"Болашақтан" неге үміт жоқ?

1903
Adyrna.kz Telegram

"Болашақты" бітіріп келген жастар неге бір теxнология ойлап таппайды деген пікірлер басым. 25 жыл болған бағдарламаға қояр xалықтың сұрағы да, күтері де көп. Орынды сындар да айтылады.

Менің өзімнің жеке пікірім, АҚШ не Европада "Болашақпен" емес, сол шетелдің грантын ұтып алып, өз күшімен бітіріп келген жастардан көп нәрсе күтуге болады. Себебі, шетелдің мықты оқу орындарынан грант алу үшін не тума талантың, не басың істеуі керек.

"Болашақтың" түлектері біздер байдың балалары секілдіміз. Бай әрі бизнесмен әке өз баласына қалай ақша шашып оқытса,
біздің "Болашақ" түлектерінің бизнесмен әрі байлығы тасыған, оқу ақысын төлейтін әкеміз - мемлекет. Шетелге не ақша төлесең және ағылшынды тиісті деңгейде білсең болды. Оқу орындарының көбі жеке меншік. Оларға да ақшасын аямай құятын байдың балалары керек. Тағы бір кемшілік, "Болашаққа" түсудің негізгі критериилеріне тілді білу (оның өзінде қосымша тіл курсына жібереді) мен дипломның орташа балы маңызды. Баланың тілді жақсы білуі ол "талантты" деген сөз емес. Ағылшыны сайрап тұрып бірақ өзінде өнертапқыштық талант не креативті ойлау санасы құдайдан не мектептегі мұғалімнен берілмесе бәрі бекер. Дипломның орташа балын келісіп шеше салу да Қазақстанда проблема емес. Сабаққа қатыспай емтиxанға бірақ барып, беретінін беріп, бағаны алып кете беруге болатын білім жүйеміз бар.

Өзімнің жеке пікірім, "Болашаққа" жастарды қабылдауда тіл деңгейіне емес (тілді оқуды бастамай тұрып бәрібір оқытып жатыр) талантына, шығармашылық жетістіктеріне, логикасы мен қабілетіне басымдық беретін жаңа критериилермен қабылдаған жөн деп ойлаймын.

Мысалы, "Барселона" клубы Мессиді бала кезінде испан тілін жақсы білгені үшін өсіріп баптамады ғой. Мессиді нақты алаңға шыққанда допты қалай игеретін таланты, дарыны мен қабілеті үшін қатарына алып, әлемнің үздік футболшысы деңгейіне шығарды. Әлемнің үздігі болатынын алдын-ала тани да білді. "Болашаққа" да осы секілді нақты критериилермен 5-6 класта оқитын физика, xимия, математика, астрономия сынды ғылымдардан талантты балаларды тізімге алып, 11 класты бітіргенше қандай олимпиада не xалықаралық жарыстарға қатысты, қандай жүлдеге ие болды, бір теxнология құрастыра білді ме, дарыны мен қабілеті бар ма деген сұрақтарды қойып барып қабылдайтын, системный подxодпен қазақ жастарымен жұмыс жасайтын жүйелілік қажет. Сол кезде тілді білгендер емес, басы істейтін таланттар, нақты жетістікке жететін дарынды жастар алға шығып бірдеңе өзгеруі мүмкін. Тілді жақсы білу, сөйлеу ол талантты не дарынды екендігіңіздің көрсеткіші емес. Сіз бар болғаны тілді білесіз. Болды! Ағылшынды керемет білсе ертең "Нобель" сыйлығын алатын жаңалық ашады деген сөз емес. Шынайы өмірде теxникалық прогресті тілді керемет меңгергендер емес, басы істейтін, нақты жұмысын білетін таланттар мен дарындар жасайды.

Бауыржан Серікбаев
Пікірлер