«Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» кәсіпорнының бас директоры Ербол Сәлімов еліміздің әскери техникалармен жабдықталуына көңілі толмайтынын айтты, деп хабарлайды "Адырна". Бұл туралы журналист Назира Дәрімбет өзінің Facebook желісінде жазды.
Назира Дәрімбет өз жазбасында «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» кәсіпорнында ашық есік күні өтіп, онда зауыттың бас директоры Ербол Сәлімовтың отандық әскери техникаларға қатысты айтқан пікірімен бөлісті.
Сәлімовтың айтуынша, еліміз әлі күнге дейін әскери техниканы шет елден алуға мәжбүр. Қорғаныс министрлері өз сайсаттарын орнатып, бірі Ресейден, бірі Қытайдан техника алдыруды бұйырса, бүгінде Түркия елінің техникасын алып отырғанымызды айтқан:
"Түрік көліктер бағасы 60 пайызға қымбат біздікінен, жүз миллион долларға дейін барады. Біздің өнімнің сапасы олардан кем емес. Сонда патриотизм қайда қалды, отандық өндірушіні қолдаймыз дегендері қайда? Неге біз шетелге кеткен ақшаны өз экономикамызға салмаймыз? Оны ішінде жұмыс орындар, жалақы, салық бар емес пе. Ел абыройын айтпағанда..." деді ол.
Сондай-ақ, жазба авторы өз пікірін қосып:
"Шенеуніктердің жасап отырған барып тұрған қастандық емес пе? Сөзбен патриот болайық, Отан жанашыры болайық деп үнемі айтылады жоғары мінберлерден, алайда іске келгенде басқа боп шығады. Сол ашық есік күні зауытта жастар болды, оларға біз патриотизм үлгісін көрсету керекпіз ғой" деп түрте кетті.