Елена Рыбакина Майами мастерс турнирінің финалында жеңіліс тапты

3078
Adyrna.kz Telegram
Фото:Twitter/TheTennisLetter
Фото:Twitter/TheTennisLetter

Қазақстанның бірінші, әлемнің жетінші ракеткасы Елена Рыбакина Майами WTA 1000 турнирінің финалында қарсыласына есе жіберді, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі.

Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 12-ракеткасы, чехиялық Петра Квитовамен кездескен. Қарсыластар осыған дейін екі мәрте кездесіп, бір-бірден жеңіске жеткен еді.

Бұл жолы бірінші партияда есеп 4:4 болған мезетте чехиялық теннисші брейк жасап кеткенімен, Елена сол бойда таразы басын теңестірді – 5:5. Аса тартысты өткен тай-брейкте ол бес сет-пойнтты пайдалана алмады – 6:7 (14:16). Бір сағат 6 минутқа созылған бірінші сеттің өзінде Рыбакина 10 эйс жасап үлгерді.

Екінші сетте Квитова брейкпен алға кетті – 2:0. Ақыры ол матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:2.

Осылайша, Елена Рыбакина Майами мастерс жарысының финалында жеңіліс тапты.

1 сағат 42 минутқа  созылған бәсеке барысында қазақстандық теннисші 12 эйс жасап, 2 брейк-пойнттың біреуін өз есебіне жазды. Қарсыласы 5 эйс, 3 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.

Пікірлер