Атырау облысында Ералы су қоймасынан қырылған балықтың 17 келі өлексесі шығарылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме көрсете отырып.
Қызылқоға аудандық әкімдігінің мәліметінше, 7 шілдеде Ералы су қоймасының маңындағы Меңдібай учаскесінде ақбалық қырылған.
«Оқиға орнына Ойыл ауылдық округінің әкімі мен 6 ерікті барып, жағдайды анықтады. Олар жергілікті уақытпен сағат 12:00-19:00 аралығында су қоймасын өлген балықтан тазалау жұмыстарын жүргізді. Ералы су коймасының Меңдібай учаскесінен 17 келі шамасында өлген балық сүзіліп алынып, арнайы орынға көмілді», - деп хабарлады аудандық әкімдіктен.
Ал, бүгін, 8 шілдеде жергілікті атқарушы орган қызметкерлері Меңдібай учаскесінде қосымша анықтау жұмыстарын жүргізді. Су қоймасының басқа учаскелерінен балықтың өлу дерегі анықталған жоқ.
«Су қоймасынан қырылған балық өлексесін жинауға атсалысқан еріктілердің айтуына қарағанда, ақбалықтар ешқандай аурудан немесе басқа себептен қырылмаған. Өлген шабақтарда әртүрлі жарақат ізі бар. Сол себептен, заңсыз балық аулаушылар ауланған балықтарды су қоймасына кері лақтырып кетуі мүмкін деген болжам жасалып отыр», - деп мәлім етті аудандық әкімдіктен.
Балықтың қырылғаны жөнінде облыстық балық шаруашылығы басқармасына хабарланған. Бүгін, 8 шілдеде облыстық басқарманың мамандары Қызылқоға ауданына жіберілген еді.
"Адырна" ұлттық порталы