Бүгін ғана Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымына тағайындалған Динара Зәкиева қызметіне кірісіп үлгерді. Ол қызмет бабында қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің балаларымен кездесу үшін Абай облысына барады, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі.
Мемлекет басшысының өкімімен жаңа қызметке тағайындалған Динара Зәкиева Абай облысындағы алапаттан қайтыс болғандардың және эвакуациялау пункттеріндегі балалармен кездеспекші. Бұл ойы туралы жаңа уәкіл Facebook-тағы жеке парақшасында бөлісті:
«Бүгін Мемлекет басшысы мені Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне тағайындап, ең маңызды салада жұмыс істеуді тапсырды. Қасым-Жомарт Кемелұлының мұндай сенімі мен үшін үлкен жауапкершілік.
Бұл, ең алдымен, балаларды қорғау және отбасын қолдау саласындағы жағдайды жақсартуға мүмкіндік. Мен еліміздің балаларының өткір мәселелерін шешуде жүйелі өзгерістер енгізуге бар күш-жігерімді саламын.
Бүгін мен Абай облысына өрттен қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің балаларымен, сондай-ақ эвакуациялау пункттеріндегі балалармен кездесуге барамын.
Мемлекет басшысы өрттен зардап шеккен отбасыларға жәрдемақы тағайындау, балаларды оқыту бойынша нақты тапсырмалар берді. Балалық шақ бақытты және қауіпсіз болуы керек. Бұл менің басты ұстанымым», - деп жазды.
Сондай-ақ, Динара Зәкиева ұсыныстар мен кез келген сұрақтарды қабылдауға дайын екенін жеткізді. Тіпті, жазбада өзінің жеке WhatsApp нөмірін қалдырып, барлық хабарламаға жауап беретінін атап өтті.