NIS түлектері мектепке қайта оралды

2546
Adyrna.kz Telegram

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Samgau» түлектер форумы өтті. 

Alumni NIS бірлестігі ұйымдастырған шараның басты мақсаты түлектер мен оқушылар арасында байланыс орнатып, Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушыларының кәсіби дамуына үлес қосу. Форум Астана, Алматы, Шымкент, Павлодар, Тараз, Ақтау, Өскемен, Семей, Қостанай, Атырау, Қызылорда қаласындағы NIS мектептерінде өтті.

Форумның ашылу салтанатында Alumni NIS президенті Жанель Сабденова «Giving» концепциясына тоқталып, оқушылар мен түлектерге оның маңыздылығын түсіндірді. 

Ақтаудағы NIS-тің  алғашқы түлектері де бұл шарадан тыс қалмады. 2017 жылы Зияткерлік мектеп түлегі атанған Есет Сидешов «Samgau» түлектер форумына қатысып, мектепке деген сағынышын жеткізді.

“Сүйікті Назарбаев Зияткерлік мектебімнің түлегі атанғаныма 5 жыл болыпты. Мектептен алған білімімен Қазақстандағы үздік университеттің түлегі атандым. Бүгін түлектер форумы арқасында мектепке қайта оралып, тәлім берген ұстаздарыммен қауышқаныма қуаныштымын”,- дейді 2017 жылғы түлегі Есет Сидешов 

Есет мектептің алғашқы түлектерінің бірі, әрі  өзін өзі басқару ұйымының тұңғыш президенті болған үздік оқушы. Ол 2021 жылы Қазақстан-Британ техникалық университетін аяқтап, қазіргі таңда Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде магистратурада білім алып жатыр.

Форумға қатысқан түлектер арасында шетелде білім алып жатқан студенттер де бар. Солардың бірі Ақтаудағы NIS-тің 2022 жылғы түлегі Әмина Шайдуллина. Әмина қазіргі таңда Швейцариядағы Франклин университетінде білім алып жатыр.  

“Назарбаев Зияткерлік мектебі маған шетелде білім алуыма мүмкіндік берді. Сондықтан ендігі кезек бізге келген секілді. «Samgau» форумының аясында бүгін Франклин университетінде алып жатқан білімімен, шетелге оқуға тапсырудағы тәжірибеммен оқушылармен бөлістім”, - дейді Әмина

Айта кетейік, Әмина Шайдуллина мектеп тарихында швейцариялық университеттің шәкіртақысына ие болған алғашқы студент.

«Samgau» форумының бағдарламасына сәйкес түлектер әр түрлі сала бойынша сессиялар жүргізді. Сессияда оқуға түсумен қатар мамандық пен университетті таңдаудағы тәжірибелерімен бөлісті. Шара соңында зияткерлер мен түлектер арасында волейболдан жолдастық кездесу өтті. 

Пікірлер