Жаһандану: Диджитал қоғам қалыптастырудың тарихи-cаяси маңызы

2833
Adyrna.kz Telegram

Заман қалыбы айғақталып, қоғамдағы техникалық, гуманитарлық, шығармашылық салалардың жай-жапсары айқындала түскелі – адамзат баласы көптеген технологиялық, әдеби-мәдени, ғылыми-өндірістік процестерді басынан өткерді. Даму үрдісінің жиырма бірінші ғасырға аяқ басуы да дәуір перзентеріне осыдан 100 жыл жыл бұрын ешкімнің ойына келмеген түрлі қызықтарды ұсынып, көптеген жаңа мүмкіндіктерді сыйлады.

Арбамен көшіп, ат мінген бабаларымыз және тынымсыз қажыр мен еңбекті өмірімізге негіз ете білген біздің арамыздағы айырмашылықтың алыстап  кеткені сонша –  барлық атқарылар, атқарылған істердің кілтипаны бір құрылғы немесе бір тетіктің ғана көмегімен шешіліп жүргендігін жиі байқап жүрміз. Сондықтан да болар, адамзат өркениетінің даму заңдылықтарына зер сала қарап отырып-ақ, даусыз бір нақтылығы бар шындыққа көз жеткізуге болады, ол шындықтың мазмұны – қай дәуір болса да өз тұрғындарының алдына белгілі бір дәрежеде мақсат, міндет жүктейтіндігінде жатыр. Ал, ол міндеттің жаңадан қалыптасқан, ілгері жылжылған, ақыл-ой, тарихи-сана, әлеуметтік мүмкіндік, рухани-жаратылыстық талаптан туындайтыны белгілі. Қарастырылып отырған мәселеге ғылыми-шығармашылық тұрғысынан келсек, бұл талаптың журналистиканы  да айналып өтпегендігін байқаймыз.

Заман өрісінің тамырын басып, қарқыны – зымыран, ұшақ жылдамдығымен селбескен мамандық әуелгіде тасқа қашалды, адам баласы өзара, бірімен-бірі пиктографиядағы ақпарат арқылы тілдесіп, коммуникацияны айталықтай биік деңгейге жеткізді, алғашқы ақпараттың «аталары» ауыздан ауызға тарады, халық информация арқылы жеңіл түсінісе бастады, жеткізбек ойлары мен естімек ым, ишара, тілдесу контенттерін оңай қабылдады. Одан әрмен жазу пайда болып,  ақпараттың тамырына қан бітті.

Ел мен ел, жер мен жерді жазуға таңылған ақпар жалғап жатты. Әсіресе, жазу мен коммуникация құралы – тілге таңылған ақпарат көшпенділердің тұрмысындағы маңызды ерекше болды. Уақыт арғымағы тағы да бір рет алдыға қарай қарғығанда газет пен журнал ақпарат тілінде сөйледі. Сұраныстан туған қажеттілік бойынша ақпарат сан тарамдалып, жанрлық сипатқа ие бола бастады. Алғаш басылым беттерінде жарық көрген ақпарат – қалың оқырманның рухани қажеттіліктерін өтеп, өзінің «қоғамдық пікір туғызу» миссиясын  мүмкіндігінше адал атқарды. Қазақтың біртуар перзенттері, Алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Мұхаммеджан Сералин т.б. тұлғалар осы аталған санатта халқы үшін аянбай тер төкті.

Жиырмасыншы ғасырдың бірінші ширегінде ақпарат әлеміне – радио мен телевизия ұғымы батыл аяқ басып, алғашқы радиостанциялардан тараған радиопублицистикалық ақпарлар тыңдармандарға айтарлықтай әсет етті. Жұрт күнделікті қосындарындағы алып микрофонға үңіліп, одан берілетін ақпаратты асыға күтетін болды. Ақпарат таратудың бұл әдісі – әлемдік маңызға ие болған, көптеген ұрпаққа қайғы мен қасірет әкелген ұрыстар мен дүниежүзілік соғыстарда айрықша қызмет атқарып, адамзат баласының «дәуір үнжариясына» айналды.

