Қырымның орнына - Түркия. "Жаздым, жаңылдым" деген алматылық депутат өз өкілетін тоқтататынын жариялады

4144
Adyrna.kz Telegram
Amanat партиясының Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров әлеуметтік желіде Украина басшының саяси ұстанымдарына қатысты пікір білдіріп, елдің назарына түскен депутат Анна Башинскаяның жазғанына жеке тоқталды. Кейін алматылық депутат Анна Башинская өз өкілетін тоқтататынын жариялады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Бұқаралық ақпарат құралдарының бірінің жазбасына жазған түсініктемесінде алматылық депутат "алыстан орағытып": "Одан да Түркияға, Зеленский мырза! Ол жақта жыл он екі ай күн жылы" деп жазған еді.

"Анна Башинскаяның бұл пікірі партияның көзқарасын білдірмейді. Amanat партиясы өзге елдердің саясатына араласпайды", – деп жазды Станислав Канкуров Facebook парақшасында.

Amanat партиясының Алматы қалалық филиалының төрағасы айтуынша, Анна Башинская бұл пікірі үшін кешірім сұраған. Сонымен қатар, депутаттың пікірі әлі де қаралып, тиісті жазасын алатыны да айтылды.

"Дегенмен айтылған сөздің ауыртпалығы мен оның саяси астарын ескере отырып, бұл мәселені партия бей-жай қалдырмайды. Мәселені тез арада партияның тиісті құрылымдарында қарастыратын боламыз. Әрбір жергілікті мәслихат депутаты өзі тұрып жатқан мемлекеттің мүддесін басты орынға қоюға тиіс", - Станислав Канкуров

Көп ұзамай депутаттың өзі "жаздым, жаңылдым" деп, халықтан кешірім сұраған болды. Депутаттық қызметмен саналы түрде қош айтысатынын мәлімдеді.

"Құрметті достар! Өзімнің парықсыз іс-әрекетім арқылы еліміздің бейбітшіл ұстанымдарына, сұңғыла саясатына күл шашқым келмейді.

Соңғы күндері шақшадай басым шарадай болды. Мені айыптағандарды жақсы түсінемін.

Қазіргі аласапыран шақта менің бұлай көсілуімнің дұрыс емес екенін тағы да қайталап айтамын. Қоғамды қиын жағдайда қалдырдым.

Осы әрекетіммен партияның ұстанымдарын жік-жікке бөлдім. Барлық әрекетімді елеп-екшеп, депутаттық қызметтен кететінімді хабарлағым келеді", - деді депутат Анна Башинская.

Осылайша депутат Қазақстан халқынан және партия мүшелерінен кешірім сұрап, өз өкілетін тоқтататынын жариялады.

"Адырна" ұлттық партиясы

Пікірлер