Қазақстан Байқоңырды жалға алу құнын көтере ме?

2265
Adyrna.kz Telegram
Фото: el.kz
Фото: el.kz

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков "Байқоңыр" ғарыш айлағын жалға беру елімізге қаншалықты тиімді екенін айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Сенат отырысының аясында журналистер цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабековтен “Қазақстан Байқоңырды жалдау шартын неғұрлым тиімді шарттармен қайта қарауға ниетті ме” деп сұрады. Өйткені алдыңғы шарт 50 жыл бұрын жасалған болатын.

"Байқоңыр" ғарыш айлағында кеңестік кезеңнен қалған ұшыру алаңдары бар. Ұшыру кешендерінің өзі нақты үлгідегі зымыран тасығыштарға арналған. Сондықтан онда арнаулы зымыран тасығыштар пайдаланылып келеді. Оларды басқа мақсаттарда пайдаланудың балама бағыттары жоқ, яғни техникалық тұрғыда мүмкін емес", - деді Мәлік Олжабаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Осы орайда ол жалға алу шарты бірнеше рет ұзартылғанын еске салды.

"Бұл бағытта тиімді жобалар бар. Оның ішінде ғарыш айлағы қызметіне мамандарымызды жұмылдыру ескерілген. Сонымен қатар, зымыран тасығыш ұшырылғаннан кейін, экологиялық жағдайға бақылау жасауға ерекше мән беріліп отыр. Осы тұрғыда біз екіжақты өзара тиімді ынтымақтастық аясындағы қарым-қатынасымызды тереңдетіп жатырмыз", - деді вице-министр.

Сондай-ақ, баға доллармен есептелетінін де айта кетті.

"Ғарыш айлағын жалға беру құны жылына 115 миллион долларды құрап отыр. Егер инфляция туралы айтатын болсақ, бұл төлем доллармен есептеледі. Ал ұлттық валютада болса да, қазіргі бағам бойынша есептеліп отырады. Теңгедегі баға 1994 жылдан бері айтарлықтай өсті", - деді Мәлік Олжабеков.

Пікірлер