Телевизия толқынынан тараған бейне-ақпарат та аудиторияның қажеттілігін өтеп, әрбір шаңырақтың төрінде мығым орныққан қорап-тетікке айналды. Ал электронды есептеуіш машиналасы – компюьтердің пайда болуы журналистикаға электронды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабар тарату мүмкіндігін сыйлап, қоғамдық журналистика мен азаматтық журналистика биік деңгейге көтерді.  Сан-салалы, көкейкесті мәселелерді қоғамға жеткізуде бұқаралық коммуникация құралдарының ішінде қазіргі таңда жетекші орынға интернет ие болды. Ғаламтордың бірқатар коммуникация мен ақпараттық ерекшеліктеріне байланысты интернетке сүйене отыра жаңа бұқаралық ақпарат құралының түрі интернет-БАҚ дүниеге келді. Электронды БАҚ дәстүрлі БАҚ үшін үлкен жаңалық болды. Бұл сала аудиторияға, оның талғамына  деген таласты күшейтті. Негізі, электронды БАҚ қазақ журналистикасының дамуына да  өлшеусіз үлес қосуда.

Дегенмен, электронды БАҚ – үлкен ғылыми ізденісті қажет ететін сала. Оны зерделеп қарасақ,  дәстүрлі БАҚ-тан айырмашылығы бірден көзге анық байқалды. Ол ақпаратты тарату оперативтілігі мен интерактивтілігі арқылы айқындалады. Сондықтан көптеген елдердің ғалымдары жаңа бұқаралық ақпарат құралын зерттеу нысаны ретінде қарастырып отыр.  Интернет-БАҚ-тың алғашқы нұсқасы, 1987 жылы АҚШ-та пайда болған. «The San Jose Mercury News» газеті тұңғыш рет көпшілік қауымға электронды нұсқасынмен жарияланды. Қазіргі таңда, АҚШ-тағы күнделікті басылымдардың тиражы жарты жылда қазан айынан наурыз айына дейінгі аралықта – 2,5%, ал апталық газеттердің тиражы – 3,1% азайған. Бұл керісінше, онлайн БАҚ-ns4 күннен-күнге қарқынды түрде дамып отырғандығын көрсетеді. Бұл жайтқа қатысты сауалнаманы сауалнаманы Американың газет ассоциациясы (Newspaper Association of America, NAA) 770 күнделікті, 610 апталық газеттері бойынша жүргізіледі. Ассоциация мәліметтеріне сүйенсек, АҚШ-та газет сайттарын пайдаланушылар тоқсан ішінде 56 млн. немесе интернетке кіретін адамдардың 37%-ын құраған .

Ал, Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 2016-2017 жылдардағы  ақпараты бойынша, елімізде ғаламтор пайдаланушылар саны халықтың 72,9 %-ын құрайды.  Бұл нәтиже робототехника саласының электронды сипат алып,  аудиторияға қызмет ету бағыттары байынша осы кеңістіктің оған аса оңтайлы екендігін көрсетеді. Ұлттық саясатты нығайтуда техниканың бірінші орынға түбегейлі шығуы үшін – мультимедиа құралдарын да еркін меңгерген дұрыс. Сонда жалпы адамзаттың робототехниканы игеру мүмкіндіктері артады. Ол қоғам мүддесіне заман талабына лайықты жауап қата бастайды. Міне, осы хронологиялық ретпен  жоғарыдағы келтірілген тарихи-теориялық деректер – азаматтық, халықтық, ұлттық мүддедегі мамандықтың бүгінге техникалық келбетімен танытып, реалды қажеттіліктерді өтеу түрінде көрініс тапты. Құрылғы меңгерген, жеткізген, талдаған, бейтарап ақпарат – әлемнің бірыңғай даму жолындағы мемлекетіміздің өзіндік орнын айқындайды,  ақпараттық сауаттылық, әлеуметтік пікір мен қоғамдық медиаалаңдағы оның мүмкіндіктерін байытады.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер