Жуырда Қазақстан халық партиясы Төрағасы орынбасары Серікқали Мұқашев өзінің басшысы Ермұхамед Ертісбаевқа қатысты әлеуметтік желіде атышулы жазба жариялады.
Серікқали Мұқашев өз жазбасында Ермұхамет Ертісбаевқа сенімсіздік білдіріп, партия төрағасын қайта сайлау туралы мәселе көтермекші болғанын мәлімдеді.
Adyrna.kz ұлттық порталы партияның баспасөз қызметіне хабарласып, мән-жайды білгісі келген. Алайда ҚХП даулы оқиғаға байланысты ләм-мим демеді.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ҚХП атынан Мәжіліс депутаты болған Ислам Сұңғатқа Ермұхамет Ертісбаевқа қатысты сұрақ қойдық. Жас депутат мандатқа қол жеткізген басшысына қатысты сұраққа сақ жауап берді.
– Серікқали Мұқашев әлеуметтік желіде партияның ішіндегі алауыздық туралы мәселе көтерді. Бұл мәселемен таныссыз ба?
– Қандай алауыздық туралы айтып жатырсыз? Партияда ешқандай келіспеушілік жоқ.
– Серікқали Мұқашев жалған ақпарат таратып жатыр ма?
– Ол нақты не нәрсе айтып жатқанын білмеймін. Партиядағы кез келген шешім коллегиальдық органда шешіледі. Демократиялық централизм шеңберінде жасалып жатыр.
– Мұқашевтың жазбасын оқымадыңыз ба?
– Ол мәтінмен толықтай танысқаным жоқ. Не себепті ондай пікір жазып жатқанын білмеймін. Ол оның субективті пікірі болуы мүмкін. Кез келген шешім партиялық ұйым болғандықтан демократиялық централизмге негізделеді. Бір адамның жеке ойына бағынбауы тиіс.
– Серікқали Мұқашев партия төрағасының іштегі тәртіпті бұзып жатқаны туралы жазды. Жалпы Ертісбаевтың партиядағы рөліне қатысты сіз не айтасыз?
– Жалпы өзім партия қатарында 7 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Нақтырақ айтсам жиырма бір жасымнан бері партияда еңбек етіп жатырмын. Орталық аппаратқа бір жарым жыл бұрын жұмысқа келдім. Жалпы қазір ҚХП болып жатқан өзгерістер партияның танымалдығы мен іші жұмыстарына оң әсерін тигізуде.
– Партиядан Жамбыл Ахметбеков, Ғазиз Құлахметов секілді азаматтар кетті. Партияның ішінде алауыздық бар секілді...
– Олардың нақты қандай себеппен кеткенін мен білмеймін. Бірақ оларды ешкім қудалаған жоқ, керісінше жұмысқа шақырылды. Бәрі ашық түрде жұмыс істеп жатыр.
– Серікқали Мұқашевтың жазуынша, Ертісбаев «Мені Қасым-Жомарт Тоқаев тағайындады» деп айтатын көрінеді. Бұл сөз қаншалықты қисынды?
– Төрағаны демократиялық централизмге сай съездің жұмыс барысында делегаттар сайлады.
– Серікқали Мұқашевтың жазбасынан кейін партияда қандайда бір өзгеріс бола ма? Нақтырақ айтсақ Ертісбаев төрағалықтан кете ме?
– Егер мұндай мәселе көтерілетін болса, демократиялық централизмге байланысты бұл сұрақ қарастырылады. Бұл бір адамның айтқанына байланысты емес, ұжымдық деңгейде шешіледі. Яғни, көпшілік дауыспен шешім қабылданатын болады. Бірақ қазіргі таңда партиямыздың саяси кеңес мүшелері мен бюро мүшелері мұндай мәселе көтеріп отырған жоқ.
– Ертісбаев партияны қалай басқарып отыр деп ойлайсыз?
– Менің ойымша, Ертісбаевтың арқасында партия халық арасында танылып келе жатыр. Мысалы бізге көптеген қандастар қосылып жатыр. Одан бөдек профсоюз, шахтерлар қосылды. Бұл кісінің тәжірибесіне сай бізді халықтың ішінен шыққан ауқымды әлеуметтік топтар қолдап жатыр. Бұл оның жұмысының көрсеткіштерінің бірі деп есептеймін. Мен өз басым Ертісбаевтың зиянын көріп жатқан жоқпын.
Серік Жолдасбай
"Адырна" ұлттық порталы