Экс-президент Назарбаев Абайдағы өрттен қаза тапқан адамдардың отбасына көңіл айтты

1768
Adyrna.kz Telegram

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Абай облысындағы өрт салдарынан қаза тапқан адамдардың отбасына көңіл айтты, деп хабарлайды "Адырна" Назарбаевтың ресми сайтына сілтеп.

Онда "Абай облысындағы ауқымды өрт салдарынан орман шаруашылығының бірқатар жұмысшыларының қайғылы қазаға ұшырағаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдадым" делінген 11 маусымда жарияланған хабарламада.

"Қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын, зардап шеккендердің тез арада сауығып кетуін тілеймін. Қолға алынып жатқан шаралар арқылы бұл апат еңсеріледі деп сенемін",- деп тілегін білдірген Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұған дейін өрт аймағында 14 адам қаза тапқан. Тағы бір адамның хабар-ошарсыз кеткені хабарланған.

Еске салайық, соңғы мәліметтер бойынша, төтенше жағдай жарияланған Абай облысындағы орман өртінің аумағы 60 мың гектарды құрап, тұрғындар бірнеше елді мекеннен көшірілді. Өрттен шыққан түтін Жетісу өңірін басып үлгерді.

Оқиғалардан соң Юрий Ильин Төтенше жағдайлар министрі қызметінен босатылды. Оның орнына Сырым Шәріпханов тағайындалды. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа сөгіс жарияланды. Өртке байланысты қылмыстық іс қозғалып, оны арнайы прокурорлар тергеп жатыр.

11 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайтыс болған 14 адамның барлығын «Құрмет» орденімен марапаттады. 12 маусым Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Пікірлер