Home » Басты тақырып » БҰЛ НЕ МАСҚАРА? БҰЛ БАССЫЗДЫҚ ПА, ЖАУЫЗДЫҚ ПА?

БҰЛ НЕ МАСҚАРА? БҰЛ БАССЫЗДЫҚ ПА, ЖАУЫЗДЫҚ ПА?

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мырзаға!
Шымкенттегі «Жұқпалы аурулар ауруханасында» дәрігерлердің қолымен жасалған оқыс жағдай

Құрметті, министр Е.Біртанов Мырза!
Біз сізге төменде аталған Шымкент қаласы, «Жұқпалы аурулар ауруханасында» орын алған адамның ақылына сыймайтын оқыс жағдайдың орын алуы бойынша баяндаймыз. Медицинаның атасы атанған ежелгі грек дәрігері, көне медицина реформаторы Гиппократ (Ἱπποκράτης) былай деген екен: «Өзінің өнерін зұлымдықтың өнеріне айналдыратын адамдар да болады немесе қарсы жағдайдағы емдеу ісі қарсы нәтижеге ұрындырады» – деген екен. Өзіңіз білетіндей, Гиппократ антын қабылдайтын әрбір дәрігер адамзаттың баласына, халыққа, еліне, азаматтар мен балалардың денсаулығы сырқаттанғанда адал қызмет етуге, мемлекетке де адал жұмыс жасауға ант береді. Олардың барлығы да сол қызметі үшін біз бен сіз мемлекетке төлеген салықтан өздеріне тиесілі жалақы алып отыр.
Менің сізге арнайы хат жазуыма төмендегідей оқыс жағдай себеп болды. 25.03.2019 күні менің туған бауырым Ерболат Саменовтың кіші ұлы Нұрислам Тасполат сырқаттанып жедел жәрдем арқылы Шымкент қалалық «Жұқпалы аурулар ауруханасына» түскен болатын. Денсаулығы қауіпті жағдайда болған жоқ, аздап құсып, мазасызданған еді. Арада аз уақыт өткеннен кейін ауруханада жатқан баланың денсаулығы қалыпты жағдайға келді. Аздап қана температурасы көтерілді. Кейіннен температурасы да қалпына келді. Қауіптенетін ешқандай да жағдай болған жоқ. Үш күн өткеннен кейін, яғни, 28.03.2019 күні балаға үлкен дәретін шығару бойынша сағат 15:30 да клизма жасалды. Нұрисламға клизма жасалғанда жанында анасы Арайнұр Қалмақан өзі болған. Адамның ойына келмейтін масқараның барлығы осы кезде орын алды. Сонда әлгі дәрігерлер баламыз Нұрисламға қайнаған сумен клизма жасап, ауыр жарақатқа тап қылды. Бала шырқырап жылағанда анасы Арайнұрдың аяғына қайнаға су тиіп кетеді. Баланың құйрығын күйік шалған. Қайнаған су ішке қарай өтіп кеткен. Үлкен дәреті шықпай, әлі шырқырап жылап жатыр. Оның орнына қан шығып жатыр. Біз оның барлығын бейнежазба мен фотоға түсіріп қойғанбыз. Дерек ретінде, дәлел ретінде қолымызда тұр. Кішкентай нәрестеге қайнаған сумен жасалған клизмадан кейін оның денсаулығы қайдан оңсын? Баламыз соңғы кезде қатты мазасынданып кетті. Жағдайы бұрынғыдай емес. Ата-анасы шыр-пыр болып жүгіріп жүр. Бізге де ауыр тиіп отыр. Білімі мен білігі бар қандай дәрігер осындай бассыздыққа барады? Осы жағдайға көз жұма қарау мүмкін бе? Көз жұма қарайды деп ойламасын. Жасы бірге енді келген нәрестені осыншама қорлағаны қалай? Сол адамдардың өздері қорланып қалатынымен жұмыстары жоқ па, әлде оларда бала жоқ па? Дипломның бәрін ақшамен сатып алып, жұмыс жасағанның жемісі осы шығар. Біз елімізді әлемнің дамыған, бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына қосамыз деп жатырмыз. Сонда осындай мамандар арқылы қалай өркениетті ел болмақпыз?! Сонда бұл «Жұқпалы аурулар ауруханасында» балаларды емдейтін емес, жарақаттайтын, өміріне қауіп төндіретін білімсіз, біліксіз дәрігерлер жұмыс жасап отырғаны айдан анық дүние.

Балаға клизма жасалғанда бөлмеде мынау дәрігерлер болған:

Бөлім меңгерушісі: Жәбікенова Гүлжан Даниярқызы
Орынбасары: Ағабаев Марат Алмаханбетұлы
Медбике: Байсақалова Әлия Шалдарбекқызы

Сонымен қатар, Нұрисламды өзге орынға жібереміз деген де сыбыстар шыға келді. Сонда бұл жауапкершіліктен қашу ма? Бұл жағдайды жасаған дәрігерлерден міндетті түрде жауап алынады. Ешқашан да жауаптан құтыла алмайды. Біз Шымкент қаласы, Еңбекші аудандық ішкі істер басқармасына арыз түсірдік. Ешқандай да жауап келген жоқ әлі де. Бір айдан кейін депті. Біз ешқашан да бір ай бойы күтпейміз. Осы жағдайды өзіңіз бақылауыңызға алыңыз деп әлеуметтік желіде «ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің» сайтына арнайы шығарып отырмыз. Біз сізден:

1. Нұрисламды Елордадағы «Ана мен бала» орталығына арнайы квотамен алдырып, ем-домына, денсаулығына қажетті шараларды жасауға көмек беруіңізді сұраймыз. Себебі, біз аталған ауруханадағы қызметкерлерге өте сенімсіздік білдіріп отырмыз. Баламыздың денсаулығына тағы да бір зиян келеді деген бізде қорқыныш бар;
2. Шымкент қаласы, «Жұқпалы аурулар ауруханасында» орын алған жағдайға байланысты балаға клизма жасаған дәрігерді, бөлім меңгерушісін, сонда болған қызметкерлердің бәріне қызметтік тексеріс жасауыңызды, оларды қатаң жауапкершілікке тартуыңызды сұраймыз;
3. Осы оқыс жағдайға байланысты, біліксіз, білімсіз, адам денсаулығына немқұрайлы қарайтын дәрігерлердің медицинаның жауапты орындарда жұмыс жасамауына қатаң ескертулер жасауыңызды сұраймыз;

Себебі, дәл осындай оқыс жағдайлардың қаншамасы көзден таса, жасырын күйінде қалуда. Қаншама ата-ананың зары ішінде. Мен оның денсаулық сақтау орындарында саны қанша екенін білмесем де, бар екенін білемін. Келесі жолы да нәрестелердің шырқырап қалмауы үшін, аналардың боздап қалмауы үшін осы жағдайды сізге арнайы жеткізіп, хабардар етіп, алдағы уақытта қайталанбайтынына сенім білдіремін. Осы оқыс жағдайды назарға алып, жан-жақты медициналық сараптама жасап, қолымен істегенін мойнымен көтеуге тиісті дәрігерлерді қатаң жауапқа тартауыңызды сұраймыз.

Мемлекет үшін де, адам үшін де ең бағалы байлық – адамның өмірі мен денсаулығы, балалардың амандығы. Бұл ҚР «Ата заңында» арнайы баппен көрсетілген. Сол себепті осындай біліксіз, білімсіз, келешек ұрпақтың денсаулығына зиян жасайтын дәрігерлердің ауруханаларда жұмыс жасауға ешқандай да хақысы жоқ. Бұған ел де қарсы. Бізге керегі баламыздың денсаулығы. Оның өмірі мен келешегі. Баламыздың денсаулығы ретке келмей, қолымен жасағандарын басымен көтермей, біз бұл істі аяқсыз қалдырмаймыз. Біз тергеп, тексеретін прокуратура, сот, құзырлы органдар арқылы жұмыс жасаймыз.

 

Бекболат Қаржан

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ДІНИ ИДЕОЛОГИЯЛАРДЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫСЫ

Қазақстанда сәләфилік идеологиялық ағымдардың сопылардан басымдығының кейбір ерекшелігіне тоқтала кетейік. Араб тіліндегі «сәләф» сөзі «алдыңғы ...