Жаңа заң. Электросамокат айдаушылардың жүргізуші куәлігі болуы тиіс

1854
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Мәжіліс депутаттары «Кейбір заңнамалық актілерге жол қозғалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Бұл құжат бойынша электросамокаттар көлік ретінде танылды, - деп хабарлайды "Адырна" порталы.

Электр скутерлерінің қозғалысын реттеуге арналған түзетулердің бірінші пакетіне сәйкес, олардың қатарында жылдамдығы сағатына 25 шақырымға дейін жететін көліктер бар.

Электросамокаттар велосипед жолдары мен жол жиектерінде, тротуарларда – жаяу жүргіншілер ағынының жылдамдығымен сағатына 6 километрден аспайтын жылдамдықпен шектеусіз қозғала алады.

"Электросамокаттарды жолдың жүріс бөлігінің шеткі оң жақ жолағымен, нақтырақ айтсақ бір қатардағы автобус жолағымен жүргізуге рұқсат етіледі. Алайда, бұл үшін жүргізуші 18 жаста болуы керек, ол бекітілетін дулыға мен жарық сәулесін түсіретін киім киюі және кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы тиіс», - делінген заң жобасында.

Электросамокатпен жүктер мен жолаушыларды тасымалдауға тыйым салынады.

Осы түзетулермен таныстырған депутат Екатерина Смышляева атап өткендей, оларға жаңа көліктердің – электроскутерлердің, гироскутерлердің, мотоциклдердің қозғалысын реттеу бойынша азаматтардан үнемі өтініштер түсіп отырады. Бұл мәселе әсіресе ірі қалалар үшін өзекті.

"Көлік жолы және жаяу жүргіншілер жолында электросамокаттардың қозғалысы жаяу жүргіншілер мен жүргізушілер үшін қауіпті. Заң жобасы осыдан екі жыл бұрын әзірленген. Алайда электросамокаттардың техникалық регламенті 2022 жылдың шілдесінде ғана қабылданған болатын", - деп түсіндірді Смышляева.

Сондай-ақ, депутаттың айтуынша, олар әкімдіктердің қала кеңістігін жоспарлауға қатысуын, серіктестіктердің жауапкершілігін және көліктің жаңа түрін тіркеуді қамтамасыз ету үшін реттеу құралдарының екінші пакетін дайындауға кіріскен.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер