Сайлау алдында халыққа берген уәделердің орындалуы тек бізге байланысты – Ерлан Қошанов

1607
Adyrna.kz Telegram

Бүгін «AMANAT» төрағасы Ерлан Қошанов Үкімет мүшелерінің қатысуымен Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясының кеңейтілген отырысын өткізді. Депутаттар 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасын бекітті.  Жиынды ашқан Ерлан Қошанов партияның барлық сайлауалды міндеттемесі адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға және олардың нақты әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталғанын атап өтті.

«Биыл алғаш рет Президентке Премьер-министрдің кандидатурасын «AMANAT» ұсынды және қазір партия мен Үкімет халық пен Мемлекет басшысының алдында жауапкершілігі ортақ. Алдағы үш жылдың бюджеті ерекше. Ол Президенттің сайлауалды бағдарламасы мен партияның электоральды уәделерін ескере отырып жасалды. Адамдар осы құжаттардың әр тармағының орындалуын күтіп отыр. Депутаттармен бірге әрбір министр мен әкім осы жұмыс үшін дербес саяси жауапты болады», - деді Ерлан Қошанов.

Бұдан соң күн тәртібі бойынша Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев сөз алды. Ол әзірленген Жол картасы азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және ішкі өндірісті дамытуға бағытталған 10 міндет бойынша 205 іс-шарадан тұратынына тоқталды.

«Сапалы тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру мақсатында барлық қаржыландыру көзі есебінен 78 млн. шаршы метрден астам жаңа тұрғын үй құрылысы қамтамасыз етіледі. 30 мыңға жуық апатты және тозығы жеткен тұрғын үй иелері жаңа баспанаға көшуге мүмкіндік алады. 2027 жылға қарай мектепке дейінгі ұйымдарда 300 мың жаңа орын ашылып, 2 жастан 6 жасқа дейінгі (өтініш бергендер санынан) балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 99%-ке дейін ұлғаяды. Алдағы жылдары жаңадан 1,5 млн. оқушы орны ашылып, шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда 3 мың мектеп жаңғыртылады. Сондай-ақ, 50 балалар сауықтыру лагерін құру жоспарлануда», - деді Е.Жамаубаев.

Өз кезегінде фракция жетекшісі «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев партияның сайлауалды уәделерін жүзеге асыру үшін қажет қаражаттың бәрі қарастырылғанын мәлімдеді. Ол сондай-ақ партияның өңірлік Жол карталарын жүзеге асыру бойынша бірқатар мысал келтірді. Атап айтқанда, 2027 жылға қарай Ақмола облысының Целиноград ауданында аудандық орталық аурухана салынады. 2024 жылы Жезқазған қаласында инсульт орталығы ашылады, Алматы облысында таяу бес жылда 63 мектеп салынады, ал Маңғыстау облысында 2027 жылға қарай ауыз су тапшылығы проблемасын шешу үшін 6 тұздан тазарту зауыты салынады.
Жиынды қорытындылай келе, «AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов партияның жол карталары нақты орындалу индикаторлары бар кешенді жоспар екенін атап өтті.

«Бұл құжатта барлық әлеуметтік топтың мүдделері ескерілген және ол әр өңірді, әр аудан мен ауылды қамтиды. Мәжілістегі және барлық деңгейдегі мәслихаттардағы партиямыздың депутаттары Жол карталарының жүзеге асырылуына, оның ішінде қаржыландыруға қатысты тұрақты бақылау жүргізуге тиіс. Сайлау алдында халыққа берген уәделердің орындалуы тек бізге байланысты»,- деп баса айтты партия Төрағасы.

Ерлан Қошанов соңғы сайлау науқаны барысында партияға азаматтардан 40 мыңға жуық талап-тілек келіп түскенін еске салды. Сайлаушылар дауыс берген «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасының негізі де – нақ осы азаматтардан келген өтініштер. Ол депутаттарды белсенді болуға және партия қабылдаған міндеттемелерді іске асыруға жан-жақты атсалысуға шақырды.

«Ауылда жұмыс істейтін жас дәрігерлерге 10 миллион теңге көлемінде көтерме жәрдемақы беру – біздің сайлауалды уәделеріміздің бірі. Бұл бастама барлық өңірде қолдау тапты. Бұл медицина мамандарының тапшылығы мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік береді. Осы уәдені тезірек іске асыру үшін депутаттар министрліктермен бірге айрықша бақылауға алып, істі соңына дейін жеткізу керек», - деді ол.

Фракция жиынының қорытындысында Ерлан Қошанов депутаттық корпустың жұмысын күшейтуге қатысты бірқатар нақты тапсырма берді. Атап айтқанда, сайлауалды уәделердің орындалуын бақылау үшін әрбір аманаттық депутатқа Жол картасының бірқатар тармағы бекітіледі. Жүйелі мониторинг жүргізу үшін партия мен Үкіметтің бірлескен штабы құрылып, ол тұрақты түрде жиналып тұрады. Сонымен қатар, фракция жылына бір рет Үкіметтің Жол картасын жүзеге асыру туралы есебін тыңдайды.

Пікірлер