Home » Басты тақырып » Қазақстанның екінші президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қызметіне кірісті

Қазақстанның екінші президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қызметіне кірісті

Бүгін, 20 наурызда Астанада парламенттің бірлескен отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты түрде ант берді.

20 наурыз түскі сағат 12:00-де басталған ант беру рәсіміне парламент депутаттары, үкімет мүшелері, биліктің өзге де тармақ өкілдерінен бөлек елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Оны парламент депутаттары орындарынан тұрып, ұзақ шапалақтап қарсы алды.

Осыдан соң Қазақстан парламенті сенатының төрағасы қызметін атқарған Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Ант беру рәсімі алдында конституциялық кеңес төрағасы Қайрат Мәми Ата заңның 42-бабына сәйкес, Тоқаевтың ант берген сәтінен бастап президент қызметіне кірісетінін айтты. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты түрде ант берді.

“Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін” деді Тоқаев.

Ел конституциясының 48-бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстан президентінің өкілеті мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілеті парламент сенатының төрағасына көшеді. Ол бұл қызметті жаңа президент сайланғанға дейін атқарады.

Қазақстан Конституциясына сәйкес, нақты жағдайда ел президенті өкілетін алған Қасым-Жомарт Тоқаев сенат төрағасы қызметінен босатылады.

Ант бергеннен кейін сөз алған Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың “мемлекет үшін сіңірген еңбегін” атап өтіп, мемлекет астанасына тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді ұсынды.

“Қазақстан астанасын Нұрсұлтан деп атауды ұсынамын” деді ол.

Елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана, 20 наурыз 2019 жыл.
Елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана, 20 наурыз 2019 жыл.

Бұған қоса Тоқаев тұңғыш президенттің құрметіне ел астанасында монумент орнатуды, “барлық облыстардағы басты көшелерге Нұрсұлтан Назарбаевтың атын беру туралы” ұсыныс айтты.

Президент қызметіне кіріскен Тоқаев алғашқы жарлығымен Нұрсұлтан Назарбаевқа “Халық қаһарманы” атағын беріп, “Алтын қыран” орденін тапсырды. Ол Нұрсұлтан Назарбаевты “саяси ұстазым” деп атап, алғыс білдірді. Ол сөз арасында елдегі биліктің “қақтығыссыз бейбіт жолмен ауысып жатқанын” атап өтті.

19 наурызда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев республикалық телеарналардан халыққа үндеу жасап, президенттік өкілетін тоқтататынын мәлімдеді.

Назарбаев үндеу жасап жатқанда қол қойған “Қазақстан Республикасы президентінің өкілетін атқару туралы” жарлыққа сәйкес, оның президенттік өкілеті 20 наурызда тоқтатылды.

65 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаев 90-шы жылдардың соңы 2000-ші жылдар басында Қазақстанның сыртқы істер министрі, премьер-министрі болды. Женевадағы БҰҰ өкілдігінде түрлі қызмет атқарды. Қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде сөйлейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев кім? (19.03.2019 жыл).

АҚШ ЖӘНЕ ЕУРООДАҚ РЕАКЦИЯСЫ

АҚШ мемлекеттік департаменті 19 наурызда АҚШ-тың Қазақстанмен “тұрақты” байланысы Назарбаев отставкасынан кейін де жалғаса береді деп мәлімдеді. “АҚШ және Қазақстан тығыз екіжақты қарым-қатынасты қолдайды, оған өткен жылы президент [Дональд] Трамп пен президент Назарбаевтың тарихи кездесуі дәлел. Бұл импульс әрі қарай да жалғаса береді деп күтеміз” деді АҚШ мемлекеттік департамент өкілі сейсенбі күні.

Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылы қаңтар айында АҚШ-қа ресми сапармен барған. АҚШ-тағы кездесулер негізінен аймақ қауіпсіздігі, экономикалық мәселелер және екіжақты қарым-қатынасты дамытуға арналған.

Еуропа Одағының (ЕО) сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Федерика Могерини Назарбаевтың “реформа жүргізу” және “аймақтық, әлемдік деңгейде бейбітшілік, тұрақтылық және қауіпсіздікке ерекше бағытталған әріптестікті дамытудағы маңызды рөлін” жоғары атап өткен.

“Біз ауысудың Қазақстан Конституциясына сәйкес бірқалыпты өткенін қалаймыз” деді баспасөз хатшысы Майя Косьянчич.

Қазақстан президентінің баспасөз қызметі Назарбаевтың президент өкілетін тоқтататыны жайлы шешімді Ресей президенті Владимир Путинмен талқылағанын хабарлап, екі ел жетекшілерінің “болашақта тұрақты байланысты жалғастыру туралы” келіскенін мәлімдеді.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Ресей бізге бәсекелес пе немесе Еуразиялық одаққа тықыр таянды

Ресей ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау федералдық қызметі (Россельхознадзор) Қазақстанның бес кәсіпорнының өніміне уақытша шектеу қойды.  Ал ...