деген сөз емес, елімізде түрлі этнос өкілдеріне де назар аудару керек. Ал ертең күні сепаратистік мәселе болып жатса, оған жоғарыда аталған заңдар жауап беру керек. Егер кандидаттың ойы бұзық болатын болса, «ҰҚК мен жергілікті азаматтық белсенділер және БАҚ қайда қарап отыр?» деген сұрақ туындайды. Қазір әлеуметттік желіде қандай да шенеунікке байланысты дау болса, ол жауап беріп жатады. Кез келген адам әкім болғысы келсе, әу баста айтылған талапқа сай болуы керек. Сол кезде ғана мемлекетшіл әкімдерді сайлай аламыз. Кейін келе-келе қандай да бір мәселе болып жатса, ол басқа әңгіме. Мысалы, жоғары қызметке адам тағайындаған кезде, ол жіті тексеруден өтеді. Сол секілді кандидаттарды да тексеру керек. Ал енді «Солтүстікке орыстар әкім болып, қазақтарға күн көрсетпей қояды» деген дүние болмайды. Мұндай байбалам салудың қажеті жоқ. Мемлекеттік тілден бастап, Ата заңды, қазақ тарихын жақсы білетін азамат, мейлі ол қазақ болсын, орыс немесе татар болсын әкім болып сайлану керек. Ертең күні жергілікті жердің мәселесін тыңдап, оны дұрыс шешсе болды. Ал енді сепаратистік ой әкімдерден ғана шығады деген қате түсінік», – дейді ол.

Серік Жолдасбай
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер