Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің 70 жасқа толған мерейтойына орай құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларын дамытуға және халықаралық аренадағы беделін ілгерілетуге Си Цзиньпиннің қосқан жеке үлесін жоғары бағалады.
Сондай-ақ, ол Қытай халқының игілігін қамтамасыз етуге бағытталған ҚХР Төрағасының бастамалары мен ауқымды реформаларының табысты жүзеге асырылуына тілектестік білдірді. Президент Қазақстанның екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін тағы да растады.
Біздің бірлескен күш-жігеріміз екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және Қазақстан мен Қытай арасындағы көпжақты серіктестікті сапалы жаңа деңгейге шығаруға толық ықпал ететініне сенімдімін, – деп жазылған жеделхатта.